Өнер шыңына өрлеген өрен
Курс валют в Актау
на 19/05/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Воскресенье,
19 Мая, 04:48
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Өнер шыңына өрлеген өрен

12 Января 2016 (09:44) | 4028 | Автор: Нурганым Имашева

 

Оның өнерге деген қызығушылығы сәби шағынан оянды. Тілі былдырлап жаңа шыға бастаған балбөбек кезінен-ақ теледидардан көрсетілетін сериалдардағы шырқалатын әндерге қосылып әндетуді әдетке айналдырды.

 

Кейін мектеп табалдырыған аттаған сәтте бойында сахнаға шығып, өнер көрсетуге деген талпыныс пайда болды. Ән салуға деген қабілеті мен ынтызарлығын байқаған бастауыш сыныптағы Ләйлә апайы мектептегі түрлі шараларға қатыстырды.

 

Сөйтіп жасөспірім шағында анасы мен апалары Бердібектің үлкен өнерге қанат қағуына себепші болып, оны Абай атындағы мәдениет сарайындағы вокал үйірмесінен дәріс алуға бағыттайды.

 

 

Ән әлеміне ынтызарлық

 

Ұзақ жылдар бойына байланыс саласында орнықты еңбек етіп келе жатқан Мұхамеджан Бітімбайұлы мен тігіншілік өнерді өзіне серік қылған Айткүл Сағындыққызы Құлғараевтардың отбасында төрт қыздан кейін 7 жылдан соң өмірге келген ұлдары Бердібек кішкентайынан тұла бойында өнерге деген бейімділіктің барын байқатты.

 

Сұхбат кезінде сәби шағынан перзентінің теледидардан ән естіген сәтте ерекше қылық танытып, бірге шырқауға талпынғанын есіне түсіріп, күлімдеген анасы баласына әрдайым қолдау танытқанын жасырмады.

 

- Он айлығында алғашқы қадамын жасап, тәй-тәй басқан ұлым, былдырлап сөйлеуге талпынды. Бір жасқа толғанда би билеп, 1 жас 6 ай - 1 жас 8 айында телесериалдардағы әндерге қосылатынды шығарды. Сәбиіміздің бұл қылығына мәз болған біз туыстарымыздың той-томалақтарында бөлелерімен қатар қойып, бірін билетіп, екіншілерін ән салғызып, олардың өнерін қызықтайтынбыз. Кейін мектепте бастауыш сыныпта оқып жүргенде де ұлым Бердібек мерекелік шараларда ән салып жүрді, - дейді анасы.

 

Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде үйде DVD – ге қосылып ән шырқауды әдетке айналдырған ұлы Бердібектің өнер ордасының қабырғасында дәріс алуына түрткі болған анасы Айткүл Сағындыққызы баласына Абай атындағы мәдениет сарайындағы вокал үйірмесіне баруға кеңес берген.

 

Сол кезде Салихат Құдысова есімді ұстазға тап болған жас талант Бердібектің өнердегі бағы жанып жүре берді. Шәкіртінің бойынан өнерге деген құштарлығы мен қабілетінің барын бірден байқаған мұғалімі оның дауысын реттеп, ән салудың қыр-сырын үйрете бастады. Арада 1 ай уақыт өткенде қалалық «Музыкальный вояж» байқауында Бас жүлдені жеңіп алған жас әнші Бердібек Құлғараев өзінің өнер әлеміне тектен-тек келмегенін аңғартты. Бұл 2006 жыл болатын. Анасы ұлының сол кезде қайсарлық танытып, тек Бас жүлдені иеленуге талпынғанын есіне алды.

 

Бұл жеңісі үлкен өнердегі алғашқы жетістігі болуымен қатар, Бердібектің ән әлеміндегі болашақтағы бағындырар белестерінің бастауы болатын. Сол жылы Алматы қаласында өткен «Бозторғай» Халықаралық ән байқауында үздік өнер көрсеткен Бердібектің қабілетін әділқазылар алқасында болған ҚР Халық әртістері Роза Рымбаева мен Лаки Кесоглу және Болат Аюхановтар жоғары бағалады. Талантты жасөспірім бұл конкурста да І орынды жеңіп алған еді.

 

Келесі 2007 жыл да жас әнші Бердібек үшін табысты болды. Ол Түркия, Болгария елдерінде өткен бірнеше Халықаралық байқаулардың дипломанты атанып, тек Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнерін шет елдерге танытып, елінің абыройын асқақтатты.

 

Кейінгі жылдарда да өнер бәйгелерінен құр алақан қалмаған жас өрен 2009 жылы Ақтаудағы №14 орта мектепті тамамдап, мамандық таңдап, арман қуып, Алматыға барады. Т.Жүргенов атындағы Қазақтың Ұлттық Өнер Академиясына құжат тапсырғанмен, арнайы музыкалық мектепті немесе колледжді аяқтамағаны кедергі болған сәтте, «Бозторғай» Халықаралық конкурсы кезінде өнеріне тәнті болған қазылар алқасының төрағасы Лаки Кесоглу кездесіп, талантты жастың оқуға қабылдауына ықпал еткен. «Шын талантқа тұсау жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Салихат апайынан дәріс алып, жақсы дайындықпен барған жас дарын сынақ тапсырған 75 талапкердің арасынан ең жоғары балл алған.

 

Оқуға түскен соң да 1-2 айдан кейін майталман өнерпаздар қатарында Дубай қаласына өнер көрсетуге барған Бердібектің бұдан кейінгі кезде де бағындырған биіктері аз болмады. Сол жылдары Академияның ректоры болған қазіргі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өнерлі өрен Бердібек Құлғараевтың еңбекқорлығы мен білімге деген құлшынысын, талантын ерекше құрметтеп, бағалайтын.

 

Оқу орнында жақсы оқып, өнерімен талайды тамсантқан жас әнші ҚР Тұңғыш Президентінің шәкіртақысына ие болды. Төрт жыл Академиядағы оқуына қоса, 2 жыл магистратураны да аяқтап, үзік түлек ретінде қызыл дипломды иеленген Бердібек 2014 жылы «Эстрада вокалы» мамандығын алып шықты.

 

Бүгінгі күні танымал сазгер Лұқпан Жолдасовтың продюсерлік орталығында өнер көрсетіп жүрген жас әнші қазақ эстрадасының дамуына өзіндік үлесін қосуда.

 

Ақын-сазгерлермен шығармашылық байланысы туралы сауалға өнерпаз: «Талант Арғынғали, Асқар Дүйсембі, Ринат Зайытов сынды танымал ақындардың сөзіне өрілген әндерді репертуарыма енгізгенмін, сазгерлерден көбіне Лұқпан ағамыздың әндерін және «Самал» тобында өнер көрсететін, өзіміздің жерлесіміз Самал Ермаханның әндерін шырқап жүрмін»,-деді.

 

Шығармашылық жоспарымен бөлісуін сұрағанымызда Бердібек: «Ақпан айының 14 – і күні Астана қаласында өтетін Лұқпан Жолдасов ағамыздың 50 жас мерейтойына арналған үлкен шығармашылық сазгерлік кешіне дайындалудамыз. Алла бұйыртса, сол кеште өнер көрсетеміз. Сосын тағы бір әніме бейнебаян түсіруді жоспарлап жүрмін. Жалпы, өз басым, жоспарым туралы айтудан гөрі, жасалған істің нәтижесін көрсетуді қалаймын. Әрекеттерімді сөзбен емес, іспен дәлелдеуді дұрыс деп санаймын»,-деп жауап берді.

 

 

Өнерлі өрен туралы лебіз

 

Бердібектің анасы Айткүл Сағындыққызы:

- Ұлым жанұядағы жалғыз ұлмын деп ерке болып өспеді, саналы, тәртіпті, ақылды бала болып ержетті. Өнерге деген талпынысын ата-анасы ретінде әкесі екеуіміз де, апалары да, бәріміз қолдадық. Жеткен жетістіктеріне, баламыздың жеңістеріне қуанып, марқайып отырамыз.

 

Вокалдан дәріс берген Салихат апайына, Академияда ұстазы болған Люция Төлешова апайына және баламыздың өнерін, білімін бағалаған сол кездегі ЖОО-ның ректоры болған Арыстанбек Мадиярұлына алғысымыз шексіз.

 

Ұстазы Салихат Құдысова:

- Бердібек менің сыныбымда 2006 жылдан бастап 4 жыл дәріс алды. Ол өзінің еңбекқорлығы, жоғары жауапкершілігі, мұғалімнің айтқанын мұқият тыңдайтын зейінділігімен ерекшеленуші еді. Сабаққа келмей қалған күні ешқашан болған емес. Өзге балаларға Бердібекті үлгі тұтатынмын. Оның бойында өнердің ұшқыны бар екенін бірден байқадым, балаларға ән салғанын тыңдатып, жетістіктерін аңғаруға кеңес беретінмін. Сөйтіп, балалар бір-бірін тыңдау арқылы әрқайсының артықшылықтары мен кемшін тұстарын өздері анықтайтын.

 

Бердібек көптеген халықаралық конкурстарға қатысып, Бас жүлдені жеңіп алып жүрді. Шәкіртімнің жетістіктерін мақтан етемін. Студент кезінде демалысқа келгенінде менің үйіме, жұмысыма келіп, хал-жағдайымды біліп, өзінің жетістіктерімен бөлісіп тұрды. Қазірде Алматыда немесе Астанада жүрсе де үнемі қоңырау шалып, шәкіртімнің жайынан хабардар болып отырамын.

 

Қайда жүрсе де ұстазы ретінде оның тілеуін тілеп, өнерде үлкен белестерді бағындырып, елінің абыройын асқақтатқанын қалап отырамын,-деген ұстазы шәкірттерінің барлығымен де хабарласып отыратынын, олардың ата-аналарының тарапынан да алғыстарын естіп, көңілі марқайып қалатынын, шәкірттерінің жеңістеріне қуанатынын жасырмады.

 

Бердібектің жетістіктері туралы айта келіп, шәкіртіне өнер әлемінде биіктерді бағындыруда үлкен сәттіліктер тілейтінін, елімізге белгілі әнші болуын, қайда жүрсе де аман болып, жеңістерге жете беруіне тілектес екенін білдірді.

 

 

Жеткен жетістіктері:

2006 жылы

«Музыкальный вояж» қалалық конкурсы, Гран-При, Ақтау

«Бозторғай» Халықаралық конкурсы, 1-ші орын, Алматы

 

2007 жылы

«Добрич-2007» халықаралық конкурсы, дипломант, Болгария, Добрич

«Нота по Нота» 2-ші орын, Болгария, Пазарджик

«Талисман удачи» халықаралық конкурсы, 2-ші орын, Турция, Аланья

 

2008 жылы

«Жұлдыз болғым келеді» облыстық телевизиялық конкурсы, Гран-При, Ақтау қаласы

 

2009 жылы

Эстрада әншілерінің «Жұлдыз-2009» конкурсында 2-ші орын, лауреат атанған. Қарағанды қаласы.

 

2011 жылы

Корея елі, Дэгу қаласында өткен халықаралық мюзикл фестивалінде «Ромео-Джульетта» алғашқы рет қазақ тілінде қойлып, Бас жүлдені жеңіп алды. Қоюшы режиссері - Еслям Нұртазин

 

2012 жылы

«Возрождение» халықаралық конкурсы, Гран-При, Армения, Гюмри қаласы

«Паланга - 2012» халықаралық конкурсы, Гран-При және «Принц» атағы, Литва, Паланга

 

2013 жылы

«Витебскідегі славян базары - 2013» эстрадалық әндерді орындаушылардың ХХІІ халықаралық конкурсының дипломанты, Халықаралық «МИР» телеарнасының арнайы жүлдесі, Витебск

 

2014 жылы

Астана қаласы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың Алғыс хаты:

«ТМД Парламентаралық Ассамблеясының жоспарлы іс-шаралары шеңберінде Санкт-Петербург қаласының Таврический сарайында ұлттық өнер мен музыканы нақыштайтын ҚР-ның өнер шеберлері концертінің жоғары деңгейде өтуіне белсенді атсалысқаны үшін».

Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының қолдауымен көптеген шет елдеріне барып, жоғары дәрежедегі концерттік шараларға атсалысып қатысты. Олар: Біріккен Араб Әмірлігі, Оңтүстік Корея, Украина, Мәскеу, Израиль, Швейцария, Германия, Япония, Голландия, Әзірбайжан Республикасы

ҚР Тұңғыш Президентінің шәкіртақысына ие болды. Алматы облысы бойынша студенттер арасынан «Ең үздік мәдениет қайраткері» атағын алды.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
Гүл, 12 Января 2016 (14:28)
3 0
Аман ердің аты шығар, тіл көзден аман болып, болашағы жарқын болсын!
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему