Маңғыстау балуандары - турнир жеңімпазы
6 Декабря 2016 (17:38) | 2309 | Автор: Нурганым Имашева
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс орталығында дзюдодан өткен халықаралық турнир аяқталды. Дәстүрлі түрде жетінші рет ұйымдастырылған жарыс КСРО спорт шеберіне үміткер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне арналды. Спорт бәйгесіне еліміздің Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан және көршілес Әзірбайжан мен Грузия мемлекеттерінен келген 2000-2004 жылы туған 315 балуан қатысып, бақтарын сынады.
Салтанатты шараның ашылуына облыстық дзюдо федерациясының президенті Самат Мұсабаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық самбо федерациясының президенті Орақ Аяпов, облыстық спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, Маңғыстау облысы қазақ күресі Федерациясының президенті Аббат Өрісбаев, Маңғыстау облысы самбо Федерациясының вице-президенті Бейнеубек Әбілов, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сөз сөйлегендер облыста спорт саласын дамыту бағытында соңғы жылдары біраз жұмыстар атқарылғандығын, бірқатар спорт кешендерінің бой көтергендігін, онда мыңдаған спорт саңлақтарының жаттығып, тәлім алатындығын атап өтті.
- Баламұрат Ақшабаев менің туған жездем. Маңғыстау спорты жайында айтылса, Әмин Тұяқовтың еске түсетіні рас. Алайда Маңғыстаудан шығып, еркін күрестен облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарған балуандар санаулы ғана. Солардың арасында КСРО спорт шеберіне үміткер атанған спорт саңлақтарының бірі-Баламұрат Ақшабаев болатын. Өмірден ерте кетсе де, артына үлкен жетістіктері мен толағай табыстарды қалдырды. Әкесінің атын өшірмей, жыл сайын ұрпақтары осындай кең ауқымда дзюдодан турнирін өткізіп тұрады. Алғашқы кездері аудандық дейгейде өткізілген турнир міне, республикалық ауқымда ұйымдастырылып отыр, - дейді зейнеткер-ұстаз Оразғали Өтеуліұлы.
Жарыстың салтанатты ашылуынан кейін Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алғыс хатымен Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика Федерациясының президенті Бибігүл Тулегенова, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев, «Маңғыстау облысының үздік әдіскері» атағымен Сындаргүл Ершорақызы, «Қазақстан Республикасының самбо күресінен жастар арасындағы ең үздік бапкер» атағымен Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Сергей Волобуев, «Қазақстан Республикасының ең үздік әдіскері» атағымен Гаухар Чайкузова, өз ісінің білікті мамандары Марина Мишеева, Майра Мұстажаева, ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Қазақстан Республикасының ең үздік спорттық ақпарат журналисі» атағымен Венера Мирлан, «Үздік фотогроф» атағымен Ақерке Гагаринқызы марапатталды.
Сондай-ақ 2016 жылы халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғаған балуандар Азия Чемпионы, Әлем Чемпионатының қола жүлдегерлері Айболат Мұратұлы, Нұркен Домбаев, Бауыржан Сағынғалиұлына самбо күресінен «Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атағы» табысталды. Одан бөлек Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен Әлібек Құлбарақов, Ерлан Серіков, Ғайса Қалмұханов, Асхат Хапанов, Жомарт Қобланов, Әмірбек Жеңісовке «Дзюдодан Ұлттық дәрежедегі төреші» атағы берілді.
- Жарысқа Грузиядан 8 балуан алып келдім. Араларында Грузия мемлекетінің үш чемпионы бар. Сондықтан да жүлделі орыннан көрінеміз деп сенемін. Жалпы, бұл турнирге мен алғаш рет қатысып отырмын. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді, - дейді грузиялық бапкер Алекс Гвинашвили.
АЛҒАШҚЫ КҮНГІ ЖЕТІСТІК – 25 МЕДАЛЬ
Дзюдодан ұйымдастырылатын жарыс 2-3 желтоқсан күндері облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Дүбірлі доданы тамашалауға келген спорт жанкүйерлерінің де қарасы көп болды.
- Байрақты бәсекеде облыс намысын 50 балуан қорғайды. Бүгін жарыстың алғашқы күні 2000-2001 жылы туған 110 спортшы боз кілемде белдеседі. Турнирдің басты мақсаты-жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың республикалық жарыстардағы тәжірибесін нығайту. Турнир биыл жетінші рет өткізілгелі отыр. Бұл турнир осыдан жеті жыл бұрын аудандық, кейін облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Географиялық ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейге көтерілді. Жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының және облыстық дзюдо федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін, - дейді облыстық «Жастар» БЖСМ бапкері, жарыстың бас төрешісі Талғат Есекенов.
Жарыстың алғашқы күні боз кілемге шыққан 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер облыс қоржынына ұлдар 4 алтын, 2 күміс және 13 қола медаль салды. Сондай-ақ маңғыстаулық қыздар 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медальдарға ие болды. Маңғыстаулық Нұрбол Нұрсұлтан (46 келі салмақта), Нұржас Қуандық (55 келі салмақта), Нұрхан Қалдыбаев (81 келі салмақта), Мұхамбет Зұлқарнаев (+81 келі салмақта), Жанбота Мұқанова (40 келі салмақта), Гүлнұр Мақсейтова (+70 келі салмақта) алтынды жеңіп алды. Бірінші, екінші орын алған балуандарға ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атағы да қоса берілді.
-Мен дзюдо күресіне 7 жылдан бері қатысамын. Бұған дейін бірнеше республкиалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрмін. Бұл жолы жарыста үш кездесу өткіздім. Барлығын да сәтті аяқтап, финалда батыс қазақстандық Нұрлан Мәжікпен белдестім. Айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, жарыстың жеңімпазы атандым. Өте қуаныштымын. Жарысқа дайындаған бапкерім Жомарт Қобыланов ағайыма алғыс айтамын, - дейді Нұржас Қуандық.
МАҢҒЫСТАУ КОМАНДАСЫ – ЖҮЛДЕГЕР
Екі күн бойы облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залы жанкүйерлерге лық толып, дзюдо күресімен тыныстады. Екінші күні турнирдің ойындарын жалғастырған 2002-2004 жылы туған балуандарымыз 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы, 50 келі салмақта Төрекен Қобыланов, 36 келі салмақта Ботагөз Мінажаддин, 52 келі салмақта Маржан Каналиева, 40 келі салмақта Айгерім Еламанова, 48 келі салмақта Айкүн Рахметова, 63 келі салмақта Мадина Теңелбаева алтын медальді жеңіп алып, жерлестеріне жеңіс сыйлады.
- Республикалық жарысқа алғаш рет қатыстым. Өз салмағымда жеңімпаз атанып, алтын медальді иеленгеніме өте қуаныштымын. Жарысқа дайындаған бапкерім Ерлан Байысбай ағайыма, маған қолдау көрсеткен жерлестеріме ризашылығымды білдіремін,-дейді Ботагөз Мінажаддин.
Байрақты бәсекеде облыс балуандары 4 күміс және 17 қола медальға ие болды. Осылайша командалық есепте 13 алтын, 9 күміс және 31 қола медаль алған Маңғыстау облысына - бірінші орын бұйырды, 4 алтынмен Грузия мемлекеті екінші орынға көтерілсе, 3 алтынмен Орал қаласы үшінші орынға жайғасты.
- Биылғы жыл Маңғыстау дзюдо күресінің тарихында жетістіктерге, толағай табыстарға толы болды. Мамыр айында Ақтау қаласында дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирді өткіздік. Бетпе-бет кездесуде облыстық «Жастар» спорт мектебінен жасақталған құрама команда бірінші орынды иеленді, жеке салмақта да облыс балуандары жоғары көрсеткіш көрсетті.
Одан бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарда да балуандарымыз топ жарып, өңір намысын абыроймен қорғады. Маңғыстау спорт тарихында алғаш рет дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер арасында балуанымыз Әмірбек Жеңісов Ел чемпионы атанды.
Міне, енді облыс орталығында өткен республикалық жарыстың қорытындысында аймақ балуандары 13 алтын медальдің иесі атанып отыр.
Мұның өз үлкен жетістік. Жоғары көрсеткіш көрсеткен Жыңғылды спорт интернатының балуандарын да ерекше атап өткім келеді.
Бірінші, екінші орын алған балуандарымыз ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атағын да сәтті қорғады,-дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер бапкері Сергей Волобуев.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему