Сот отырысын аудио-бейне таспаға жазу арқылы өткізудің ерекшелігі
4 Октября 2017 (08:47) | 3552 | Автор: Нурганым Имашева
Барлық сот процестерінде аудио және бейнежазбаға түсіру құрылғыларын қолдану Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы сот жүйесінің алдына қойылған негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының соттары сот төрелігінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін санды форматтағы аудио және бейнежазбаға түсіру құрылғыларымен жабдықталған.
Елімізде сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде, не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу мақсатында сот отырыстарын аудио және бейнежазбаға түсіру тәжірибесі енгізілген. Қазақстан Республикасының Азаматтық процесуалдық кодексіне сәйкес, төрағалық етуші сот отырысын ашады және қаралуға жататын іс туралы, сондай-ақ сот отырысында аудио және бейне жазба құралдары пайдаланатыны жайында хабарлайды. Сот отырысы барысында шешілмеген және қанағаттанбаушылық тудыратын даулы жағдайлар туындағанда, сот процессіне қатысушылардың өз пікірлерінің дұрыстығына немесе қателігіне көз жеткізу үшін электронды жазбаға жүгіну мүмкіндігі бар.
Сот отырыстарында аудио және бейне жазбаларын қолданғанда қысқаша хаттама жасалады, ол аудио және бейне жазба жеткізгіштерімен қоса іс материалдарына тігіледі. Аудио және бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы Ережеге сәйкес, сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ету, аудио және бейнежазба құралдарын қолдану, аудио және бейнежазбаны сақтау және жоюды сот отырысының хатшысымен жүзеге асыру жағдайлары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілген.
Сот отырысының хатшысы сот отырысы басталғанға дейін сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио және бейнежазба құралдарының жұмысқа жарамдылығын тексеріп, анықтап алады. Сот отырысының хатшысы аудио және бейнежазба құралдарын қолдану мүмкін болмаған жағдайда оны қолданбаудың себебін сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсете отырып, бұл туралы судьяға баяндайды. Сот отырысы аяқталғаннан кейін сот отырысының хатшысы аудио және бейнежазба құралдарының техникалық ақаулықтары туралы кеңсе меңгерушісін хабардар етеді, ол өз кезегінде облыстық және оған теңестірілген соттардың ақпараттық технологиялар бойынша бас маманына хабарлайды.
Аудио-бейнежазба құралдарын қолдануға мүмкіндіктің болмауы сот отырысын жалғастыруға кедергі келтірмейді. Егер техникалық ақаулықтар салдарынан сот отырысы барысының аудио-бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы хаттама жүргізуі мүмкін болмаса немесе сот отырысының аудио және бейнежазбасы жүргізілмегені анықталса, арнайы акт жасалады. Бірінші сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы, аудандық және оларға теңестірілген сот кеңсесінің меңгерушісі қол қояды және ол сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Апелляциялық сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы, облыстық және оған теңестірілген соттың кеңсе меңгерушісі және ақпараттық технологиялар бойынша бас маманы қол қояды.
Қылмыстық процесстік кодекстің 347-1-бабы 2, 3 – бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі талқылауды аудио-бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы соттың құрамын көрсетіп және сот талқылауының барысында ғылыми-техника құралдарын қолданғаны жөнінде жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.Сот процестерінде техникалық құралдарды қолданып, аудио-бейнежазбаларын түсіру сот отырысы хаттамасының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етеді. Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио және бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда оған қатысатын адамдарға аудио және бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, бірақ олардың аудиобейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Елбасы ұсынған "100 нақты қадам" Ұлт жоспары Маңғыстауда да қарқынды жүзеге асуда. Бес институционалдық реформаның екінші бағыты заңның үстемдігін қамтамасыз етуге негізделгені баршаға белгілі. Яғни 20-қадам бойынша, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу көзделген. Осы бағытта Маңғыстау соттарында сот залдары аталған құрылғылармен толықтай жабдықталған. Ұлт жоспарының 20-шы қадамына байланысты, сот процестерінің әділ өтуі үшін барлық сот мәжіліс залында бейне және аудио жазбалар орнатылған. Облыста 40 мәжіліс сот залдары барын ескерсек, олардың барлығы да аталған құрылғылармен 100 пайыз қамтылған.
Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс делінген. Осылайша, сот жүйесінің әділ өтуі қадағаланады. Бұл, біріншіден, халықтың сотқа деген сенімінің артуына себепші болады. Сот процессі аяқталысымен қатысушыларға бейне және дыбыс жазбаны көшіріп беруге болады.
Сот отырыстарында аудио және бейнежазбаны қолданудың артықшылығы өте көп. Сот процестеріне аудио-бейне жазбаларын енгізу - заң үстемдігіне негізделген, сот төрелігінің уақыт сынына жауап беретін көрнекті нәтижесі десек, артық емес. Аудио және бейне жазбаларын қолдану сот төрелігін жүргізу процесін жылдамдатып, сот өндірісін автоматтандырады және тиімді ете түседі.
Ақтау қаласының №2 сотының жетекші маманы К.Ғұбайдуллаев
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему