Карантинде кәсіпкерлерге кездескен кедергі
12 Июня 2020 (16:41) | 2125 | Автор: Нурганым Имашева
Карантин кезінде бизнес саласына үлкен ауыртпалық түскені аян. Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажымен жақынырақ танысу үшін МО кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергенов Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарын аралап, кәсіпкерлермен кездесіп шықты.
Бұл туралы біздің редакциямызға өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен басшы Қарақия ауданының іскерлерімен жүздесіп, онда ұлутас шығаратын карьер жұмысын көріп, өнімге индустриалды сертификат алу машақаты туралы тыңдады. Облыста құрылыс саласы сарапшысының болмауы, құжат алуға кедергі келтіріп отыр. Соның салдары кәсіпкерлердің өзге өңірлерге сабылуына әкеп соқтыруда. Ал, «Жанарыс» ЖШС-нің тігін фабрикасында карантин кездегі жұмыс барысы тұрақты. Тек өнімді ірі компанияларға өткізу жағдайы күрделі. Әсіресе, шетелдік компанияларға жұмыс киімін тігу мен өткізуде біршама қиындықтар бар. Ауданда мейрамхана бизнесін қолға алған кәсіпкерлердің де мәселелері бар. Олармен жүздесу ашық әңгіме, еркін кездесу жағдайында өтті. Іскерлер бір ауыздан той маусымын бастауды, тойхананың 50% сыйымдылығын қамтитын тойларды жасауға рұқсат етуді сұрады. Одан әрі Маңғыстау ауданы кәсіпкерлермен кездесу барысында өз қолдарынан шыққан өнімдерін өткізе алмай отырғанын жеткізді. Мәселен, «Сегізбай ата» ЖК түйе, сиыр, балық еттерін бұқтырып, мерзімі ұзақ сақталатын қалбыр ыдыстарға құйып сапа мен бағаны тең ұстап отыр. Отандық өнім байқауларында шашасына шаң жұқтырмады.
Бірақ облыстағы ірі өндіріс компаниялары жергілікті өнімді емес, шетелдік және еліміздің басқа аймағынан әкелінген тауарларды тұтынады. Нарыққа шыдас бермеген өндіріс тұралап қалды. Шетпе ауылының кәсіпкері Мұхтар Қармысов енді жиһаз жасау, азық-түлік саудалау сияқты көптеген кәсіп түрін игеруге көшті. Іскер мемлекеттен грант алуды мақсат етеді.
Жеке кәсiпкер Р.Дербiсовамен онлайн режимде бейнебайланыс арқылы сөйлестi. Онда кәсіпкер мейрамханалардың тезірек ашылып, кәсібінің дөңгеленгенін қалайтынын жеткізді. Барлық көтерiлген мәселелер тыңғылықты пысықталып, тиiстi деңгейге көтерiлмек.
Түпқараған ауданы кәсіпкерлерімен кездесу барысында іскерлерді негізінен «Қазтрансгазаймақ» компаниясына қатысты туындаған келіспеушіліктер толғандыратын боп шықты. Компания «кәсіпкерлер көгілдір отынды пайдалану талаптарын бұзды» деген желеумен айыппұл салуды үдетіп отыр,- дейді іскерлер. Мұнан өзге жазғы лагерлер жұмысының қоғамдық тамақтану орындарының шектелуі, той бизнесін қайта жандандыру, гүлдер мен тамақ саудасының көркін қыздыру туралы ұсыныстар айтылды.
- Сонан соң Ербол Күреңтайұлы Форт-Шевченко қаласында орналасқан жылыжай жұмысын көрді. Айына 45-50 тн өнім беретін жылыжайда қызанақ пен қиярды 1 га жерге отырғызған. Аудан халқын жергілікті өніммен қамтып отырған нысанда 10 адам еңбек етеді.
Осыдан кейін директор Сайын ауылында тұрғызылған тұрғын үйлерге келді. Қазір ауылда 24 үйдің, 17-сі дайын, бірақ алушы жоқ. Үш жылдан бері тозып тұр. Кәсіпкер пәтерлерді мемлекеттік бағдарламамен беруге дайын. Мәселелермен толық танысқан Ербол Ізбергенов жағдайды арнайы штаб пен орталық аппаратқа баяндап, тиісті орындармен бірлесіп шешу жолдарын қарастыратынын атап өтті,- делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Суреттер баспасөз қызметінен
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему