Ақтаулық дәрігерлер еңбек ардагерін мерекемен құттықтады
Курс валют в Актау
на 25/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
25 Апреля, 21:28
Вход |Регистрация
Главное » Новости рыночной экономики

Ақтаулық дәрігерлер еңбек ардагерін мерекемен құттықтады

6 Мая 2014 (04:42) | 2740 | Автор: Редакция

 

Облыс орталығында Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында ардагерлерді құттықтау шарасы кең көлемде жүріп жатқаны белгілі. Осындай игі бастаманың куәсі болдық.

 

Аймақтың денсаулықсақтау саласында 30 жыл жемісті еңбек еткен, тылдағы еңбек майданының ардагері дәрігер Анна Сергейқызы Мандрикованы Облыстық денсаулықсақтау басқармасының атынан №2 Ақтау қалалық емханасының бас дәрігері Төлегенов Бектібай Жаңабергенұлы үйіне арнайы барып, қызу құттықтады.

 

Ардагер-дәрігер әріптесін құттықтауға келген емхана басшысы зейнеткерге гүл шоғын ұсынып тұрып, облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Анна Сергейқызына алғысын білдіріп, мықты денсаулық пен отбасына бақыт, жақсылық, шаттық тіледі.

 

Мәскеу қаласында дүниеге келіп, сұрапыл соғыс кезінде әскери госпитальда санитарка болып еңбек еткен Анна Сергейқызы 1944 жылы Москва медицина институтына оқуға түскен. Таңертеңгі 8-ден түскі 12-ге дейін институттағы сабағын оқыған ол кешкі бес пен тоғыздың аралығында күнбе-күн әскери госпитальда кезекшілікте болып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіпті.

 

Анна Сергейқызы өзі туралы әңгімелеген кезде: «Бомба жарылысынан көз ашпаған Мәскеудің қақ ортасында тұрдық. Жоғарғы оқу орнында бізді-болашақ дәрігерлерді майданға әкету мақсатымен қысқартылған оқу бағдарламасымен дайындады. Алайда, Құдайға шүкір, майданға кетіп үлгермедік.

 

Менің жолдасым майдангер болатын. Ол кісі осыдан 5 жыл бұрын өмірден озды. Қазір мұғалім болып еңбек еткен қызым екеуміз бірге тұрамыз. Менің барлық туыстарым, балам, немере-шөберелерім бәрі Мәскеуде тұрады, өзім де сол қаланың тумасы болсам да, мен өзімнің екінші Отаныма айналған Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Себебі бұл елді өте жақсы көремін.

 

Медициналық институтты тамамдаған соң мені Қиыр Шығысқа жолдамамен қызметке жіберді. Сол жақта 12 жыл еңбек еттім. 1962 жылы жолдасым екеуміз осында Маңғыстауға келдік. Ол кезде өлке жаңадан игеріліп жатқан кез болатын.

 

Мен осында 30 жыл бойына учаскелік дәрігер болып қызмет еттім. МАЭК кәсіпорынында, УПП, 4 автобаза және т.б. мекемелер қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсеттік. Ақтау қаласының 7 шағынауданындағы емханада дермато-венерологиялық бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым.

Екі жыл бойы 1-шағынауданда емхана меңгерушісі болдым. Алайда менің орным-дәрігер болу деген шешіммен, қайтадан өз орныма сұрандым, себебі өзімнің басты міндетім-адамдарға көмек беру деп ұқтым»,-деді.

 

Медицина саласындағы 42 жылғы жемісті еңбегі бағаланған ақ халатты абзал жан Анна Мандрикова «КСРО-ның денсаулықсақтау саласының үздігі» атағына ие болса, «Тыл майданындағы ерен еңбегі үшін» деп аталатын 2 мерейтойлық медальмен және «ПГМК жүйесіндегі ұзақ жылғы адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 

«Мені құттықтап, қуантып отырған сіздерге алғысым шексіз. Барлық ардагерлерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Баршасына мықты денсаулық, жанұяларына мол бақыт пен табыстар, шалқар шаттық тілеймін. Қазақстанымыздың ынтымағы жарасып, елімізде тыныштық болсын. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біздің еліміз аман, абыройы тасыған, мықты ел боларына сенемін.

 

Бір айдан соң мен 89 жасқа толамын. Ендігі арманым-Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көрсем деймін. Мені ұмытпай, құрметтегендеріңізге өте ризамын»,-деп көзіне жас алған күйде Анна Сергейқызы, бізді ризашылық сезіммен шығарып салды.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему