Жұмысшы жас мамандар арасында жігіттің сұлтаны анықталды
13 Декабря 2017 (10:16) | 2302 | Автор: Нурганым Имашева
11 желтоқсан күні «Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысшы жас мамандар арасында «Jigit sultany - 2017»облыстық байқауы өтті.
20 қараша күні ұйымдастырылған іріктеу турына 19 жас маман өтініш білдіріп, олардың ішінде 7-уі іріктеу кезеңіне өткен болатын.
Байқауға жеті жігіт қатысып, өлкедегі ірі өндіріс ошақтары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Мейірбике» колледжі, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ақ, «Бейнеу аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКҚ, Argymak TransServise» ЖШС, «Oil Construction» ЖШС намысын қорғады
Байқауға қатысқан жастарға үш түрлі сыннан сүрінбей өту сынақтары ұсынылды. Алдымен жігіттер дүйім жұртқа өздерін таныстырды. Екінші кезеңде көп алдында өз бойындағы өнерін көрсетуден сайысқан жігіттер өздерін сан қырынан таныта білді. Бірі би билесе, екіншісі әуелете ән салып, кейбірі күмбірлете күй тартып, көрерменнің көзайымына айналды.
Келесі кезекте жігіттерге спорттық сайыста бақтарын сынауға тура келді. Бұл сынақта да сайыскерлердің әрқайсы осал емес екендіктерін дәлелдеуге тырысып бақты. Байқауға дайындық барысында жігіттер ипподромда атқа отыру өнері бойынша өзара сайысқа түскен, олардың өнеріне баға берген әділқазылар жігіттердің ат әбзелдерін, жылқының жасын, түсін қазақи ұғымға сай сипаттай білуін, әр жігіттің атқа мініп шабу өнерін, жамбы ату бойынша мергендіктері мен ептіліктерін бағалады.
Соңғы сынақ бойынша жігіттердің зияткерлік деңгейін анықтайтын сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды. Бұл сыннан сүрінбей өту үшін сайыскерлерге Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына, Маңғыстау тарихына және халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүріне қатысты 3 түрлі сауалдарға жауап беру қажет болды. Сонымен қатар, логикалық сұрақтар да қойылды.
Сөйтіп, тартысты өткен сайыс өз мәресіне де келіп жетті. Әрбір сынның нәтижесі бойынша берілген ұпайлар санының қорытындысымен «Өзенмұнайгаз» АҚ, №3 мұнайгаз өндіру басқармасы, жер асты жөндеу цехының аға операторы Қорғанбаев Берік Қалбайұлы «Маңғыстау жігіттерінің сұлтаны» болып танылып, бас жүлдеге ие болды.
Ал ІІ орынға «Мейірбике» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Бақтөреев Жанаман Қадырғалиұлы лайық деп танылса, ІІІ жүлделі орынды «Oil Service Construction» ЖШС «Әлеуметтік саясат тобының» аға маманы Нұрсебепов Әсет Дүйсембайұлы иеленді.
Сайыс жеңімпаздарына: Бас жүлдеге - 100 мың теңге, екінші орынға -60 мың, үшінші орынға - 40 мың теңге сыйақы, сондай-ақ, өзге сайыскерлерге ынталандыру сыйлығы ретінде - 10 мың теңге және Алғыс хаттар табысталды.
Суреттерді түсірген: Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему