Жаңаөзендегі сұйытылған газдың бағасы 55 теңгеден аспайтын болды
8 Января 2020 (15:36) | 2360 | Автор: Нурганым Имашева
Осыдан 1-2 күн бұрын Маңғыстауда сұйытылған газдың бағасына қатысты кезекті проблематуындаған болатын.
Жаңаөзен қаласының тұрғындары газ құю бекеттерінде сұйытылған газдың бағасы 60-65 теңгеге дейін көтеріліп кеткеніне шағымданып, кейбір қоғам белсенділері осы мәселе туралы ҚР Президентіне үндеу жариялап, ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің келуін талап етіп, ол жайлы видеоны әлеуметтік желілерге жүктесе, тұрғындардың енді бір бөлігі қалалық әкімдіктің алдына жиылды.
Қала әкімі Мақсат Ибағаров тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Жиынға Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Қартбаев қатысты. Ол жиналғандарға сұйытылған газдың сатылымы бойынша 2019 жылы енгізілген электронды сауда алаңы және лимит мәселесі жөнінде түсіндірді.
Бердібек Қартбаевтың айтуынша, бағаның көтерілуінің басты себебі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС өндіретін сұйытылған газдың электронды сауда алаңына шығаруына байланысты болған.
Қала әкімі бүгін өзінің Инстаграмм парақшасында аталған мәселеге қатысты өткізілген жиында қала тұрғындары және жергілікті кәсіпкерлермен ашық диалог болғанын атап өтті.
-Жиында ашық диалог құрдық, кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдірді. Келіссөздер нәтижесінде құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, қалаға кесте бойынша бөлінген газды 55 теңгеден сату жөнінде шешім қабылданды.
Сондай-ақ бірнеше жеке кәсіпкердің сұйытылған газды электронды сауда алаңы (ЭСА) арқылы сатып алғаны анықталып, оларға ЭСА арқылы сатып алынған газды 57 теңгеден саудалауға рұқсат етілді. ЭСА арқылы сатып алынған газ біткен соң кестеге сай сатып алынған газ 55 теңгедан саудаланады,-деп мәлімдеді Мақсат Ибағаров.
Қала әкімінің сөзінше, «Қазақ газ өңдеу зауыты басшылығына сұйытылған газды кәсіпкерлерге кестеге сай үлестіруге, бағаны түсіру үшін олардың әрқайсысына қосымша 10 тонна газ беру тапсырылды. Сондай-ақ, сұйытылған газ көп мөлшерде қажет болатын көктем-жаз айларында қосымша газ бөлу мәселесі алдағы уақытта қаралатын болады».
Бірқатар сұйытылған газ сату бекеттерін аралап шыққанын тілге тиек еткен шаһар басшысы жеке кәсіпкерлермен өткен кездесуде айтылған ұсыныстардың орындалысын қарап шыққанын айтқан.
-Кейбір кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтеріп отырғаны анықталып, оларға кездесуде жеке кәсіпкерлермен бірге бір шешімге келгенімізді, бағаны тұрақты 55-57 теңгеде ұстау қажеттілігі айтылды.
Бүгін «ҚазГӨЗ» ЖШС-на жұмыс сапарымнан соң тағы да газ сату бекеттерін қарап шықтым. Қазіргі таңда газ сату бекеттеріндегі баға бірқалыпты, алайда бір кәсіпкеріміз сұйытылған газды 60 теңгеге сатып жатқаны анықталды.
Жеке кәсіпкермен қосымша келіссөздер жүргізіліп, ол бүгін бағаны кездесуде келіскен бағаға түсіретінін айтты. Бұл мәселе өзімнің жіті бақылауымда, сондай-ақ қалалық кәсіпкерлік бөлімінің тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр,-деп жазды туындаған мәселеге қатысты қала әкімі М.Ибағаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сурет Нуркен Тажибай
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему