Денсаулық автокешені
13 Марта 2014 (07:25) | 4291 | Автор: Редакция
Аймақтың елді мекендеріне 4 наурыздан бастап жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) қызмет көрсете бастады. Ауыл тұрғындарына тегін дәрігерлік көмекті 10 маман: көз дәрігері, кардиолог, тіс дәрігері, эндоскопист, гинеколог, жалпы практика дәрігері, невропатолог, хирург, ультрасонолог, отоларинголог және т.б. мамандар көрсететін болады. Тексеру жоспарымен кеуде клеткасының рентгені, электрокардиограмма, іш құрылысы, қалқанша без, құрсақ органдары УДЗ-диагностикасы және т.б. қамтылуы жоспарланған.
Жылжымалы медициналық кешен-бұл ұзындығы 15 метрге жететін КАМАЗ-көлігіне орналастырылған автопоезд. Оның құрамында амбулаториялық-емханалық модульдер, рентген, акушер-гинекологиялық және стоматологиялық кабинеттермен, химиялық, гематологиялық талдаулар зертханасымен, заманауи жабдықтармен жасақталған салалық мамандар кабинеттері бар.
Бірінші кезекте 4 наурызда медициналық көмек Өмірзақ, Приморск кентінің тұрғындарына көрсетілсе, 6 наурыз күні дәрігерлер-Рауан ауылының тұрғындарын қабылдады, ал кеше 12 наурызда Приозерный елді мекеніне барды. Келесі кезекте жылжымалы медициналық кешен 18 наурыз күні-Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылына ат басын тіресе, 20 наурызда-Сайын Шапағатов селосына барады және айдың аяғына таман, 27-28 наурыз күндері Таушық ауылының тұрғындарына келеді. Бұдан кейін кешен құрамындағы мамандар Мұнайлы және Қарақия аудандарына барып, Жаңаөзен қаласының дәрігерлерінің шақыртуына сай Теңге және Қызылсай кенттерінің халқына дәрігерлік көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
-2013 жылы біздің бригада 14 491 маңғыстаулыққа көмек көрсеткен болатын, солардың ішіндегі 903-і 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. 500-ге жуық адам артериалды гипертония сырқатымен терапевт дәрігерге жіберілсе, солардың ішіндегі 183 азаматқа гипертензия диагнозы алғаш рет қойылды. Бес ауыл тұрғынында «жедел инфаркт миокарды» анықталса, 163-жүректің ишемиялық сырқаты табылды. Сонымен қатар 13 адамда глаукома анықталып, көз дәрігеріне жіберілді. 7 адамнан туберкулез ауруы анықталды,-деп мәлімдеді жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі Нұрманов Мұстафа Әлпейісұлы.
Бұл медициналық қызмет түрі Маңғыстау облыстық ауруханасының кеңестік-диагностикалық емханасының базасында 2010 жылы құрылған болатын. Сырқаттардың зертханалық және диагностикалық әдіспен тексерілуінен өзге кешен әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды: туберкулезді, қант диабетін, гепатиттерді және тағы басқаларын ерте анықтап, диагностикалау мақсатымен скринигтік тексерулер жүргізеді.
ЖМК туралы Ережеге сай мобильдік топқа кіретін дәрігерлер медициналық қорытынды жасауға, емдеуді тағайындау және түзетуге құқылы.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему