Сапасыз жүргізілген жолдар сапасын кім бақылайды?
19 Мая 2020 (14:51) | 1786 | Автор: Нурганым Имашева
Республика бойынша жол құрылысы саласына қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. «Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекет ақшасының, яғни халықтың ақшасының мақсатты жұмсалып жатқанын қадағалау өкілетті органдардың құзырында. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағым негізінде жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулердің жүріп тұратындығы тағы бар. Экономиканың күре тамыры саналатын осы жолдарға тұрақты бақылау жүргізетін мемлекеттік мекеме барлығын екінің бірі біле бермейді. Сондықтан бүгінгі материалымызды осы тақырыпқа арнамақпыз.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) Маңғыстау облыстық филиалы (МОФ) директоры Елтай Құспанұлы Таялиевпен жолығудың сәті түсті.
Жол активтері ұлттық сапа орталығының негізгі мақсат-міндеттері неде? деген сауал қойылды кәсіпорын басшысына.
- Өзіңіз айтқандай, мекеменің атауы затына сай. Басты мақсатымыз - республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың сапасын тексеру, трассаларға шығып диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама жүргізу және бұл бағытқа жаңа технологияларды енгізу болып табылады.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде мобилизация жасау да біздің міндетімізге кіреді. Яғни, халықаралық және республикалық маңызға ие көлік жолдарын талапқа сай дайындауға жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін де бақылаймыз.
Жалпы елімізде мұндай орталықты ашу идеясы алғаш рет 2009 жылы көтерілді. Ол кезеңде ірі жол-көлігі инфрақұрылымдық жобаға қомақты қаражат бөлінген еді. Әлгі қаржыны бөлген жаһандық қаржы институты Қазақстанда аталмыш орталықты ашу туралы ұсыныс білдірді. Бұл, өз кезегінде ақшаның мақсатты жұмсалуын бақылауға алуға мүмкіндік берері даусыз.
Содан бері біршама уақыт өте келе 2019 жылы ұлттық сапа орталығы құрылды. Мамыр айында мемлекеттік тіркеуден өтті. Бас кеңсеміз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Біз секілді филиалдар барлық аймақтарда бар. Жалпы орталық ұжымының құрамында 300-ге тарта маман еңбек етеді. Маңғыстау филиалында оннан астам қызметкер бар. Яғни, былтырдан бері бізге де республикалық маңыздағы жолдардан бөлек, облыстық, аудандық және қала-ауылішілік жолдардың сапасын тексеру құқығы берілді,-деп түсіндірді Елтай Құспанұлы.
Ендігі кезекте, жасалып жатқан жұмыстарды әңгімелеп берсеңіз. Жол сапасын тексеру былтыр басталған екен. Қандай кемшіліктер анықталды? –деген сауалға жауап берген кәсіпорын басшысы Е.Таялиев:
-Тек былтырғы жылы облыс көлеміндегі республикалық маңызы бар автожолдарда 220 рет бақылау шаралары жүзеге асты. Осы орайда анықталған кемшіліктерге жеке-дара тоқталып өтсек. «Ақ жол құрылыс»
атты серіктестік «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түркіменстан Республикасы шекарасы» бағытындағы көлік жолының 0-35 бөлігін жөндеу-күтіміне жауапты.
Жол құрылысы жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында өңірлік жол сапа орталығының қызметкерлері ол жерде 67 рет барды. Жолға төселген материалдардан 269 сынама алынып, олардың құрамы зертханалық жағдайда тексерілді.
Нәтижесінде, 10 сынаманың нәтижесі талапқа сай еместігі белгілі болды. «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы», «Ақтау-Құрық», «Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түркіменстан Республикасы шекарасы» бағытындағы трассалардан сынамалар алынды.
Айта берсек, кемшілік көп. Оларды түзету үшін жол салушы мердігер мекеме мен тапсырыс берген мемлекеттік мекемелерге (ред.жергілікті әкімдіктердің автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдері) қызметтік хат жіберілді,-деп мәлімдеді.
Суреттер филиалдың баспасөз қызметінен
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему