«Жарқыра» бағдарламасы – әлеуметтік кәсіпкерлік көзі
11 Октября 2018 (10:49) | 2618 | Автор: Нруганым Имашева
"Жарқыра» бағдарламасы 2019 жылы Маңғыстау өңірін қамтып, Ақтау, Форт-Шевченко қалалары мен Баутино, Боранқұл елді мекендерінде іске асады деп жоспарланған.Осы мәліметті көпшілікке жеткізу үшін Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында басқосу өтті.
Бағдарламаның аймақтық үйлестірушісі Асқар Секербаевтың айтуынша, бағдарламаОрта Азияны дамыту қоры мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен жүзеге асып келеді.
Мақсат- қоғамның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелеріне тұрақты кәсіпкерлік шешімдерді ұсынуға бағытталған инновациялық әлеуметтік бастамаларға серпін беру.Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 1,5 млн-3 млн теңге бөлінеді. Пайызсыз қарыз 5 жылға берілмек.
-Бұл жоба өте тиімді. Қазір ұсынылып жатқан гранттардың ішінде ең жоғарғы қаржы болып саналады. Көбіне үлкен көлемдегі қаржылар несиеге беріледі. Маңғыстаулықтарға қор қаражаты жаңаша бағытта кәсіп дамытуға септігін тигізетініне сенім артамын, -дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.
2016-2018 жылдар аралығында бұл бағдарлама Атырауда жүзеге асты. Өткен жылдың өзінде мұнайлы өңірде 7 әлеуметтік-кәсіпкерлік жоба дамыған. Барлығына 62 мың доллардан астам қаржы бөлінген екен.
«Жарқыра» бағдарламасына қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Әрі оны үйрену талаптары қарапайым.Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші –әлеуметтік идеяларды іріктеу кезеңі, екінші кезең- қатысушыларды таныстыру, семинар мен дәрістер оқу. Сондай-ақ тағылымдамадан өтіп, кеңес беріліп, бизнес-жобаларын қорғау. Яғни, әлеуметтік идеяны бизнес жоспарға дейін жеткізу барысын қамтиды.
Бағдарлама арқылы әлеуметтік кәсіпкерлер қордан жыл сайын қаржылай қолдау алуына мүмкіндігі бар.
«Жарқыра»мынадай бағыттар бойынша жобаларды қолдайды:
• Балалар мен жастар
• Денсаулық сақтау
• Білім беру
• Халық дәстүрлерін жандандыру
• Экология
• Спорт
• Мәдениет және өнер
• осал адамдарға қолдау көрсету: жалғыз, мүгедектер, қарттар, оралмандар және т.б.
Әлеуметтік кәсіпкерлік - қоғамның өзекті мәселелерін инновациялық жолмен шешуге көмектесетін әлеуметтік миссиясы бар бизнес. Сондықтан да бұл бағдарлама көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр.
Бағдарламаны жүйелі жүргізу үшін Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы мен Еуразия Орта Азия қоры арасында түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.Енді осы бағыттағы жұмыстар 23 қазан Форт-Шевченко қаласы, Баутино елді мекені, 24-25 қазан Ақтау қаласы, 29 қазан Боранқұл ауылында басталады.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему