Ақтауда «Тілдарын» республикалық олимпиадасының қалалық кезеңі өтті
Курс валют в Актау
на 18/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
18 Апреля, 10:45
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ақтауда «Тілдарын» республикалық олимпиадасының қалалық кезеңі өтті

11 Сентября 2017 (09:57) | 1669 | Автор: Нурганым Имашева

Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту және архивтер мен құжаттама басқармасы, «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры «Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығымен» бірлесе отырып, жұма күні «Жастар үйінде» «Тілдарын» республикалық олимпиадасының қалалық кезеңін ұйымдастырды.

 

 

«Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Махамбетованың мәлімдеуінше, «Тілдарын» республикалық олимпиадасының қалалық турына қатысуға Ақтау қаласынан 13 жас өтініш білдіргенмен, бүгінгі сайысқа нақты 8 адам қатысып отыр. Бұған дейін бұл сайыстың іріктеу турлары аймақтың Маңғыстау, Түпқараған, Бейнеу аудандарында өткен болатын. «Тілдарын» республикалық олимпиадасын өткізудегі басты мақсат – қазіргі таңда Елбасымыздың үштілділікті насихаттау, жалпы, бірнеше тілдерді білетін азаматтарды ынталандыру, оларды марапаттау, олардың жетістіктерін бағалау, осы арқылы қоғамда үштілділікке қатты көңіл аударуға бағытталған іс-шара.

 

Бүгінгі сайыста жетістікке жеткен жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алады. Келесі аптада 21 қыркүйекте облыстық сайыс өтеді. Облыстық олимпиаданың жеңімпазы  республикалық олимпиадаға Маңғыстау облысының атынан қатысып, бағын сынайтын болады. Ол жеңімпаздың Алматыға бару сапарының шығындарын толықтай ұйымдастырушылар көтеретін болады».

 

Сайысқа қазылық еткендер қатарында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте және білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан Кенжебаева Жеміс Калиевна, «Ұрпақ NEXT» қоғамдық қорының директоры Гүлжанат Мұратбай, «Айналайын» дамыту қорының ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Көпенова Әлия, Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің филология факультетінің доценті Кабылов Әділ және «Тумба» газетінің журналисі Нұрғаным Имашева, сонымен қатар «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Махамбетова болды.

 

«Тілдарын» республикалық олимпиадасын өткізудің қағидаларына сай, олимпиада үштілділікті енгізуді ынталандыруға бағытталған. Оны өткізудің мақсаттары: үш тілді –қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу, өзге халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеуді қалыптастыру. 

 

-Тіл білгеннің ешқашан артықтығы жоқ. Жалпы, бірнеше тіл білген адам өзгелерден бір саты жоғары тұрады. Оның біздің жеке басымыз үшін ғана емес, сонымен қатар, еліміз үшін де, айналамызға да оның пайдасы зор. Кезінде қазақ атамыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білімі біл» деген екен. Олай деп бекерге айтылмаған,- дей келе байқауды ұйымдастырушы Жақсыгүл Шахзадақызы, сайыскерлерге сынақ шарттарын түсіндірді.

 

«Тілдарын» республикалық олимпиадасының байқау шарттары мынадай болды: бірінші кезекте сайыскер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 3 минуттың аралығында өзін таныстырады, екінші тапсырма бойынша берілген «Менің елім - Қазақстан», «Туған жерім - Маңғыстау» тақырыптарына қысқаша эссе жазу және үшінші сынақ бойынша ұсынылған бірнеше мәтінді ілеспе аударма түрінде екінші бір тілге аудару.

 

Сайысқа қатысушы жастар әп сәтте-ақ өздерін үш тілде тәп-тәуір таныстырып өтті. Әрқайсы өздерінің мамандығын, оқып жатқан немесе тәмамдаған оқу орны мен жұмыс орнын, өздерінің өмірдегі ұстанымдары туралы мүдірместен баяндап берді.

 

Байқаудың екінші кезеңінде сайыскерлер «Менің елім - Қазақстан», «Туған жерім - Маңғыстау» тақырыптарына қысқаша эссе жазудан сайысты. Қазақ тілінде жазған шығармаларын ағылшын тіліне аударып, қысқа 20 минут уақыт ішінде аяқтаған жастар өз туындыларын қазылар алқасы алдында оқып беріп, сынаққа дайындықпен келгендерін байқатып, әрқайсы өз деңгейлерін көрсетуге талпынды.

 

Сайыскер Шаймаханова  Махаббат «Менің елім - Қазақстан», тақырыбына жазған өз шығармасында: «Қазақстан – бай салт-дәстүрі мен ұлан байтақ жері бар ұлы мемлекет. Осындай мемлекет болғандықтан да ол әрқашан алға ұмтылады. Еліміз дамыған әлем елдерініңі қатарына ену үшін үлкен тарихи даму кезеңдерді бастан кешіруде. Бұл, әрине, Елбасымыздың көрегендігі мен үлкен қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асырылуда.

Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұр. Бүгінде әлем қауымдастығы елімізге таңдана көз салуда. Биылғы жылдың өзінде Қазақстанда әлем назарын аударған бірнеше маңызды шаралар өтіп жатыр. Мысалы «Универсиада-2017» аталған студент жастардың қысқы ойындары және үш айға созылған Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі бүкіл жер шарының назарын Қазақстанға аударды.

Осындай болашаққа сеніммен ұмтылған Қазақ елінде туып-өскенімді мақтан тұтам және туған елімнің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосуға қашанда дайынмын», - деп жазыпты.

 

Ілеспе аудармадан шеберліктерін сынға салған ІІІ турға келіп жеткенде байқауға қатысқан жастар өздеріне ұсынылған мәтіндерді бір тілден екінші тілге аударды. Бұл кезеңде сайыскерлердің тілді еркін меңгеруі, сөздік қорларының деңгейі, аудармашылық қабілеттері сыналды.

 

Сайыскер - Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің ІІ курс студенті Көбегенов Зейнур:

-Мен болашақта ағылшын тілінің мықты маманы болғым келеді. Өзімнің тілдік деңгейімді үнемі көтеріп отыруға тырысамын. Осы бағытта биылғы қыста Алматы қаласында өткен «Универсиада-2017» аталған студент жастардың қысқы ойындары кезінде  және Астана қаласында өткен Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілер қатарында барып, еліміздің мәртебесін көтерген үлкен шараларға өз үлесімді қосып қайттым.

Ағылшын тілін білу арқылы әлемдік деңгейдегі әдебиет пен ғылымға, мәдениетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие боласың. Сол себепті де өз замандастарым-жастарды көп тіл білуге ұмтылуға шақырамын,- деді.

 

Барлық сынақ кезеңі аяқталған соң, байқау қорытындысын шығарған қазылар алқасы мынадай қорытындыға келді: І орынға - 260 балл жинаған Шаймаханова  Махаббат лайық деп танылды, ал ІІ орынға  - 255 баллдың иесі   Қалим Әсемжан мен 250 ұпай жинаған – Тәжібаева Еңлікгүл тұрақтаса, ІІІ жүлделі орын – 248 балл жинақтаған Көбегенов Зейнур мен 242 ұпайдың иесі Керимова Гүлсайраға бұйырды.

 

Ұйымдастырушылар тарапынан І орын жеңімпазына – дипломмен қоса 10 000 теңге сыйақы ұсынылса, тиісінше, ІІ орын иелеріне 7,5 мың теңге және ІІІ орын иегерлеріне – 5 000 теңге сыйақы ұсынылды. Жүлделі орын ала алмаған сайыскерлер Алғыс хаттар және құнды кітаптармен марапатталды.

 

Марапаттау кезінде қазылар алқасының әрбір мүшесі талапкерлерге арнап өздерінің ұсыныс-тілектерін, пікірлерін айтып, жастардың білімге, шет тілін білуге деген құштарлығын атап өтіп, үш тілді еркін меңгерген жастарға ризашылықтарын білдірді, білім көкжиегіне қанат қаққан талпыныстарына  сәттілік тіледі.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему