Маңғыстауда Наурыз мерекесіне орай 250-ден астам іс-шара өтеді
17 Марта 2023 (17:27) | 1417 | Автор: Редакция
Маңғыстау облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында 250-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова хабарлады.
Спикердің айтуынша, мерекелік іс-шаралардың басты мақсаты – рухани, тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және қалыптасқан дәстүрлі идеология қағидаттарын қолдап, оларды кеңінен дәріптеу.
Сондай-ақ, облыстағы этно-мәдени бірлестіктер өкілдері мереке қарсаңында «Ұлт қазынасы - бірлік» шарасын ұйымдастырып, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, ұлттық тағам мен тәттілерін ұсынатын болады.
-Біз Наурыз мейрамында балаларды да назардан тыс қалдырмадық. Мереке күні бүлдіршіндерге ұлттық нақыштағы символдық сыйлықтар таратылып, 16-23 наурыз аралығында театрларда «Кел, балалар, ойнайық-2023» интермедия, «Батырлар сайысы» театрландырылған қойылымы көрсетіледі. Сонымен қатар, қала, аудан әкімдіктері мен «Мейірімді ана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Наурыз ата» қайырымдылық шарасы өтеді. Ал, 22 наурызда амфитеатр сахнасында «Ұлыстың Ұлы күні- Наурыз» балалар шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті, музейлерде ұлттық ойындар апталығы, кітапханаларда тиісті тақырыптық экспозициялар ұйымдастырылады, - деді Әсем Әшірова.
Сондай-ақ, спикер брифингте арнайы ақсақалдар мен ардагерлердің қатысуымен «Наурыз бата» басқосуы өтетінін мәлімдеді. Сонымен қоса, 21-22 наурызда қала, аудандарда «Жаңа күн –Наурыз бастауы», «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасы, «Қош келдің, Әз наурыз» тақырыбында концерттер өтеді және Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында 21-22 наурыз күндері 30-ға жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылады.
-Мәдени іс-шаралардың қатарында «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблінің концерті, «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасы, Yessenov университеті студенттерінің концерті бар. Ал 22 наурыз күні кешке дейін ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты іс-шаралар өткізу көзделген. Атап айтсақ, «Наурыз думан» театрландырылған көрінісінен бастау алып, танымал эстрада жұлдызы, әнші Бауыржан Исаевтың концертіне ұласады, - деді Әсем Әшірова.
Сондай-ақ «Өлкенің гүлденген балдаурені» атты концерт аясында өскелең өрендер өз өнерін көрсетеді. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің өнерпаздары да көрермендерге концерттік бағдарламасын ұсынады. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған іс-шара М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның, сондай-ақ Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының өнер ұжымдарының ән-жыр шашуымен жалғасады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему