Депутат мүмкіндігі шектеулі балаларға тарту жасады
6 Июня 2017 (17:06) | 2612 |
Автор: Мира Ботабекова
Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет ауылында балаларға арналған керемет шара болып өтті. Ауылдағы облыстық арнайы мамандандырылған №3 мектепте көңілді шара ұйымдастырылып, ойындар мен байқаулар өтті. Осы мектеп қабырғасында білім алатын 119 мүмкіндігі шектеулі балдырғанға облыстық мәслихат депутаты Ахмет Салманов тәттілер мен ойыншықтардан тарту жасады.
Дәулет ауылындағы №3 арнайы мамандандырылған мектепте оқитын 119 баланың барлығы да түрлі сырқатқа шалдыққан. Бірқатарының отбасыларының тұрмысы төмен. Мүмкіндіктері шектеулі балғындар денсаулықтарына қарамастан, жақсы оқып, өнерге жақын болуға тырысады. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шара барысында олар аса көңілді болды. Өнерлерін ортаға салып, облыстық мәслихат депутаты Ахмет Салмановтың тәтті сыйлықтарын ризашылықпен бөлісті.
Бала – біздің болашағымыз. Оларды аялап, азамат етіп, үлкен өмірге ұшыру – біздің міндетіміз. Барлық баланың денсаулығы жақсы болса, ешқашан ауырмаса, періште жүздерін мұң шалмағай деп тілеймін!-дейді облыстық мәслихат депутаты Ахмет Салманов.
Халық қалаулысы сондай-ақ, Дәулет ауылындағы №4 мектептің үйде білім алатын 20 оқушысын да ескерусіз қалдырмады. Денсаулықтарының ақаулығына байланысты өзге балалар сияқты мектепке қатынай алмайтын балдырғандардың үйлеріне барып, мерекемен құттықтады. Ақ тілекпен сыйлықтар тарту етті.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему