Турмеден келген хат
11 Февраля 2016 (12:29) | 4135 | Автор: Редакция
Менің есімім Нұрғалиев Арман Мақсұтжанұлы түрмеден хат жолдап тұрмын. Жасаған қателіктерім туралы айтып, жастарды менің шалыс қадамымнан сабақ алуға шақырғым келеді. Мен «терроризм» бабы бойынша 10 жыл, 6 айға сотталып, ел арасында «69-зона» аталып кеткен Ақтаудағы ГМ 172/6 түзету мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Менің бостандыққа шығуыма әлі 6 жыл, 4 ай бар. Бұл жерге мен қалай тап болдым?!
Мен 1983 жылы Атырау облысында, қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Ата-анам жасы ұлғайған адамдар. Екеуі де зиялы жерден шығып, ел игілігі үшін тер төккен жандар (әкем 41 жылдан бері мұнай саласында жұмыс істеп келе жатыр, ал анамның педагогтық еңбек өтілі – 36 жыл). Мені өсіріп, жеткізіп, бағып-қаққан асыл жандар қазір менің тағдырыма алаңдап, қайғыдан қан жұтып отыр. Сотталғаным оларға қатты соққы болды. Бүгінгі таңда менің төрт баламды асырап, бағып-қағып отырған да сол аяулы екі адам – анам мен әкем. Үлкен ұлым биыл үшінші сыныпта оқып жүр. Мен бостандыққа шығамын дегенше оның жасы 17-ге, ал үш қызым – 13, 11 және 7 жасқа толады екен. Қазір олар кішкентай ғой – көп нәрсені ұға бермейді, осынша жылдан соң орталарына қайта оралғанда осынша уақыт қайда болғанымды оларға қалай түсіндірерімді білмей далмын. Әкем туған баласының бұралаң жолға түскенін көтере алмай, инсульт ауруына шалдықты. Анамның да денсаулығы сыр бере бастады. Енді оларда қанша ғұмыр қалды дейсіз... Ата-анам да, отбасым да менің қамқорлығым мен қолдауыма зәру. Ал, мен болсам... Аяқ-қолым «кісендеулі», басым «бұғаттаулы», мекенім – темір тор. Өкінемін әрине. Осы күйге қалай түскенім жайлы көп ойланамын.
Балалық шағымда ата-анам менің өсіп-өркендеуім үшін барлық жағдайды жасады. Жасөспірім кезім елді алқымнан алған тоқсаныншы жылдарға тап келгеніне қарамастан, менің барлық керегімді алдыма тосты. Маған мейірімді де, қамқор ата-ана сыйлаған Аллаға алғыс білдіремін!
Мектепті «жақсы» деген бағаға бітіріп, университетке оқуға түстім. Студенттік өмірім әдеттегідей оқу, қыдыру, түнгі клуб, кинотеатр, мейрамхана арасында өтіп жатты. Күндердің күнінде мен бұл жүрісімнен жалыға бастадым. Жаныма бірдеңе жетпей тұрғандай күй кештім.Сөйтіп жүргенде бір күні менің қолыма тозақ пен жұмақ туралы жазылған діни кітап түсті. Оны оқып болған соң дінге бет бұрып, мешітке бара бастадым. Бұл кезде менің достарымның кейбірі түрлі себептермен мешітке барып, намаз оқып жүрген еді.
Жоғарғы оқу орнын бітірерге таяу менің діннен азын-аулақ хабарым болды. Сөйтіп, жаным тыныш тапты. Бұл кезде мен бұрынғыша жағымсыз әдеттен ада болатынмын. Университетті бтірген соң жұмысқа орналасқым келіп, көптеген компанияға түйіндемемді жібергеніммен, бәрі еңбек өтілін сұрап, мені жұмысқа қабылдамады. Осылайша, асқақ армандарым мен ойлаған ісімді жүзеге асыра алмай жүргенде, жалған дін мен оны уағыздаушылардың құрығына қалай түскенімді білмей қалдым. Нәпәқамды әр жерден тауып жүрдім. Жастар батыс елдерінде білім алу үшін кетіп жатқанда, ата-анам оқу ақысын төлей алмайтын болғандықтан мен онда бара алмадым. Бірақ «Аль-Азхар» Ислам университетіне ғаламтор арқылы түсіп, Ислам діні туралы араб тілінде оқып-білуге мүмкіндік алдым. Бірақ туыстарымның дегенімен бір жылдан соң елге оралдым. Дінге мені таза адамгершілік мұрат жетелеген еді. Бірақ діни білімнің таяздығы мені бүгін тап болған тығырыққа әкеліп тірейді деп мүлде ойламаппын. Біздің «жалған уағыздаушыларымыз» бізге нұсқаған жолдың бұралаң болғаны соншалық, оның зардабын бостандығымыздан айырылғанда бір-ақ білдік.
Мен қиын жағдайға тап болған қателіктерімді сараптай келе, мынадай ой түйдім: менің қатарларымның қателесіп, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кету себебі – жастардың Ислам мен Қазақстан Республикасының заңнамасын үстірт білуінен екен. Мені қолға түсіріп, қандай құқық бұзушылықтар бойынша айыпталып жатқанымды айтқанда заңда ондай баптың бар екенінен бұрын мүлде хабарым болмағанына таң қалдым. Біз өз ақымақтығымыздан қандай да бір қателік үшін жауап беретінімізді білмедік. Балалық қиялдың жетегіне еріп, біз Ислам туралы сұраққа өздігімізден жауап іздедік. Қажетті жауап табылмаған соң, жергілікті мешіттерден алған білімді меңгеріп болғаннан кейін жаңа бір діни деңгейге жету үшін ғаламторға жүгіне бастадық. Аңқаулығымыздан бізге өз діни ағымының жарнамасын жақсы жүргізген танымал шейхтардың дәрісінен іздегенімізді табамыз деп ойладық. Бірақ біздің сұрақтарымызға ешкім тұщымды жауап бере алмады. Біз алған білімді тәжірибеде қолдану мүмкін емес еді. Тек қазір ғана менің өзге де таныстарым секілді ақиқаттан алыс Ислам шарттарының құрбаны болғанымды түсіндім. Жазамды өтеп жатып көзқарасым мен өмірлік құндылықтарымды қайта қарап шығып, бұл жалғанда отбасы, ошақ қасында адал еңбекпен күн көріп, бостандықта жүргеннен асқан бақыт жоқтығын түсіндім. Мен өз балаларымды еліміздің лайықты азаматы етіп тәрбиелеп, елімізде діни экстремизмнің таралмауына жәрдемдесетін боламын.
Бостандыққа шыққан соң ата-анам және менің төрт баламды жалғыз тәрбиелеп отырған жан жарыма қорған болғым келеді. Мен үшін және жақындарым үшін менің тағдырым психологиялық, моральдық және физикалық тұрғыдан алып қарағанда өте ауыр соққы, орны толмас өкініш болды.
Енді мені үлкен отбасымның ортасында, бақытты өмір сүру мақсаты бостандыққа жетелейді. Жастарға радикалдық идеялар мен асығыс шешімнен алшақ болыңдар демекпін. «Ақылды өзгенің қателігінен сабақ алады» демекші, менің қателігім Сіздерге сабақ болсын! Менің қателігімді қайталамаңыздар! Алла тағаланың Құранда келтірген сүйікті де маңызды сөзі бар – ата-ананы қадірлеп, сыйлау керек деген. Исламды тануды, міне, осыдан бастау керек.
Арман НҰРҒАЛИЕВ,
ГМ 172/6 түзету мекемесінде жазасын өтеуші.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему