Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында Наурыз мейрамы тойланды
20 Марта 2014 (04:54) | 5514
|
Автор: Редакция

Облыс орталығының 23 шағынауданында орналасқан Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты «Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесінда Ұлыстың Ұлы күні тойланған мерекелік шара ұйымдастырылды. Аталмыш мекеме 2010 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ашылғаннан бері үш жыл ішінде мекеменің педагог мамандары көптеген жасөспірімдерді тәрбиелеп, олардың теріс жолға түспеуін қадағалап, қоғам өміріне бейімдеуге бар күштерін салуда.
Орталықта 33 қызметкер бар болса, соның 15-і педагог мамандар, 5-і медицна қызметкері және әдіскер, психолог, әлеуметтік қызметкер сияқты түрлі мамандар балалардың тәрбиесімен айналысуда. Мұнтаздай таза, жайлы бөлмелерді аралап көргенде байқағанымыз мұнда балғындар үшін барлық жағдайлар жасалыпты: кітапхана, асхана, сабақ өткізілетін сынып бөлмесі, әлеуметтік қолдау қызметі және ұлдар мен қыздардың бөлмелері бар.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға Маңғыстау облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің бастығы Айжақсы Жылқыбайқызы Тұрланова, аталмыш бөлімнің бас маманы Бақтыгүл Сүйінбайқызы Өмірбекова, қалалық білім бөлімі қамқоршылық-қорғаншылық бөлімінің бас маманы Тоты Абжетқызы Құлмекенова, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының жұмысты ұйымдастыру тобының аға инспекторы полиция майоры Хасанова Эльвира Нұрғалиқызы мен ювеналдық полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Ерлан Қанатұлы Умралиев, маңғыстаулық ақын Шамшадин Тәжбенов және т.б қатысты.
- Бүгінгі біздің «Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында» өткізіп отырған мерекелік шара ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды тәрбиелеу барысында қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, жас өрендерді ата-баба дәстүрін сыйлап, қадір тұтуға баулу, халқымыздың өнегесі мен дәстүрін жалғастыру, дамыту мақсатында облыстық білім басқармасының үлкен қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Қазағымыздың киелі киіз үйін құрып, мерекелік дастархан жайып, ұлттық дәстүрлеріміз-бесікке салу мен тұсау кесу салтын, асық ойыны, қол күресі, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардыкөрсетіп, балалар үшін тәрбиелік мәні бар шараны өткізіп отырмыз,-деді «Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Гауһар Санаққызы Бегеш.
Мерекеде Орталық ұжымының қызметкерлері тарапынан балалар мен меймандарға қазақ халқының бесікке салу мен тұсау кесу рәсімдері көрсетіліп, балғындарға арнап ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Әуелеген әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күйден шашу шашылып, қонақтарға мерекелік дастарханнан дәм, Наурыз көже ұсынылды. Мерекелік жиынға келген қадірлі қонақтар өз тарапынан балалар мен орталық қызметкерлерін мейраммен құттықтап, ақ тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Орталық басшысы Гауһар Санаққызының мәлімдеуінше, «Бүгінгі таңда орталықта 5 бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері мекемеге келген балалардың 80 пайызы ата-аналарына қайтарылды, тек 2-3 бала ғана арнайы оқу орны-мектеп-интернатқа орналастырылды. Бір жылдан соң олар да ата-аналарына қайтарылады деген үміттеміз.. Мұнда тағдырдың түрлі тәлкегіне ұшыраған жасөспірімдер келеді. Өмірде әртүрлі жағдайлар орын алып жатады, кейбір балалар үйінен қашса, кейбірінің ата-анасы қайтыс болып кеткен, біреулерінің әлеуметтік жағдайлары нашар болған. Мекемеде 3 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жасөспірімдер тәрбиеленеді. Оларға мемлекет тарапынан толық жағдайлар жасалынған. Ата-анасы табылмаған балаларды қамқоршылық-қорғаншылық органдарымен бірлесіп, балалар үйіне орналастыруға жұмыстанамыз. Балалар бекітілген сабақ кестесімен оқытылады, оларға №2 орта мектептен ұстаздар келіп сабақ береді. Тәрбиешілер балғындар үшін өз жұмыс жоспарларына сай түрлі тәрбиелік шаралар ұйымдастырады».
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz



