Жаңаөзенде жас сарбаздарға жеке қару табыс етілді
4 Августа 2026 (14:03) | 1
|
Автор: Абдрасул Абдрашит
Жаңаөзен қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне штаттық қаруды бекіту және салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл – жас сарбаздар үшін әскери қызметтегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі дәл осы сәттен бастап олар жеке қарумен қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға кіріседі.
Салтанатты іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында барлық әскери рәсімдер сақтала отырып өткізілді. Қаруды табыстау алдында бөлім басшылығы әскери қызметшілерге жүктелетін жоғары жауапкершілік, қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай сақтау және әскери антқа адал болудың маңыздылығы жөнінде түсіндірді.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген әскери бөлім командирі подполковник Хамит Бигужин штаттық қаруды алу әрбір сарбаз үшін қызмет жолындағы маңызды белес екенін және бұл мемлекет пен қолбасшылықтың жоғары сенімінің белгісі екенін атап өтті.
– Бүгіннен бастап әрқайсыңыз өздеріңізге бекітілген қаруға жеке жауап бересіздер. Сіздердің әрқайсыңыз жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, әскери тәртіпті қатаң сақтап, көрсетілген сенімді толық ақтайды деп сенемін, – деді бөлім командирі.
Рәсімнің ресми бөлігінен кейін жас әскери қызметшілерге өздеріне бекітілген штаттық қару табыс етілді. Алдағы уақытта олар жауынгерлік даярлықтарын жетілдіріп, қарумен жұмыс істеу машықтарын шыңдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен маңызды мемлекеттік объектілерді күзету жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындалады.
Өз әсерімен мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Арман Ахметов бөлісті.
– Бұл күн менің жадымда мәңгі сақталады. Қару алу – қолбасшылықтың бізге жауапты міндеттерді сеніп тапсырып отырғанының айқын белгісі. Біз осы сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімізді салып, Отанымызға адал қызмет етеміз, – деді жас сарбаз.
Салтанатты рәсім жеке құрамның салтанатты шерумен өтуімен аяқталды. Штаттық қаруды қабылдау жас ұландықтар үшін әскери қызметтің жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл кезең олардан жоғары тәртіпті, кәсіби дайындықты және әскери борышты орындаудағы мүлтіксіз жауапкершілікті талап етеді.
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz







