Ақтаулық тәртіп сақшылары ҚР-ның Тұңғыш Президенті күнін атап өтті
30 Ноября 2018 (17:49) | 1814 |
Автор: Нурганым Имашева
Бүгін Ақтау қаласы Ішкі Істер Басқармасының акт залында жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен «ҚР-ның Тұңғыш Президенті күніне» арналған мерекелік іс-шара болып өтті.
Салтанатты жиын аясында Мемлекеттік тудың шығарылуымен тәртіп сақшылары Мемлекеттік гимнді орындады.
Жиынды ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің негізгі міндеті - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы, қазақстандық қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі ауқымды тарихи рөлін көрсету болып табылады.
- Ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәдени деңгейін арттыру, патриоттық тәрбиелеу мақсатында бүгінгі мерекелік салтанатты жиынды өткізу барысында қызметінде жетістікке жеткен бірқатар тәртіп сақшылары түрлі марапатқа ие болды,- дейді олар.
Мерекелік іс-шарада Ақтау қаласы Ішкі Істер Басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі М.Садақбаев ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың құттықтау жедел хатын оқып, әрі қарай мерекелік бұйрықтармен таныстырды.
Мерекелік кеште Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері көрме ұйымдастырып, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлін түсіндіру мақсатында «Ел бағына туған ер» атты тақырыпта дәріс оқыды.
Кітапхана қызметкері Досқалиева Асия Елбасы қызметіне арналған кітаптарды таныстырды. Мұрын жырау атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжі студенттері (мұғалімі Джакаева Гүлзира) туған ел, Отан, туған жер туралы өлендерді оқыды. Маңғыстау өнер колледжінің студенттері күмбірлетіп күй тартып, жырдан шашу шашты (жетекшісі Ақмарал Ерімбетова).
Іс-шара соңында басқарманың кадр жұмысы бөлімі қызметкерлерінің дайындаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты хроникалық деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылды.
Суреттерді ұсынған облыстық полиция Департаментінің баспасөз қызметі
Зарегистрируйтесь или войдите в систему