Қазақстан және Әзірбайжан елдері жастарының ынтымағы беки түсті
22 Сентября 2017 (19:40) | 2106 | Автор: Нурганым Имашева
21 қыркүйекте Ақтауда өтіп жатқан Каспий маңы елдері жастарының І xалықаралық форумы аясында қазақ-әзірбайжан жастарының ынтымақтастық күні өтті. Форумға жиылған қонақтар түгел қатысқан үлкен жиын кезінде қос ел жастар ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Шарада сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, Әзірбайжан Республикасы Жастар мен спорт министрінің орынбасары Интигам Бабаев екі ел жастарына бірлікте, сыйластық, достық қарым-қатынаста болып, табысты еңбек етуді тіледі.
- Құрметті әзірбайжан бауырлар, біздің киелі, маңғаз Маңғыстау еліне қош келдіңіздер! Өлкемізде өтіп жатқан Каспий маңы елдері жастарының бірінші халықаралық форумы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сондықтан да форум жұмысына біз үлкен үміт артамыз.
Біздің қазақта достық деген ұлы сөзге зор мән беріледі. Ақын өлеңінде: «жауыздың барып жанына жолдас болғаннан, достардың барып, ауласында өлген мың артық» дейді. Бұл сондай ауласында өлетін әзірбайжан деген достардың бірі… Жастар, әрдайым достықтарыңыз адал, ауызбіршіліктерің мықты болсын, - деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев пен «Ени Әзірбайжан» партиясының жастар бірлестігінің төрағасы Сеймур Оруджов, Қазақстан жастары конгрессінің директоры Айдын Сәбитов пен Әзірбайжан студенттер ұйымы бірлестігінің төрағасы Шахин Исмаилов ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Шара соңында меймандар әзірбайжан халқының мәдениеті мен тариxынан, салт-дәстүрінен сыр шертер қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалап, ұлттық ас мәзірінен дәм татты.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему