Ардагер-дәрігерлерге арналған «Естелік Аллеясы» бой көтерді
27 Апреля 2014 (04:38) | 2012 | Автор: Редакция
Емдеу-сауықтыру мекемелерінің қызметкерлері Маңғыстау облыстық ауруханасының жаңадан салынған «Г» блогы жанында сенбілік ұйымдастырды.
Тазалық жұмыстарына облыс орталығындағы емхана, ауруханалардың ұжымдары белсене қатысты. Әр мекеме өз аумағын абаттандыру, көгалдандырумен айналысса, емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары облыстық аурухана аумағына жиылды.
Үйреншікті медициналық аспаптардың орнына қолдарына күрек, сыпыртқы, шелектерді алған ақ желеңді абзал жандар аурухана айналасындағы талдардың түптерін қопсытып, аумақты күл-қоқыстан тазартумен қатар көгалдандырумен шұғылданып, жас талдарды екті.
«Бүгінгі сенбілік екі бағытта өтіп жатыр. Біреуі-облыс әкімінің аймақта 2 айлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру туралы қаулысына сай, ал екінші бағыт-бұл ҚР Денсаулықсақтау министрінің тапсырмасымен еліміз бойынша үш айлық акция өткізіліп жатыр. Бұл акция «Рахмет сізге, дәрігер!» деп аталады. Оның мақсаты-медицина қызметкерлерінің мамандығының мәртебесін көтеру, дәрігерлердің күнделікті еңбегін бағалай білуге, олардың халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы адал еңбегін дәріптеу.
Өздеріңіз білетіндей, қазір «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында елімізде көптеген шаралар атқарылуда. Халықтың денсаулығын сақтау көрсеткіштері жақсарып келе жатыр, сонымен бірге біз осы үш ай бойы өткізілетін акция барысында дәрігер, медбикелердің күнделікті жасап жатқан еңбектерінің қаншалықты қиын екенін халыққа жеткізуге тырысамыз.
Сол шаралардың бірі-осы сенбілік. Бұл сенбіліктің бір ерекшелігі-біз бүгін облыстық аурухана жанына 40 тал егіп отырмыз. Оларды өмірден озған облыстың денсаулық саласына еңбегі сіңген ардагер-дәрігерлердің рухына арнап отырғыздық. Себебі халқымызда «Өлі жебемей-тірі байымайды» деген нақыл сөз бар, сонымен қатар бұрын осы салада қызмет атқарған еңбек ардагерлерін, әріптестерімізді де біз ұмытпауымыз керек.
Бұл жұмыстар бүгін ғана басталып отырған жоқ. Бұрын басталған игі істер одан әрі өзінің жалғасын табуда. Қызметіне жаңадан кіріскен жас медицина қызметкерлері үшін де мұндай шаралардың тәрбиелік мәні бар деп есептейміз.
Бұл егілген талдарды біз ерекше күтім жасап, жақсы өсуіне көңіл бөлетін боламыз. Сонымен бірге біз осы алаңда дәрігерлерге арналған ескерткіштің орнатылуын ойластырып жатырмыз. Сондай жоспарымыз бар, соған жұмыстанамыз.
Медициналық мекемелердің басшыларына емдеу-сауықтыру мекемелерінің айналасына ағаштарды көбірек отырғызу жөнінде тапсырма берілді. Ол қоршаған ортаның тазалығы, аймақты көгалдандыру деген мақсатта жасалатын шаралар. Біз осыған көп көңіл бөліп, назар аударып жатырмыз.
Бүгінгі сенбілікке біз сала ардагерлерін арнайы шақырдық. Олардың арасында ұзақ жыл облыстың денсаулықсақтау саласында еңбек еткен, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері болған Сарина Жұмагүл Орынбайқызы және облыстық денсаулықсақтау басқармасын басқарған ардагер, облыстың Құметті азаматы Тұрарбеков Бердібек Тұрарбекұлы және тағы да біраз ардагер-дәрігерлер бар. Олар бізбен бірге тал егіп, жастармен кездесті, біз оларға өзіміздің бүгінгі таңда жасап жатқан жұмыстарымыз, келешектегі жоспарларымыз жайлы әңгімелеп бердік.
Ардагерлер бүгінгі шараны қолдап отыр. Біз ардагерлерге бүгінгі шараға қатысқандары үшін алғысымызды білдіреміз»,-деді Маңғыстау облыстық денсаулықсақтау басқармасының бастығы Руслан Фаризунұлы Бектубаев.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему