«Жастар керуені» Бейнеу ауданында
12 Ноября 2017 (19:44) | 2644 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру-Жастар керуені» 9 қарашада Маңғыстау ауданын аралап, 10 қарашада Бейнеу ауданына келіп жетті.
Аудан орталығына келіп жеткен керуен делегациясын Бейнеуліктер аудандық өлкетану мұражайына апарып, ауданның тарихы және бүгінгі таңда жеткен жетістіктерімен таныстырды. Аудандық «Абыл мәдениет үйіне» келген сәтте қонақтардың назарына Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерінің қолымен дайындалған көрме және жергілікті өнер мектебінің шәкірттерінің сурет және қолөнер туындылары ұсынылды. Аталмыш көрмеге қойылған заманауи үлгідегі 3D форматында жастардың дайындаған нәрселері, жаңаша құрылғылары керуеншілердің ерекше ықыласына ие болды.
Осыдан соң «Жастар керуенінің» жұмысы басталды. Шараны Бейнеу ауданының әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлы ашты.
-Құрметті қонақтар, қадірменді ауылдастар! Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың тапсырмасымен 1 қараша күні Жаңаөзен қаласынан бастау алған «Рухани жаңғыру - Жастар керуені» міне бүгін біздің Бейнеу ауданында мәресіне жетіп отыр. Керуеннің мақсаты – жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-маңызын түсіндіру, жастар жұмыссыздығын азайту, тұрғын үймен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламаны түсіндіріп, жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында кеңес беру, пікірлесу.
Жастар белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңыздар, ерінбей еңбек еткен, жалықпай білім алған адам ұтады, жақсы, бақуатты өмір сүреді, абыройы асқақ болады. Берекелі Бейнеудің жас көшбасшыларының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Рухани жаңғыру аясындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Ауданымызда статистикаға сүйенсек, 68 мың халық тұратын болса, соның төрттен бірін, яғни 17 700 -ін жастар құрайды. Сондықтан осынау кең көлемдегі шараны өткізуге облыстан келген қонақтарымызға алғыс білдіре отырып, осы үрдісті жиі жалғастырып тұруын сұраймын,- деген аудан әкімі Бейнеубек Әбілов керуен жұмысын ашық деп жариялады.
Маңғыстау облысы жастар мәселесі басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлы Нұрдәулетов аудан жастарына арнаған сөзінде:
-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жастар, сіздерге арналған, болашақтаеліміздің тұтқасын ұстайтын азаматтар сіздерсіздер, осы отырған жастар. Сіздің араңыздан ертең біреуіңіз - инженер, екіншіңіз –мұғалім боласыздар, біреуіңіз –әкім, біреуіңіз –кім біледі, мүмкін, министр боларсыздар, Мүмкін, осы залда Қазақстанның болашақ Президенті отырған шығар араңызда. Сондықтан алдарыңызға үлкен мақсат қойып, елдің өсіп-өркендеуі үшін өз үлестеріңізді қосып, еңбек етіп, «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем?» деген мақсатпен өмір сүруге баршаңызды шақырамын.
Жастар ертең мектепті бітіргенде мамандық таңдайсыздар, сонда мамандық таңдауда қателеспеңдер. Жаңа аудан әкімі айтандай, бүгін сіздерге жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері түсіндіріледі. Осы ақпараттарды мұқият тыңдап, көңілге түйіп алыңыздар. Еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге ұмтылайық. Қазақ елі - мәңгілік ел болады. Әлемге елімізді таныту үшін, 30 дамыған елдің қатарына ену үшін баршамыз жұмыла елге қызмет етейік. Бейнеу жастары алға! Маңғыстау жастары жасасын! Қазақ елі алға!- деп шараға жиылған жастардың рухын көтерді.
«Жастар керуенінің» құрамында аудан жастарымен кездесуге келген бір топ спикерлерге ашық сұхбат алаңында сахна төрінен орын ұсынылды. Олардың қатарында «Жаңа серпін» орталығының маманы Майра Досниязова, «Рухани жаңғыру» облыстық офисінің сарапшысы Бақтыбай Жайлау, ережесіз жекпе-жектен 2016 жылғы спорт шебері Шыңғыс Қайранов, «Тұрғын үй жинақ банкінің» өкілдері Майланова Бәлияш, Қаратаев Ахметхан және Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің маманы, дінтанушы Газимов Нұрлан, Қарақия кәсіптік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сәбиева мен ІТ саласының маманы, Бейнеу политехникалық колледжінің ұстазы Тұрлан Оспанов болды.
Ашық форматта, сұхбат алаңында өткен кездесу кезінде шараға қатысушыларғазалдан ватсап желісі арқылы спикерлерге сауал жолдау мүмкіндігі ұсынылды. Жастармен кездесуге арнайы келген әр сала маманына сұхбат алаңында сөз кезегі ұсынылды. Олар өзі қызмет ететін саласындағы мемлекет тарапынан жастар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер және мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірді, толық ақпарат берді.
«Тұрғын үй жинақ банкінің» өкілі Майланова Бәлияш тұрғын үймен қамту бойынша төмен пайызды бағдарламаның берер мүмкіндіктері жайлы пайдалы ақпаратпен бөліссе, «Маңғыстау облыстық Дін істері орталығының» маманы, дінтанушы Газимов Нұрлан жат діни ағымдардан сақтану жөнінде жастарға пайдалы кеңестерін ұсынды. Слайд көрсету арқылы жат діни ағымдардың қаупі туралы мол мағұлмат, пайдалы ақпаратпен бөлісті. Залдан жиынға қатысушылардан түскен бірнеше сауалдарға жауап берді.
«Жаңа серпін» орталығының маманы Майра Досанова жастарды жұмыспен қамту, жаңа мамандықтарға оқыту, біліктіліктерін арттыру және кәсіптік бағдар берудің Маңғыстау өңірінде ғана бар ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Қарақия кәсіптік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сәбиева жас өрендерге мамандық таңдау барысында тегін кәсіптік білім берудің мүмкіндіктері, оның грантпен оқудан айырмашылығы туралы түсіндіріп, тегін кәсіптік білім беру бағытында оқуға түскен жастардың мәліметтері жұмыспен қамту базасына енгізіліп, оқуын аяқтаған сәтте автоматты түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін айтты. Жұмысшы мамандықтарын таңдаудың артықшылықтарына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» облыстық штабының сарапшысы Бақтыбай Жайлау замандастары-жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасына, маңызына тоқталып, түсіндіру жасай отырып, Маңғыстаудай киелі, қазыналы өлкенің тұнған тарихын зерттеп-зерделеуге үндеді. Өзінің бастамасымен қазіргі таңда түсірілімі жүріп жатқан «Құлшар» атты фильмнің тарихымен таныстырды. Бейнеулік жастарды Маңғыстау өңірінде қат мамандық – кино режиссері кәсібін меңгеріп, грантпен осы мамандыққа оқуға құжат тапсыруға шақырды. Залдан келіп түскен сауалдарға тұшымды жауап берді.
«Шах-қазақ» лақап атымен танымал, ережесіз жекпе-жектен 2016 жылғы спорт шебері Шыңғыс Қайранов өзінің спорттағы жетістікке жету сырымен бөлісіп, жас ұрпақты намысты, жігерлі болуға шақырды.
ІТ саласының маманы, Бейнеу политехникалық колледжінің ұстазы Тұрлан Оспанов жастарды жаңа технологияларды меңгеріп, Елбасы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын елімізде енгізуге белсенді үлес қосуға үндеді.
Шара аяқталған соң мәдениет үйінің фойесінде керуен қатарында келген әртүрлі сала мамандары ауыл тұрғындарына кеңестер берді.
Осымен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен ұйымдастырылған, 1 қарашада Жаңаөзен қаласынан бастау алып, аймақтың 5 ауданы мен 2 қаласын түгел аралап шыққан «Рухани жаңғыру - Жастар керуені» берекелі Бейнеу ауданында мәресіне жетті. 15 қараша күні облыс орталығы Ақтау қаласында «Жастар керуенінің» жұмысы қорытындыланып, оның эстафетасы еліміздің Батыс аймағына таратылуы үшін Атырау қаласына кезек беріледі. Сөйтіп, Керуен еліміздің барлық өңірлеріне тарала отырып, келер 2018 жылы бүкіл Қазақ елін аралап шығып, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратып, қолдау көрсету, насихат жасайды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему