«Үздік мемлекеттік қызметші» сайысы өтті
23 Июня 2017 (17:43) | 2510 | Автор: Мира Ботабекова
23 маусым мемлекеттік қызметшілер күніне орай Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісі «Үздік мемлекеттік қызметші» атты сот қызметкерлері арасында облыстық сайыс ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – сот кеңсесінің қызметкерлерін отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеп, ұлттық құндылықтар мен тарихты жете білуге ынталандыру болатын.
Іс-шараға облыстық соттың судьялары, Маңғыстау облысы бойынша Соттар Әкімшісінің басшысы Меңді Епенова, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңсе меңгерушілері мен сот қызметкерлері, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша Департаменті, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген М.Епенова әріптестері мен қонақтарды алда келе жатқан мерекемен құттықтап,«жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардан іріктеліп, ең мықты, белсенді деп танылған 19 үміткер сайыста бақ сынасты.Алғашқы кезең бойынша қатысушыларға үй тапсырмасы беріліп, олар «Мен сот саласын таңдадым», «Сот қызметкерінің бір күні», «Мемлекеттік қызмет абыройлы міндет» тақырыптарында эссе жазып, жұмыстар қазылар алқасына алдын ала тапсырылған болатын.
Одан әрі сайыскерлер қиын да қызықты викториналық сұрақтарға жауап беріп, «мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде экранда көрсетілген суреттерге үйлестіріп, мақал-мәтел айтып, ой жылдамдығы мен белсенділіктерін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. «Кім жылдам?» кезеңі бойынша қатысушылар өңір тарихы, туған жер, заңдар бойынша лездік сұрақтарға жауап берді.
Ал, «Менің өнерім» кезеңінде мамандар өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Бірі домбыра шертіп, қазақтың күмбірлетіп күйін тартып, екінші бірі мың бұрала би билеп, үшінші бірі әуелетіп жанды дауыста ән салды. Сайыскерлердің араларынан қамшы өретіндер, моншақтап қазақша киім тігетіндер, дәмі тіл үйірер ас әзірлеген аспазшылар да табылды. Поэзияны жанына серік еткендер өз шығармашылығынан өлең оқыса, енді бірі көрініс қойып көрермендерге күлкі сыйлады.
Соңғы кезең бойынша олар «Мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісімін» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Маңғыстау облыстық сотының персоналды басқару бөлімінің жетекші маманы Гүлбаршын Берішбаева, бірінші орынды Ақтау қалалық сотының сот приставы Болат Бисембаев қанжығалап, оларға «Астана EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалау үшін билеттер берілді.Одан өзге сайысқа қатысып, үздік шыққан жүлдегерлерге де дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Айта кету керек, аталған сайыс Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Меңді Епенованың қолдауымен өткізілді.
Бүгінде мұндай сайыстарды өткізу облыстық соттың дәстүрлі шарасына айналып отыр.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему