Анықталған сапасыз жол құрылысына қатысты кең көлемде есептік құжат дайындалады
19 Мая 2020 (17:18) | 1458 | Автор: Редакция
Бұдан бұрынғы материалымызда Қазақстанда жол құрылысы саласына қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді деп айтылды. Сонда шамамен қанша қаражат осы салаға бағытталып келетінін білу мақсатында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) Маңғыстау облыстық филиалы (МОФ) директоры Елтай Құспанұлы Таялиевпен хабарластық.
-Мекемеміздің бас директоры Замир Сағыновтың мәліметінше, бір жылға жол құрылысы саласына біздің елімізде 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді екен. Бұған республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлек қаржы институттары да қосылады.
Енді осыларды ортақ бір базаға келтіруге күш салынуда. Өз алдына дербес сандық үлгіде сервер құрылады. Электрондық жүйе қай жылдары қандай жол жөнделді, оның сапасы қандай болды деген сұрақтарға жауап табу үшін жасақталуда. Жуық арады қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Бұдан соң жыл сайын айналып бір жолды жөндей беру машақатынан, бастысы мемлекет ақшасын оңды-солды жерге шашудан арыламыз деп үміттенеміз,-деп мәлімдеді филиал (МОФ) директоры Е.Таялиев.
-Жолдың сапасын бақылау қалай жүргізіледі?-деген сауалға.
-Сырт көзге айнадай тегіс болып көрінгенімен трасса құрылысына қолданылған жол материалдарының сапасын тек зерттханалық талдаумен ғана білуге болады. Осы мақсатта біздің мамандарымыз аптасына жұмыс күндері тұрақты түрде жолдарға шығып сынамаларды алады. Асфальт жабындыны бұрғылау арқылы алынатын үлгі ғылым тілінде «керн» деп аталады.
Ақтаудағы кеңсемізде зертханамыз бар. Сол жерде алдымен бірер сағат вакуммдық қондырғыда ұстау арқылы жол материалының тығыздығы өлшенеді. Бойына су сіңіру нәтижесі де журналға жазылады. Кейін дәлелдеме ретінде бұл жазбалар трасса құрылысына жауаптыларға қызметтік хат түрінде жіберіледі.
Жылжымалы зертханамыз да бар. Автокөлік шанағына қондырылған автоматты құрылғылар жол белгілерінің дұрыс қойылуын, ара сызықтардың қалыңдығына дейін дәл өлшемдерін алуға септігін тигізеді,-деп жауап берді Е.Таялиев.
Басшыға: «Неге біздің еліміздегі жолдар ұзаққа шыдамай, бүлініп жатады?»-деген сауал қойылды.
Филиал (МОФ) директоры Е.Таялиевтің айтуынша, «Сапасыз жол материалдарды қолданылған трассаға жөндеудің де жиі жасалатыны анық. Бұл ретте жұмсалататын қаражаттың әлгі жобаның бастапқы сомасынан да асып кетуі әбден мүмкін. Осы себепті біз құрылысы жүріп және аяқталған соң да сынамалар алу арқылы кемшілік барын көрсетеміз. Ол түзелмейінше мердігердің де тапсырыс беруші мекеменің де «соңынан қалмаймыз».
Тағы бір мәселе - жолдарда салмағы 14 тоннадан асатын жүк камаздарының жүруінде болып тұр. Қазіргі таңда 30-60 тонналық камаздар трассаларда өріп жүр. Яғни, өндірістік карьерлердің жүк көліктері жалпы халық пайдаланатын жолға шықпауы керек. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, олардың саны Қазақстанда 80 мыңнан асады екен.
Оларды тоқтатпай жолдарды толық түзей алмаймыз. Өйткені мұндай камаздар жүрген жолдар үш жылдан әріге бармайды. Мұндай мақсаттағы машиналар тек карьердің ішімен ғана жүрулері керек. Транспорттық бақылау жүйесін де қайта қарау деп санаймыз. Ауыр жүкті көліктерге арнайы жол салу керек. Бірақ бұл қадамға әлемнің бір де бір мемлекеті барып жатқан жоқ».
Кадр тапшылығы жайлы сұрағымызға, филиал директорынан мынадай жуап алдық:
-Биыл елімізде автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына қазынадан 750 млрд теңге қаржы қаралды. Бұл ретте кәсіби білікті мамандарға сұраныс та жоғары деген сөз. Расын айту керек, жол саласында маман тапшы.
Әсіресе барлық филиалдарда жол шеберлері, инженер-сметашылар, зертханашылар, жол құрылысы инженерлері, автогрейдер жүргізушілері, механизаторлар тағы басқа да мамандықтар бойынша адам жетіспейді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта орта есеппен үш мыңға жуық маман қажет екен. Отандық отызға тарта университет пен 50-ге тарта арнаулы орта оқу орны жол саласы бойынша мамандарды даярлайды.
Олардың қатарында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсиететі де бар. Яғни, жергілікті жастар алысқа бармай-ақ өзі қалаған мамандық түрін оқи алады. Бұл салаға жыл сайын бөлінетін грант саны да қомақты. Мәселен, 2019-2020 оқу жылына 9750 грант бөлініп отыр. Биылғы оқудың аяқталуына аз уақыт қалды. Түлектердің дұрыс таңдау жасап, біздің қатарымызды толықтыратыны сенеміз.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры З.Сағыновтың бастамасымен биыл елімізде «1000 мектеп» науқаны басталды. Мұндағы мақсат - мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, оларды жол мамандығына тарту.
Осы ретте барлық аймақтарда карантин басталғанға орта білім беру мекемелеріне жол инженерлері, зертханашылар мен картограф-диезист мамандары барып, бүгінгі оқушы - ертең жас мамандармен жүздесті. Жағдай тұрақталған соң, бұл жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасады.
Маңғыстау облысында 154 мектеп болатын болса, бір айда біздің ұжым қызметкерлері 26 орта білім беру ордасына арнайы барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Бұл жерде Ақтау қаласынан бөлек, орталыққа жақын тұрған Мұнайлы және Түпқараған аудандары да қамтылды. Танымдық кездесулерде облыс көлемінде салынып жатқан көлік жолдарының сапасын
бақылау шаралары айтылып, жол құрылысы мамандықтары турасында жан-жақты түсінік берілді.
Биылғы жылдан бастап мектеп бітірушілер арасынан ең кемі 2-3 бала жол саласы мамандығын таңдайтын болса, таяу он жылдықта осы бағыттағы маман тапшылығы мәселесі түбегейлі жойылатыны сөзсіз деп ойлаймыз,- дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК) Маңғыстау облыстық филиалы (МОФ) директоры Елтай Құспанұлы Таялиев.
Аталған кәсіпорынның маңғыстаулық филиалын құрылғанына бір жыл толуымен құттықтаймыз.
Суреттер филиалдың баспасөз қызметінен
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему