Аймақ прокуратурасында қызмет еткен ҰОС ардагерлері туралы
27 Апреля 2015 (12:20) | 2256 | Автор: Нұрганым Имашева
«Ел басына ауыртпалық түскен Ұлы Отан соғысы жылдарында Маңғыстаудың прокурорлары мен тергеушілері Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулыларының мүлтіксіз орындалуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі қарқынды жұмыстарды атқарды және қоғамдық тәртіпті, еңбек тәртібін, әскерилердің құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға бағытталған әскери кезеңдегі заңдылықтың сақталуы жолында қызмет етті»,-деп атап өткен Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев:
-Соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезеңде сол кездегі Шевченко және Маңғыстау аудандарының прокуратурасында заңдылықтың сақталуы жолында еселі еңбек еткендер қатарында Кашенов Қадырғали, Кошев Хасан, Борашев Мәди, Ерменов Габдолла, Көптілеуов Есмұқаш сынды азаматтар болды.
Облыстық прокуратура органдарында қызмет еткен ҰОС ардагерлерінің саны да аз болған жоқ. Ақтау қаласының бұрынғы прокуроры Колесников Василий Василийұлының жарқын бейнесі біздің көпшілігіміздің есімізде. Ол өрімдей 17 жасында өзі сұранып майданға аттанған. Сұрапыл соғыстағы көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен және 8 медальмен марапатталған. Ұрыс кезінде алған ауыр жарақатына қарамастан Василий Василийұлы елге оралған соң қылмыспен күресу майданына бел шешіп кірісті. Он жыл бойы ол Ақтау қаласының прокуратурасына басшылық етті.
Прокуратура органдарындағы мінсіз қызметі үшін «Құрмет Белгісі» орденін кеудесіне таққан В.Колесников, сонымен қатар «Еңбегі сіңген заңгер» және «Прокуратураның Құрметті қызметкері» атақтарын иеленді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында 54-ші гвардиялық танк бригадасы құрамында әскери борышын өтеп, кейін 1-Украин майданының автоматшылар взводының командирі болған Форт-Шевченко қаласының бұрынғы прокуроры Екібаев Бердіхан қан майдандағы ерлігі үшін бірнеше әскери наградалармен марапатталған.
1982-1988 жылдар аралығында облыс прокуратурасында ҰОС ардагері Аманчин Сабыр Салимұлы қызмет етті. Ол соғыс соқпағымен Карелиядан Чехословакияға дейін жеткен. Өзінің прокуратура органдарындағы қызметін Сабыр Салимұлы Қазақ ССР прокуратурасының қылмыстық-сот бөлімінің хатшысы лауазымынан 1946 жылы бастаған. 1973-1982 жылдар аралығында Қызылорда облысы прокурорының орынбасары болып еңбек етті.
1973 жылдың мамыр айынан 1985 жылға дейін облыс прокурорының мамандар жөніндегі аға көмекшісі лауазымында Портнягин Александр Анеподистович қызмет етті. Ол соғыс кезінде әуе-десанты әскери бөлімінде борышын өтеп, «Ерлігі үшін», «Венаны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
1975 жылдан бастап облыс прокуратурасында ҰОС ардагері Құлшанов Зәкен Сәлімұлы қызмет етті. Майдандағы қайсарлығы мен ерлігі үшін «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған майдангер Маңғыстау ауданы прокурорының орынбасары лауазымынан облыс прокурорының Мемлекеттік қауіпсіздік Комитетіндегі тергеуді қадағалау жөніндегі аға көмекшісі қызметіне дейін көтерілді.
Алдыңғы буын ағалардың ізбасарлары болып, Маңғыстау облыстық прокуратурасында қызмет етіп жүргенінде қызмет бабымен жоғарылатылғандар қатарында Хегай Аркадий Юрьевич, Куропяткин Анатолий Никифирович, Ахметов Қабдығали Николайұлы, Кемелханов Жаңабай Шаңдыбайұлы, Сейітқазықызы Мәрзия, Кененбаев Ерлік Абдрахманұлы, Жұмабеков Оңалсын Исламұлы болды.
Прокуратура органының ардагерлері ретінде У.К.Алмамбетов, К.Х.Бисалиев, Т.Ұлықпанов және В.Г.Литровниктердің есімдері зор құрметпен аталады,-деді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему