Ақтауда Серікбол Қондыбаевтың мұраларына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды
7 Июня 2018 (11:19) | 3602 | Автор: Нурганым Имашева
Кеше 6 маусымда Ақтауда «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қазақ мифологиясын зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған, дүниежүзілік мифологиялық мектептердің теориялық негіздерін жете білген, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ой-тұжырымдары ерекше ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай облыс әкімі Е.Тоғжановтың 2018 жылдың 26 ақпанындағы № 27 қаулысы негізінде халықаралық конференция өткізу ұйғарылған болатын.
Конференцияның мақсаты: Арғы қазақ мифологиясын зерттеудің негізін салушы, соңына қыруар ғылыми еңбектер қалдырған, біртуар ғалым Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын танып білу және оның отандық ғылымдағы орынын айқындау.
Ұйымдастырушылар: Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция 2018 жылдың 6-8 маусымы аралығында, 32 шағын ауданда орналасқан Yessenov University ЖОО-да өтеді.
Конференцияда С.Қондыбайдың лингвистикалық талдау әдіснамасы және әлемдік мифология мен тілдер қалыптасуының ортақ тамырлары Мифтің мәдени жад формасы ретіндегі өзектенуі (мифтік бейнелер, сюжеттер, реконструкциялар, С.Қондыбай мұраларындағы байырғы халық мәдениеті және Рухани жаңғыру сынды негізгі бағыттар қарастырылатын болады деп күтілуде.
Конференцияның салтанатты ашылу бағдарламасында С.Қондыбайдың толық шығармалар жинағы бойынша «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» атты ғылыми энциклопедияның тұсаукесері жасалды және С.Қондыбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Рух жауынгері» деректі фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.
Салтанатты жиынға конференцияға қатысуға келген республикамыздың 16 атақты ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, Америка Құрама штаты, Түркия, Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қытай мемлекеттерінен 14 мифология, философия, тарих, этнология, археология салаларының ғалымдары және музей зерттеуші орталығының арнайы шақырылған өкілдері қатысты.
Конференцияның өтуі барысында ғылыми жағынан А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты қолдау көрсетеді.
Халықаралық конференция 6 маусым күні Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында салтанатты ашылумен басталды. Шарада аймақ басшысы Е.Тоғжанов сөз алып, С.Қондыбайдың қазақ мифологиясын зерттеудегі ғылымға сіңірген орасан зор еңбегі, соңына қыруар ғылыми еңбектер қалдырған, біртуар ғалымның шығармашылығын танып білу және оның отандық ғылымдағы орыны туралы айтып өтті.
-Небәрі 36 жыл ғана ғұмыр кешіп, жарық жұлдыздай өмірден өткен Серікбол Қондыбай халқына өшпес мұра қалдырғаны хақ. Осы мұраларды ұлттық тұрғыда зерттеу, зерделеу, әсіресе оны жас ұрпақтың санасына сіңіру бойынша ғылым және білім министрлігіне және өзге де ведомстволарға біз өзіміздің ұсыныстарымызды ұсынатын боламыз,- деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жанынан С.Қондыбайдың шығармашылығын зерттейтін ғылыми орталық ашылатыны және облыс орталығынан ғалымға арналған музей экспозициясын жасақтау туралы шешім қабылданып, әр екі жыл сайын республикалық және Халықаралық дәрежеде ғылыми симпозиумның ұйымдастырылуы туралы, сонымен қатар күзде Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университетінде ғылыми конференцияны өткізу жайлы ұйғарылғаны туралы айтып өтті.
Салтанатты жиынға Серікбол Қондыбайдың апасы Балсұлу Қондыбай қатысты.
7 маусым күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде конференция өз жұмысын жалғастырады.
Келесі күні құрметті қонақтар облыстың Сұлтан епе, Кентті баба, Шақпақ ата киелі орындарында болып, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені мен С.Қондыбай шығармашылығы бойынша ашылған облыстық мемориалдық музейде болады. Ғалымның бейітіне барып зиярат етеді.
Суреттерді түсірген Әйгерім Бисеналиева
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему