Ақтаулық мейірбикелерге құрмет көрсетілді
13 Мая 2014 (04:22) | 5624 | Автор: Редакция
12 мамыр-Дүниежүзілік мейірбикелер күні. Бұл кәсіби мереке Қырым соғысы кезінде (1853-1856 жж.) санитарлар отрядын ұйымдастырып, басшы болған ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күні құрметіне орай атап өтіледі.
Маңғыстау облыстық ауруханасының мәжіліс залында орта буын медицина қызметкерлеріне төл мерекелеріне орай Облыстық денсаулық сақтау Басқармасы тарапынан құрмет көрсетіліп, ұзақ жылдар бойына аймақтың денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек еткен ардагерлерге Алғыс хаттар табыс етілді.
Облыстық денсаулық сақтау Басқармасының басшысы Руслан Бектубаев: «Өңірде бүгінде 4 000-нан астам медбике еңбек етеді, оның 1300-і ауылдық жерлерде аянбай тер төгуде. Олар халық денсаулығын сақтау жолында мол үлес қосуда, медбикелердің алдында үлкен міндеттер тұр, соларды мейірбикелер абыроймен атқарып жүр.
Орта буын медицина қызметкерлеріне өз білім деңгейлерін үнемі көтеріп отыру талаптары қойылады. Біздің өлкеде осы мәселеге аса мән беріледі. Салыстыра айтар болсақ, 2008 жылы медбикелердің 9,8 пайызы ғана өз білімін көтерген болса, арада өткен 5 жыл ішінде өз білімін жетілдірген мейірбикелердің саны 50 пайыздан асты. Қазіргі таңда аймақта 1555 медбике тиісті категорияға ие болған, яғни олардың 60 %-ы бірінші және жоғары санатты мамандар.
Медбикелердің жұмысы туралы тек жақсы сөздер айтуға болады. Оларға халық тарапынан түсетін арыз-шағымдар өте сирек кездеседі. Мейірбикелер сырқаттардың жанында көп уақыт болады, соған қарамастан олар шыдамдылықпен, жауапкершілікпен ауруларға өз көмектерін көрсетуден жалықпайды. Себебі осындай қиын да қызықты қызметті таңдаған жандарға жүктелер жауапкершілік жоғары. Бұл жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген мейірбикелердің еңбегі қандай құрметке де лайық. Сондықтан оларға адал қызметі үшін алғысымды білдіріп, төл мерекелерімен құттықтаймын»,-деді.
Салтанатты шарада әуелеген әсем әндер шырқалып, домбырадан күмбірлеген күй төгілді. Жиынға қатысқан ақ желеңді абзал жандарға небір жүрекжарды ақ тілектер айтылып, қажырлы еңбектері үшін алғыстар ағытылды.
Өлкенің денсаулық саласында ұзақ жылдар бойына аянбай тер төккен, бүгінде құрметті демалыстағы ардагер-медбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың біразы Облыстық денсаулық сақтау Басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Солардың бірі медицина саласында 50 жылдан астам еңбек еткен фельдшер-акушер, қазір 80 жастағы зейнеткер Нина Иванқызы Дронь: «Бүгінгі мерекемен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Жастардың қазір өз білімдерін көтеруге мүмкіндіктері мол. Мені сол жағдай қатты қуантады. Бізді-ардагерлерді ұмытпай бүгінгідей салтанатты шараға арнайы шақыртып, құрмет көрсеткеніне ризашылығымды білдіремін»,-деді қуанышты сезіммен.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему