Форт-Шевченкода бірнеше Тарас тұрады
4 Мая 2014 (08:46) | 1876 | Автор: Редакция
Қашан да достыққа адал, бауырмал қазақ халқы балалары мен немерелеріне украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың есімін ырым етіп берген. Бұл әсіресе қылқалам шеберінің 125 жылдығынан кейін кең өріс алыпты. Яғни Тарас Шевченконың туғанына 125 жыл толғанда қазіргі Форт-Шевченко қаласына ақынның есімі берілген.
Қазіргі таңда Форт-Шевченко қаласында бірнеше Тарас тұрады. Солардың бірі – 50 жастағы Тарас Нұрбаев. Жергілікті мұнай компаниясында жүргізуші болып істейтін ол ұлы ақынның есімін иелену – мәртебе деп санайды.
Тарас Нұрбаев, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:
-Тарас Шевченконың 150 жылдығы тойланып жатқан тұста мен туылыппын. Мерейтой қарсаңында дүниеге келген соң ақынның құрметіне менің атымды Тарас қойыпты. Әкем мұғалім болатын, ырымдаған шығар. Сол 50 жылдан бері Тарас болып келе жатырмын. Танысқан адамдарымның бәрі атымның неліктен осылай қойылғанын сұрап жатады. Өзім есіміме дән ризамын, ұнайды. Мақтаныш санаймын.
Ұлы ақыннан дәл 150 жас кіші Тарас та биыл 50 жылдық мерейтойын тойламақ ниетте. Украинадан не елшіліктен қонақтар келгенде я болмаса түрлі шаралар өткен кезде Тарас құрметті қонақ ретінде шақырылады екен. Ол өзімен аттас ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ақпараттар мен мағлұматтарды қызыға оқиды екен.
Әзірге ол шаһардағы Тарас есімін иеленген тұрғындардың ең үлкені. Бір қызығы, Тарас Нұрбаев та қылқалам өнеріне өте жақын екен. Мектеп қабырғасынан бастап сурет салуға құмартып өскен ол әлі күнге дейін жаны қалаған сәтте қолына қалам мен қағаз алып, түрлі кескіндерді бейнелейді екен. Бұл өнерден ол ләззат алатын көрінеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему