Кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған жиын өтті
18 Марта 2014 (10:58) | 5343
|
Автор: Редакция

Ақтау қалалық прокуратурасы «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау филиалымен бірлесіп кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды.
Жиынға қала прокуроры Талғат Әлібаев, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау филиалының директоры Бауыржан Утепбаев, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Талғат Ноғаев, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу Басқармасы бастығының орынбасары Эрлан Әлібеков, қалалық мәслихат хатшысы Марат Молдағұлов және құзырлы мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Ақтау қаласы прокурорының аға көмекшісі 1-ші сыныпты заңгер Серік Әділұлы 2013 жылы және 2014 жылдың 2-айында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында атқарылған жұмыстар туралы қысқаша баяндама жасады.

- Бүгінгі күні кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік дамыту, қолдау мақсатында ҚР аумағында тиісті ауқымды шаралар қабылдануда. Осылардың соңғысына тоқтар болсақ, ҚР Президентінің жарлығына сәйкес 2014 жылдың сәуір айынан 2015 жылға дейін шағын және орта бизнесте жоспарлы тексеруге мораторий жарияланғандығы бәрімізге мәлім. Алайда, Ақтау қаласы аумағында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу немесе заңсыз тексеру жүргізу деректері бүгінгі күнге дейін орын алуда.
2013 жылы қала прокуратурасы тарапынан кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау мақсатында «Мобилдік топтың» сенім телефонына жалпы 10-хабарлама түсті және барлық хабарламалар бойынша тексерулер жүргізіліп, 8-хабарлама бойынша құзырлы органдар тарапынан заңсыз тексеру жүргізгендігі анықталды.
Заңсыз жүргізілген тексерулерді жою және алдағы уақытта болдырмау мақсатында енгізілген заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстардың негізінде 8-лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Олардың, ішкі істер органдары бойынша 4-лауазымды, жергілікті әкімшілік қызметінен 2-лауазымды, төтенше жағдайлар Департаментінің және ветеринария саласында 1-лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды.
Сонымен қатар, 2014 жылда заңсыз тексерулер орын алғандығын қаперіңізге беремін. Атап тоқталар болсақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында қалалық мемлекеттік ветеринариялық инспекторы «Медовая лавка» дүкенінде заңсыз тексеруге барып, ара өнімдерінің құжаттарын сұрағаны анықталды.
Қала прокуратурасы тарапынан заңсыз тексеру жүргізген лауазымды тұлғаға қарсы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 153-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде, Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотымен заңсыз тексеру жүргізген лауазымды тұлға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 153-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деген Серік Әділұлы құзырлы тексеруші органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектісінің тәуекел дәрежесін дұрыс дәрежелемеу деректерінің орын алу фактілеріне тоқталып өтті.

Отырыста мұнан өзге Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Талғат Ноғаев, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу Басқармасы бастығының орынбасары Эрлан Әлібеков, қалалық мәслихат хатшысы Марат Молдағұловтар сөз алып, кәсіпкерлер құқығын қорғауға қатысты ойларымен бөлісті.
Кәсіпкерлер тарапынан да белсенділік танытқандар табылып, олар өз ұсыныстарын білдіріп, толғандырған сауалдарын қойып, оларға тиісті құзырлы органдар басшыларынан тұшымды жауаптар алды. Қалалық құзырлы мекемелердің басшылары: атап айтқанда қалалық ТЖ басқармасы, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау басқармасы және облыстық көші-қон полициясы басшылары өз ұсыныстарын ортаға салды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz



