Қызметін қадір тұтады
Курс валют в Актау
на 10/07/2020
 
671.15
413.11
 
462.89
468.61
 
5.63
5.87
Номер редакции: 8 (7292) 53 34 53
Номер журналиста: 8 707 900 67 10
Рекламный отдел: 8 707 040 14 81
[email protected]
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
10 Июля, 20:31
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Қызметін қадір тұтады

18 Июня 2020 (11:49) | 1730 | Автор: Нурганым Имашева

Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс.

 

 

Біздің кейіпкеріміз Ақтау қалалық Полиция басқармасының анықтау бөлімінің анықтаушысы Ақжол Базарбаев – жас маман. 1998 жылдың төртінші сәуірінде ақмаржан қала Ақтауда дүниеге келген ол, әкесі Базарбай Оразов пен анасы Бәлия Байсарованың тәлімді тәрбиесін алып, облыс орталығындағы №20 М.Әуезов атындағы орта мектепте білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге қадам басып, мамандық таңдау сәті туғанда өзіне бала шағынан ұнайтын, үстіне киген адамды сымдай түзу сымбатымен ерекшелендіре түсетін, полиция қызметкерінің формалық киімін киген тәртіп сақшысы боламын, полиция қызметкерінің имиджін көтеріп, қоғамдағы полицияның беделін арттырамын деп шешті. Сол балаң арманы жетелеп, 2015 жылы орта мектепті бітірісімен Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түскен ол оқуын «Тергеу-Анықтау» мамандығы бойынша 2019 жылдың 6-шы маусымында ойдағыдай тәмамдап, лейтенант шенінде туған жеріне оралды.

 

Туған қаласында өз жүрек қалауымен таңдаған қызмет жолын бастады. Қызметке тұрған алғашқы жылында өзіне тәлімгер болған «Анықтау бөлімінің» басшысы полиция подполковнигі Тоқбаев Ғалымжан Нұрмұханұлынан көп нәрсені үйренген жас маман Ақжол Базарбаев:

 

-Тек қызмет бабында ғана емес, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қандай сәтте де адамдық жоғары қасиетті биік ұстауға баулып отырған бөлім басшымыз полиция подполковнигі Тоқбаев Ғалымжан Нұрмұханұлы: «Адамдарға үнемі көмектесуден жалықпаңдар. Шен деген өмір бақилық емес, ең бастысы – сыйластық!» деп бізді-жас мамандарды адами қасиеттерге тәрбиелеумен келеді.

 

Қызметіміздің қыр-сырын ұқтырып, тәжірибе жинақтауда бізге өз білгенін үйретуден жалықпаған басшымыздан біраз нәрсені үйреніп, кәсіби шеберлігімізді шыңдау мүмкіндігіне ие болдық,- деп ризашылығын білдірді. Басшысын үлгі тұтатын жас полиция қызметкерлері оған барлық жағынан ұқсауға тырысады.

 

 

Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті күтеміз. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Осындай қасиеттерді бойына жиюды өзіне мақсат еткен жас полиция қызметкері Ақжол Базарбаев спортты жанына серік етуді де жөн көреді. Ол өзінің сүйікті спорты – футболмен айналысып, әріптестерімен бірге қызмет барысында ұйымдастырылатын турнирлерге қатысуды әдетке айналдырған.

 

«Неліктен полиция қызметкері болуды таңдадыңыз?» деген сауалға, қоғамның тыныштығын күзетіп, заңдылықтың сақталуын, әділеттік орнатып, азаматтардың құқығын қорғап, елімнің, халқымның амандығын сақтауға өз үлесімді қосқым келді деген анықтаушы Ақжол Базарбайұлы өзі қызмет етіп жүрген ұжымын – құрамында бөлім басшысы мен оның орынбасары және 10 анықтаушыдан тұратын «Анықтау бөлімін» мақтан ететінін, әріптестерінің бір-біріне деген сыйластығы, бауырмалдығы, қолдау көрсетуге даяр тұратындығы, ынтымағы ұйыған ұжымның ауызбіршілігіне деген ризашылығын жасырмады. Қызметін жаңа ғана бастаған жас маманның қызметке бірден сіңісіп кетуі үшін ұжымының жақсы болуы маңызды екенін атап өтті. Полиция қызметкерінің бойында болуы тиіс қасиеттері жайлы сауалыма:

 

-Ең алдымен тәртіп сақшысы – қоғамның айнасы. Ол сабырлы мінез иесі болуы тиіс, тез шешім қабылдайтын болуы керек, мәдениетті болуы шарт, адамгершілік қасиетті бойына ұялатқан, кішіпейіл болуы тиіс. Шамасы келгенше, адамның бәріне көмектесіп, шенім бар екен деп көкірек көтермей, қарапайым болуға тырысуы қажет.

 

Өз мамандығын жетік меңгерген, тәртіпке бағына білетін, заңдарды терең зерделеп, адам психологиясын ұғына білетін, ұтқыр ойлы, алғыр болуы керек,- деп жауап берді. Мамандық таңдау жолында тұрған іні-қарындастарына полиция қызметкері болудан ешбір қорқудың қажеті жоқ екенін айтып, өз алдына мақсат қоюмен, табандылық таныта отырып, қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолына өз өмірін арнаудың абзал іс екенін айтып өтті.

 

 

Қызметке кіріскен бір жыл ішінде бөлімде 100-ден аса қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған жас маманның өз мамандығының қыр-сырына үңілумен, басшыларынан үлгі алумен кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндігі туды. Қызмет бабында жаңаша технологияларды пайдаланумен ісі алға басты.

 

Өзі қалаған мамандығын алып, ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, елінің өркендеуі жолында абыройлы қызметті атқарып жүрген жас полиция қызметкері өзіне өмір сыйлап, сенімдерін артқан, таңдаған мамандығына қарсылық танытпай, түсіністікпен қарап, қолдау білдірген ата-анасына дән риза екенін де айтып өтті.

 

23 маусым күні аталып өтілетін – Қазақстан Полициясы күнімен өз басшылығын, ұжымын, әріптестерін қызу құттықтаған жас полицей Ақжол Базарбаев баршасына абыройлы қызмет, ел сенімін ақтаған білікті мамандар болып, халықтың алғысына бөленуді, мерейлерінің әрдайым үстем болып, қызметте сатылап өрлей беруін тіледі. Редакция ұжымы да осы ізгі тілекке қосылып, барлық маңғыстаулық полиция қызметкерлерін алда келе жатқан төл мерекелерімен қызу құттықтайды.

 

Суреттер кейіпкердің мұрағатынан

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 747 353 00 03
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему