Ақтау-Мұнайлы бағытында жаңа автобустар қатынайды
26 Апреля 2022 (18:53) | 2222 | Автор: Редакция
Мұнайлы ауданына қатынайтын №105 қоғамдық көліктері мамырдың соңына дейін жаңартылады деп жоспарлануда. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев хабарлады.
-«Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау» бағытындағы №105 маршрутының автобус паркін жаңарту мақсатында жеке кәсіпкер Р.Ахметнабиев өз қаражаты есебінен «Isuzu» маркалы отандық 12 автобус сатып алуды жоспарлауда. Бұл автобустық тасымалдауды дамытудың кешендік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Автобустар 2022 жылдың мамыр айының соңына дейін облыс орталығына жеткізілетін болады,-деді Адайбек Қалиев.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес ауыл маршруттарының автобустарын да кезең-кезеңімен жаңарту жоспарда бар. Осы жылы конкурс қорытындысымен “Aktau Bus” ЖШС жеңімпаз атанып, Рахат, Теңге ауылдары 5 автобуспен қамтылды. Осы кәсіпкер қалған бағыттардыңда маршруттарын алып, жаңа автобуспен қызмет көрсетуге ниетті. Жалпы Жаңаөзен қалалық қоғамдық көліктерді субсидиялауға 100 млн.тг қаржы бөлінді.
Автобус паркін толықтыру Ақтау қаласында да жоспарланған. «Жолаушы-Ақтау» ЖШС лизингтік бағдарламаны пайдалана отырып, 2022 жылы 16 дана жаңа автобус сатып алу көздеп отыр. Бұл отандық – Yutong ZK 6116HG маркалы автобус. Жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджет есебінен бастапқы 20% жарнасы, 166 400 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда, «QazTehna» ЖШС, «Каспий» ӘКК АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, Ақтау қаласының әкімдігі арасында қаржылық лизинг келісімшартына қол қойылды. Автобустар 2022 жылдың қыркүйек айында облыс орталығына жеткізілетін болады. Бұл автобустардың келуі нәтижесінде Ақтау қаласының автобус парктерінің жаңару деңгейі 100 %-ға жететін болады.
Брифинг барысында спикер қоғамдық көліктегі қауіпсіздікке де тоқталды. Қазіргі уақытта автобус салондарындағы бейнекамералармен Ақтау қаласы бойынша 100% автобустар, Мұнайлы ауданы бойынша 40% автобустар қамтамасыз етілген.
-Қоғамдық көліктегі бақылау мен қадағалауды күшейту мақсатында Ақтау қалаішілік барлық маршрут автобустары және ауданаралық №105 «Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау», №107 «Ақтау-Басқұдық-Ақтау», «Ақтау-Қызылтөбе2-Ақтау», «Ақтау-Батыр-Ақтау», №103 «Ақтау-Қызылтөбе-Ақтау», №104 «Ақтау-Атамекен-Ақтау» автобустары GPS трекерлермен қамтамасыз етілген. Автобустардың тұрған орыны, қозғалыс интервалы мен жылдамдығы сияқты барлық қажетті мәліметтер бір орталықтан ғаламтор арқылы бақылануда-деді басқарма басшысы Адайбек Қалиев.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему