Мал тұқымын асылдандыру бойынша шаруа қожалығы басшыларына ұсынымдар
15 Мая 2018 (11:32) | 7571 | Автор: Нурганым Имашева
Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдың 02 маусымынан бастап ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ондағы ең негізгі жаңалық - асыл тұқымды шаруашылық статусы асыл тұқымды мал статусына ауыстырылды, малдың генетикалық құндылығыын бағалаудың жаңа әдістері енгізілді.
Республика аумағында малдың әр түрі және тұқымы бойынша бір-бірден Республикалық палаталар құрылды. Республикалық палата асыл тұқымды мал өсіруді, өсімін молайтуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін іске асыру мен қорғау үшін құрылған, коммерциялық емес, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
Малды асылдандыру жұмысы, құндылығы әр түрлі малды өсіруге байланысты болатын айырмашылықтарға қарамастан, барлық меншіктегі шаруашылықтарда жүргізілуі тиіс. Селекциялау-асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыру малдың асыл тұқымдық құндылығы мен белгіленген бағытына сәйкес болуы керек. Біздің аймақта қазақтың ақбас тұқымды бұқаларын, еділбай тұқымды қошқарларды, жабы тұқымының адай типіндегі айғырларды пайдаланған жөн.
Асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін ең әуелі шаруашылығыңыз келесі талаптарға сай келуі тиіс.
1.Мал шаруашылығында еңбек тәжірибесі бар бейінді мамандардың (зоотехник, мал дәрігері, ұрықтандырушы техник) болуы;
2.Жер телімдерінің (егістік жерлердің, шабындықтардың, жайылым жерлердің) болуы;
3.Шаруашылыққа қажетті құрылыстардың (мал базаларының, мал шығаратын алаңның, инфрақұрылымның (жарық, су, жол) болуы;
4.Малға қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникаларының болуы;
Малды жайылымда ұстаған кезеңде малдың сумен қамтамасыз етілуі;
Шаруашылықтың ветеринарлық және санитарлық амандығы туралы анықтаманың (ҚР АШМ Ветеринарлық-санитарлық қорытындысы) болуы.
Егер алдыңызға қойған мақсатыңыз таза қанды етті мал табынан құру болса, зоотехникалық және асылданыру жұмыстары бойынша есеп жүргізуді дұрыс ұйымдастырмай, селекциялық жұмыстарды жүргізуде жақсы жетістіктерге жету мүмкін емес. Оған малдарға ен салу, әр малдың жеке өлшемдерін алу, малдың көрсеткіштерін арнайы формадағы есеп жүргізу жорналдарына жазу кіреді.
Зоотехникалық есеп жүргізу үшін мал шаруашылығында есеп жүргізу құжаттарының (ҚР АШМ 2015ж. 30 сәуірдегі №3-3/397 бұйрығы) формалары қабылданған: төл туралы акт, ұрықтандыру және төлдеу жорналы, жас төлдерді өсіру жорналы, бонитировкалық ведомостар.
Мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыруды қолданудың оң нәтижелері ретінде мыналарды айтуға болады:
1. Неғұрлым құнды асыл тұқымды өндірушілердің ұрығын қолдану тұқымдық және өнімдік қасиеттерді тиімдірек және тезірек жақсартуға мүмкіндік береді. Әдеттегімен салыстырғанда сиырларды қолдан ұрықтандыруды қолданғанда популяциядағы селекция қарқыны 2-3 есе ұлғаяды;
2. Қолдан ұрықтандыру нақты табынның генетикалық бағытын ескеріп, бұқаларды таңдауға зор мүмкіндік береді;
3. Қолдан ұрықтандыру табиғи шағылыстыру кезінде таратылатын малдың жұқпалы ауруларының алдын алудың және табынды сауықтырудың негізгі құралы болып табылады;
4. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда қолдан ұрықтандыру өндірушілерді асырауға кететін шығындарды бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік береді;
5. Қолдан ұрықтандыруды қолдану тобындағы малдың бастапқы зоотехникалық және тұқымдық есебін жүргізуді әдеқайда жеңілдетеді.
Алайда малдың төлінен өсіп-өнуін ұйымдастырудың осы тәсілін кеңінен қолдануға кедергі болып отырған факторлар ретінде малды ұрықтандыру бойынша білікті кадрлардың жетіспеушілігін, қолдан ұрықтандыру бекеттерін қажетті жабдық, аспаптар және құралдармен қамтамасыз ету қиындығын атап өтуге болады.
Осыған байланысты біз малдың төлінен өсіп-өнуіне қатысты мәселелерде жоғары білікті мамандарды тартуға кеңес береміз. Белгілердің жиынтығы бойынша малдың комплексті бағасын анықтап, құндылықтары бойынша бөлу үшін, барлық шаруашылықтарда тамыздың екінші жартысынан бастап, қазан айы бойы малды бонитирлейді.
Бонитирлеу кезінде малдың тұқымдылығы, шығу тегі, тірілей салмағы, экстерьері, конституциясы, сүттілігі, ұрпақтарының сапасы, ұдайы өсу қабілеті және денсаулығы сияқты көрсеткіштері бағаланады.
Республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды мал уәкілетті орган бекіткен нұсқаулыққа сәйкес бонитирлеуге (бағалауға) жатады.
Бонитирлеуден өтпеген асыл тұқымды малды асыл тұқымдық мақсаттарда өткізуге жол берілмейді. Бонитирлеуді бонитерлер (сыныптаушылар) жүргізеді. Бонитерлер тізімі ҚР Ауыл Шаруашылығы Министрлігінің (АШМ) сайтында жарияланған.
Зоотехникалық тәжірибеге жүгінсек, 2-3 буыннан кейін асыл тұқымды малдың 50-70 пайызы асыл тұқымды болуы керек. Осыған орай қолдағы малды бонитирлеу арқылы асыл тұқымдыларының пайызын шығару керек.
Нәтижесінде келешекте үкіметтен субсидия алуға және малды асыл тұқымдық мақсаттарда сатуға мүмкіндік туады.
А.Шамқанов
ҚР АШМ АӨК МИК Бейнеу аудандық
аумақтық инспекциясы мал тұқымын
асылдандыру жөніндегі мемлекеттік инспекторы
Суреттер Farmers.kz, Ақмешіт апталығы, Today.kz, ulttyqsport.kz, сайттарынан алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему