Қос бапкер төсбелгімен марапатталды
6 Апреля 2019 (09:28) | 5774 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің білікті бапкері Сергей Волобуев «Самбо саңлағы» төсбелгісін кеудесіне тақса, аталмыш мектептің бапкері, самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев «Самбо күресіне қосқан үлесі үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталды. Қос бапкерге төсбелгіні «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының» басшылығы табыстады.
-Еңбегіміздің еленіп, арнайы төсбелгімен марапатталып жатқанымызға әрине қуаныштымыз. Еліміздің даңқын әлемдік жарыстарда шығаратын, әнұранын асқақтататын намысты, ержүрек балуандарды дайындау жолында әлі талай еңбек ететін боламыз. Жалпы алғанда самбо күресі соңғы жылдары облысымызда жақсы қарқын алып, дамып келеді. Шалғай жатқан аудандарда, ауылдарда «Жас батырдың» арнайы филиалдары жұмысын бастап, ол жерде самбо күресінің арнайы секциялары жұмыс жасап жатыр. Залға келіп, самбо күресімен жаттығатын да балалардың қарасы қалың,-дейді Берік Жұмағалиев.
Білікті бапкер Берік Жұмағалиев-самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, экстра класс төреші атанып, Қазақстан Республикасы төрешілер алқасының төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші Берік Түсіпқалиұлы бапкерліктен бөлек домбыраның құлағында ойнап, ән де салады, жырдан да жақұт шашады.
Сергей Волобуев болса, самбодан КСРО спорт шебері (1989), халықаралық спорт шебері (1989), дзюдодан КСРО спорт шебері (1985) атағын иеленген. Таза қазақ тілінде сөйлеп, ойын еркін жеткізетін бапкер әйелдер арасында дзюдодан спорт шебері Бибігүл атты қазақ аруымен отбасын құрып, бүгінде бақытты отбасының иесі атанып отыр.
Қос бапкерді мерейлі марапаттарымен құттықтап, спорт әлеміндегі бұдан да биік шыңдарды бағындыруды тілейміз.
Суреттерді түсірген «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему