Маңғыстау облыстық ТЖ Департаменті қауіптің алдын алу шарасын өткізді
17 Июля 2015 (11:04) | 2329 | Автор: Нурганым Имашева
Бейсенбіде, 16 шілде күні Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өрттердің алдын алу және адам шығынына ұшырататын қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында Департамент бөлімшелері, өңірлік кәсіпкерлер Палатасы және бұқаралық ақпарат құралдары, мұнай өнімдерін сақтайтын объектілердің басшылары және өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынды ашқан Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы полковник Қосбаев Қажымұқан Жарыұлы мекеме және ұйымдар басшылары мен өкілдеріне жақында Украинаның Киев облысында резервуар паркінде орын алған ірі өрт оқиғасы туралы баяндады.
Жиналғандар назарына аталмыш төтенше жағдай әкелген орасан зор шығын, өрттің пайда болу себептері мен оны сөндіру әрекеттері туралы бейнетаспа ұсынылды.
Басқосу барысында баяндама жасаған Маңғыстау облысы Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының басшысы өртке қарсы қызметінің майоры Мұрат Муханов өрт қауіпсіздігі саласындағы заң актілерінің соңғы өзгерістері мен толықтырулары туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, шарада қатысушылар назарына аймақта 2013-2015 жылдар аралығында мұнай мекемелерінде орын алған төтенще жағдайлар жайында мәліметтер ұсынылды. Ол туралы өз баяндамасында БКДҚ басқармасының басшысы өртке қарсы қызметінің майоры Б.Тлеупбергенов әңгімеледі.
Баяндамашы аймақта 2013-2015 жылдар аралығында 84 ТЖ орын алғаны, олардың 13-і мұнай объектілерінде болғаны, ТЖ кезінде 36 адам зардап шегіп, 8 адамның қаза болғаны туралы деректерді келтірді.
«Өрт сөндіру қызметі және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ басшысы өртке қарсы қызметінің полковнигі Бақытбек Есенбекұлы Молдабеков өңірде өткізілген өрт-тактикалық жаттығулары және оларды ұйымдастыру барысында кездесетін кейбір мәселелер туралы ақпаратты жеткізді.
Басшының мәлімдеуінше, «Аймақтағы «ҚазТрансОйл» АҚ, «Ақтау» БМҚБ,«ТЭК Казахстан» ЖШС, «Теңіз-Сервис» ЖШС, Жаңаөзен қаласындағы «Батша-Куан» ЖШС объектілерінің резервуар парктерінде жоспардан тыс өрт-тактикалық жаттығулары өткізілді. 2015 жылға «Mobilex Energi Limited» ЖШС және Жаңаөзен қаласы «КазГПЗ» ЖШС, «Узень» БМҚБ нысандарында осындай жаттығулардың өткізілуі жоспарланған».
Бүгінгі таңда кейбір мекемелер өз аумағында аталған өрт-тактикалық жаттығуларды өткізу туралы хатқа жауап қайтармауы («Гелиос»ЖШС) және әртүрлі уәж айтумен уақытты созып келе жатқан («КІСОМ-ОІL» ЖШС) нысандардың бары екендігі туралы мысал келтірілді.
Өрт болған жағдайда нысандағы күзет мекемелерінің іс-әрекеті бойынша кеңестер берілді, тиісті шаралар бойынша түсіндірулер жасалды.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы полковник Қосбаев Қажымұқан Жарыұлынан өткізілген дөңгелек үстел шарасының маңызы туралы пікірін сұрағанымызда, басшы:
-Бүгінгі өткізілген жиынның маңызы-жақында Украинада орын алған резервуар паркіндегі өртке байланысты. Аталған мұнай сақтау орнындағы ірі өрт кезінде 8 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алған, осы өрттің салдарынан көптеген адамдар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Өрттің өзі тек қана 8 күн дегенде орасан зор күштің арқасында зорға сөндірілді.
Осындай жағдайды болдырмау үшін біз Маңғыстау облысындағы мұнай сақтайтын орындардың, мұнаймен айналысып отырған мекемелердің басшыларын және әр мекемеде өздерінің өрт сөндіру бөлімшелері болады, үкіметтің қаулысына байланысты, сол бөлімшіліердің басшыларының басын қосып, өзекті мәселелерді қарастырдық. Біріншіден, мұнай сақтау орындарындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін тағы бір рет пысықтау, нысандардың өрт көпіршіктерімен қамтамасыз етілуі, ол сілтемелерде көрсетілген, мысалы ол нориатив бойынша 1000 тонна болуы керек болса, 3 есеге көбейтілуі тиіс. Яғни, өртсөндіргіш ұнтақтар жеткілікті болуы үшін 3000 тоннаға дейін көлемі ұлғайтылуы тиіс-сол мақсатта және осындай объектілерде өрт болған уақытта кейде бізге дер кезінде хабарлама түспейді.. Көбі өздері сөндіргісі келеді, сосын жасырғысы келетіні фактілері де кездесті.
Сондықтан біз осы бұйрықтарды, нормативтік талаптарды осы мекеме басшыларының есіне салып өттік.
Сосын қазіргі таңда кей мекемелерде олармен келісімшарт жасасып қорғап отырған күзет мекемесі біздің өртсөндіру қызметкерлерін объект аумағына кіргізбейді. Осындай фактілер де орын алған. Сондықтан осыларды болдырмау жолында және өрт қауіпсіздігі ережелерінің нормативтерінде бізде жаңадан кейбір өзгерістер енгізілді, соларды түсіндіру мақсатында осы шараны өткіздік.
Сонымен қатар, сілтемеде өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын көбейту жөнінде нұсқау болды. Сондықтан ол мәселені де қарадық. Бұл жердегі туындаған сұрақ-әртүрлі мекемелердің басшылары түрлі сылтау айту арқылы өз территориясында аталған оқу-жаттығуларды өткізуді кейінге қалдыруды сұрап немесе қаржы жоқ деп уәж айтып, бұл жерде қаржының мәселесіне келіп тіреліп тұрған ешнәрсе жоқ. Осындай олардың және біздің күштерімізді біріктіру арқылы бірлесіп өткізілген оқу-жаттығулар төтенше жағдайларды еңсеруге мүмкіндік береді. Және әрбір объектіде шұғыл жоспар деген болады, осыларды тағы бір рет пысықтап қарауды мақсат тұттық,-деп мәлімдеді.
Сала мамандарының айтуынша, «сонымен қатар, аудандық бөлімшелерде де аталған тақырып бойынша дөңгелек үстелдер өткізілді.
Департамент бөлімшелерінде мұнай және күзет мекемелерінің 200-ден аса өкілін қамтыған барлығы 5 дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Қатысушылар арасында өрт қауіпсіздігі тақырыбына 215 ескертпелер және нұсқамалар таратылды. Жергілікті басылымда 2 мақала жарияланды».
Қауіптің айтып келмейтінін ескерсек, өзгенің қателігінен сабақ алып, өзіміздің ертеңгі күнгі қауіпсіздігіміз үшін бүгін қамдансақ, артық болмасы анық.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему