Маңғыстаулық балуандар Өскеменнен үш жүлдемен оралды
6 Октября 2016 (16:37) | 2162 | Автор: Нурганым Имашева
Өскеменде әлем чемпионы Талғат Ақтаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен халықаралық турнир аяқталды.
Байрақты бәсекеде облысымыздың қоржынын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің үш шәкірті алтын, күміс және бір қола медальдармен толықтырды.
Маңғыстаулық балуан Ақниет Тұрдан жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Балнұр Аппазова 48 келі салмақта күміс медальдың иесі атанса, 60 келі салмақта белдескен Рамазан Мамаев қоланы еншілеп, бапкерлерінің үмітін ақтады.
Жарысқа балуандарды облыстың белгілі бапкерлері Жомарт Қобыланов пен Ерлан Байысбай дайындады.
- Жарыстың алғашқы күнінде боз кілемде белдескен шәкіртіміз Балнұр Аппазова шешуші сәтте қызылордалық балуанға есесін жіберіп, күміс медальді иеленді. Рамазан болса, ШҚО, алматылық, шымкенттік, қарағандылық, өзекстандық балуандармен белдесіп, қола медальді қанағат тұтты, - дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
Жарыстың екінші күнінде 70 келі салмақта кілем шаңын қаққан балуандардан жерлесіміз Ақниеттің мерейі үстем болды. Бес қарсыласын ойсырата ұтып, боз кілемнің көркін қыздырған аруымыздың асығы алшысынан түсіп, алтын медальдің иесі атанды.
- Балуанымыз Ақниет белдесулерін өте сәтті аяқтады, қарымы өзгелерден басым болды. Алтыннан алқа таққан балуанымыздың жеңісіне өте қуаныштымыз. Дүбірлі додадан қоржынымыз үш медальмен толықты.
Жалпы әлем чемпионы Т. Ақтаевты еске алуға арналған халықаралық жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 320 дзюдошы қатысты, - дейді бапкер Жомарт Қобыланов.
Қалмахан мен Ұлбосынның отбасында дүниеге келіп, бес баланың ортасында тәрбиеленген Ақниеттің спортты жанына серік еткеніне 6 жыл. Қызының спортқа деген ынтасын байқаған әкесі 12 жасында өзі жетелеп әкелген.
Спорттағы алты жылында бірнеше облыстық, республикалық жарыстарға қатысқан аруымыз екі мәрте ҚР-ның чемпионы атанған. Оның бірі - биылғы жылдың 1-2 қазан аралығында Семейде ересектер арасында өткен жарыста ҚР чемпионы атанып, алтыннан алқа таққаны.
- Әр қатысқан жарысымнан елге жеңіспен оралып, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтау - менің мақсатым. Бұл жолы бірінші кездесуім алматылық балуанмен өтті. Белдесуімді сәтті аяқтап, павлодарлық, қырғызстандық, шымкенттік балуандарды ойсырата ұттым.
Финалда қостанайлық балуанның жауырынын жерге тигізіп, алтын медальдың иесі атандым. Жеңісімді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнаймын!
Мені жарысқа дайындаған бапкерлерім Манарбек, Сергей, Жомарт ағайларыма ризашылығымды білдіремін, - дейді Ақниет Тұрдан.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему