Сот жүйесіндегі оң өзгерістер
24 Июня 2018 (15:03) | 3608 | Автор: Нурганым Имашева
Соттардың қызметінде соңғы жылдары көптеген жаңалықтар орын алды. Қазіргі уақытта сотқа арыз беру, ішкі, сыртқы құжаттар айналымы электронды жүйеге көшіп, қағазбастылықтан арылуда.
Азаматтар жұмыс орнында немесе үйінде отырып-ақ интернет арқылы сотқа арыз беріп, сот актісін ала алады, бұрынғыдай арыз тапсыру үшін сот кеңсесінің алдында ұзақ уақыт кезек күтіп тұрмайды.
Барлық процестер дыбыс-бейнежазбаларға жазылады, бұл барлық жағынан да өте тиімді, сот хатшыларының да хаттама жазудан қолы босап, жұмыс жүктелімі де біршама жеңілдеді, сондай-ақ тараптарда бұрынғыдай қағаз жүзіндегі хаттаманы оқып танысумен уақытын өткізбей, бар болғаны дыбыс-бейнежазба көшірмесін алып, өзіне тиімді уақытта тыңдап, көре алады.
Тағы бір тың өзгерістердің бірі қазіргі уақытта қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтық процестік кодексінде» барынша тараптарды бітімгерлікке келуге ықпал етуге басымдық берілген.
Бұл кодексте бітімгерлік шараларына жеке тарау арналған. Азаматтық сотта тараптар өзара талаптарын бітімгершілік келісімді бекітумен, медиация тәртібінде дауларды реттеу туралы келісім немесе партисипативтік рәсім тәртібінде реттеу туралы келісіммен реттей алады. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға көмектеседі.
Татуласу келісімін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез-келген сатысында немесе сот актісінің орындалуы кезінде жасау мүмкіндігі бар. Татуласу келісімін сот бекітеді. Татуласу келісімі сол келісімде көрсетілген тәртіпте және мерзімде ерікті түрде орындалады. Егер татуласу келісімі ерікті түрде орындалмаған жағдайда татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтініші бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға құқылы.
Атқару парақтарын мәжбүрлеп орындатуға беру бойынша да өзгерістер енгені белгілі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жеке сот орындаушылары жұмыс істеуде. Қазір азаматтар мемлекеттік немесе жеке сот орындаушысының қызметіне жүгінетінін өзі шешеді.
М.Усенова.
Маңғыстау облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының бас маманы
Суреттер Qamshy.kz, BNews.kz, sud.gov.kz сайттарынан алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему