«Қазақстанда Жасалған» тауарлар саудаланды
18 Декабря 2015 (09:57) | 4266 | Автор: Мира Ботабекова
Ақтауда кеше Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстанда жасалған тауарлардың көрме-жәрмеңкесі өтті. Жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері қала тұрғындарына тәтті тағамдар, киім-кешек пен көрпе-жастық және қайталанбас кәдесыйларды төмен бағада ұсынды. Сапасы да шетелдік бұйымдардан еш кем түспеді. Бірер сағат ішінде мыңға жуық адамның сауда жасағаны осыған дәлел.
Жаңа жылдық мереке алдында жақындарға қайталанбас сыйлық жасау кім-кімнің де арманы. Ақтауда «Қазақстанда жасалған» деп аталатын көрме-жәрмеңке тұрғындар көңілін шықты. Бастысы, маңғыстаулық кәсіпкерлер жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдардың мол сұранысқа ие екендігін дәлелдеп берді.
Тәтті нандар, ет, сүт өнімдері, кешкі көйлектер мен күнделікті өмірге арналған киімдер, балалар шұлығы мен бас киімдері, тоқыма бұйымдары дейсіз көрмеден бәрін табуға болады. Мұның бәрі Қазақстанда жасалған. Отандық өнім саудаланған жәрмеңкеге бармағынан бал тамған шеберлер тек қана эксклюзивті дүниелерін ұсынды. Бірі қайыстан, енді бірі киізден сөмкелер, бикештерге арналған қол сөмкелер, тағы бірі жұмсақ ойыншық пен қуыршақ тігіпті. Кәдесыйлардың да түр-түрін кездестіруге болады. Шеберлер отандық шикізаттарды қолданған.
Бала күтімімен үйде отырған жас ана Мәнсия Бекқожина әшекей бұйымдар жасап, табыс тауып отыр. Ол аталған көрмеге сырға, сақина, білезік пен алқалардың жүзге тарта түрін әкеліпті.
Мәнсия Бекқожина, кәсіпкер:
-Бұл әшекейлерге мен бағалы тастарды қолданамын, қазақтың ою-өрнектерін де қолданып жасаймын. Қазіргі таңда қолдан жасалған мұндай әшекей бұйымдарға сұраныс жоғары. Менің ойымша, бала күтімімен үйде отырған аналарға осындай әшекей бұйымдарды, кәдесыйларды жасап, өздерінің уақытын пайдалы да тиімді өткізгені дүрыс деп ойлаймын.
Авторлар негізінен ұлттық нақышқа басымдық берген.Сапасы шетелдікінен еш кем түспейтін бұйымдардың бағасы да нарықтағыдан анағұрлым арзан. Қолжетімді бағамен сатылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірер сағаттың ішінде мыңға жуық адам сауда жасаған. Ер-азаматтар эксклюзивті Жаңа жылдық сыйлықтар қойылған жерлерге шоғырланса, әйелдер қауымы түрлі әшекейлерді қызықтап, қалауын таңдауға мүмкіндік алды. Ақтаулық бойжеткен Гүлзада Айымова жаңа жыл кешіне киетін әдемі көйлек сатып алды.
Гүлзада Айымова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Бүгін көптен бері іздеп жүрген көйлегімді таптым. Сәнді әрі өзіме жарасты. Ең бастысы арзан екен. Замандастарыма шетелдік брендтерге көп ақша жұмсағанша, ұлттық бояуы бар жергілікті шеберлердің киімдерін сатып алуға кеңес берер едім. Көйлектен басқа туыстарыма түрлі сыйлықтар да сатып алдым.
Бұл көрмеде елімізде жасалған тауарларды тікелей тұтынушыға саудалауға және халыққа таныстыруға зор мүмкіндік туды. Сондықтан да жергілікті тауарөндірушілердің ұсынысына орай, енді аталған жәрмеңке апта сайын өткізілетін болды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему