Қара өлеңнің Хантәңірі
9 Ноября 2015 (12:35) | 2365 | Автор: Нурганым Имашева
Аталмыш тақырыпта Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында ақын, жазушы Жұбан Молдағалиевтың туғанына 95 жыл толуына орай әдеби кеш өтті.
Қазақстанның халық жазушысы, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың туғанына 95 жыл толуына арналған поэзия кешіне Ақтаудағы №9 орта мектеп пен Гуманитарлық колледждің студенттері және олардың ұстаздары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Шараны жүргізген облыстық кітапхананың білікті маманы Мираш Өмірзаққызы Биниязова жас оқырмандарды қазақ әдебиеті әлемінің тау тұлғасының өмір және шығармашылық жолымен таныстырып, мол мағұлматтарға қанықтырды.
Ақындық пен батырлықты тең ұстаған тұлғаның қызықты, мағыналы өмірбаяны туралы мәліметтерді ұйып тыңдаған жас өрендер өздері жаттаған ақын өлеңдерін тебірене жырлап, жиылғандарды тәнті етті. Әсіресе Ж.Молдағалиевтың қазақ халқының ұзақ жылғы тарихына шолу жасап, дархан халықтың бейнесін жинақтаған «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді оқылғанда зал сілтідей тынды.
АқЖайықта туып, бүкіл қазақ елінің сүйікті ақынына айналған қаламгердің тұлғасы туралы Базарғали Қуатов: «Жұбан-ақындықтың асқақ үнін азаматтық әуенмен астастыра жырлаған ақын»,-десе, Е.Дүйсенбайұлы: «Жұбан Молдағалиев оқ пен оттың астынан әдебиетке келген ұрпақтың өкілі. Сондықтан оның өлең-дастандарында ел мен жер тағдыры, ерлік өмірбаяны өрнектелген»,-деп бағалаған.
Кеште сонымен қатар, ақиық ақынның жалынды жырларына өрілген, кез-келген қазақтың көкірегін мақтаныш сезіміне бөлейтін «Еділ мен Жайық», «Мен-Қазақпын» және т.б. әсем әндері тыңдалды.
Облыстық кітапхананың тәжірибелі кітапханашысы Мираш Өмірзаққызы Биниязова:
-Жұбан Молдағалиев – өзі өмір кешкен заманның заңғар жазушысы, жалынды ақыны. Оның қаламынан шыққан өшпес жырлар жастарды өз Отанын, халқын шексіз сүюге, өз ұлтына адал болуға тәрбиелейді.
Жаңарған ел, жасарған жер, жаңа ұрпақ, жастық, махаббат, қазыналы Қазақстан жайлы жырлаған ақын парасатты поэзиясымен халық арасында қашаннан қалаулы тұлғаға айналған еді,-деді кеш қонақтарына ақынның қазақ әдебиетіндегі алар орны туралы әңгімелеген кезінде.
Жас ұрпақтың санасына сәуле құятын осындай тәрбиелік мәні зор кештерді жиі ұйымдастыратын Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері үнемі тартымды шараларымен өздерінің жас оқырмандарын әдебиет әлемінің сиқырлы сырларымен баулып, елжандылық, ұлтжандылық қасиеттерді жастардың бойына сіңіруге ұмтылып жүргенінің талай куәсі болып жүрміз.
Кеш соңында шараға белсене қатысқан жастар мен олардың ұстаздарына Облыстық кітапхананың Алғыс хаттары табысталды. Әдеби кештен Жұбан Молдағалиев сынды заңғар ақынның жауһар жырларын тыңдап, қаламгердің асқақ та сыршыл поэзиясынан мол ләззат алып тарасқан жас өрендер ерекше көңіл күйде болды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему