Сот жүйесінің ардагері - 70 жаста
20 Апреля 2018 (17:06) | 2090 | Автор: Нурганым Имашева
«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген сөз бекер айтылмаса керек. Маңғыстау облыстық сотының судьялары сот жүйесінің ардагері Сәрсен Қауылтай мерейлі 70 жасқа толды.
Сәрсен Қуанғазыұлы сот саласында үздіксіз 37 жыл қызмет жасап, Маңғыстау облыстық сотынан құрметті еңбек демалысына шыққан. Ол алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Түркіменстан Республикасы Мары қалалық халық сотында сот орындаушы болып бастап, еңбекқорлығы мен ерекше қабілетінің арқасында Түрікмен ССР Жоғарғы сотының судьясы лауазымына дейін көтерілген.
1996 жылы Қазақстанға біржола көшіп келіп, заңгерлік қызметін жемісті жалғастырады. Сәрсен Қуанғазыұлы Маңғыстау облыстық сотының судьясы, Маңғыстау облыстық сотының алқа төрағасы қызметтерін 14 жыл бойы абыроймен атқара білген. Әділдікті ту етіп, тура жолдан таймаған судья қызмет барысында әріптестеріне үлгі көрсетіп, білгенін үйретуден шаршаған емес.
Оның еңбегі мен қабілеті дер кезінде бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы әкімінің «Маңғыстау облысына 40 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, ҚР «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» Құрмет белгісімен марапатталған.
Сәрсен Қуанғазыұлы мінсіз еңбегі және қызметте қол жеткізген табыстары үшін ҚР Судьялар Одағының «Үздік судьясы» атағын иеленіп, «Үш би» құрмет белгісін кеудесіне таққан.
Сонымен бірге, Сәрсен Қуанғазыұлы шығармашылыққа біртабан жақын болғандықтан, әлі күнге дейін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында қомақты әрі салмақты мақалалар жазып, сот билігі туралы өзекті мәселеге қалам тербеп отыратынын атап айтуға болады.
Оның еңбек жолы, қызметі, адамгершілік қабілеті мен қасиеттері туралы деректі фильм де түсірілген.
С.Қауылтай абыройлы еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан соң заңгерлік қызметтен біржола қол үзбей, бірнеше жылдар бойы адвокаттық қызмет атқарып, ел алғысын арқалады. Ал, бүгінде аяулы жарымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Заңгерлік жолын үлкен ұлы Мақсат әке салған ізбенен жалғап келеді.
Құрметті ардагерді мерейтой қарсаңында Маңғыстау облыстық сотының судьялары мен сот төрағалары арнайы құттықтап, ақ тілектерін білдіріп, естелік сый-сыяпат пен ерекше ықыласқа бөледі.
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі
Суретті түсірген Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему