Дүниежүзілік тарихтың жәдігері
Курс валют в Актау
на 26/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Вторник,
26 Ноября, 11:30
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Дүниежүзілік тарихтың жәдігері

9 Декабря 2016 (17:00) | 1887 | Автор: Нурганым Имашева

 

 

Елордасы Астанада жуырда «Форт-Шевченко қаласындағы туристік нысан Австрия стеласын насихаттау» тақырыбында Халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті. Ауқымды шараға Қазақстанның даму және инвестиция министрлігінің туризм индустриясы Департаментінің өкілдері, Маңғыстау облысының сенаттағы халық қалаулылары, ынтымақтас елдердің елшілері, сонымен қатар Астана қаласының туроператорлары, аталмыш этнотуристік жобаның орындаушысы Жазушы цехының директоры Наталья Задерецкая қатысты.

- Форт-Шевченко қаласының 170 жылдық мерейтойы тойланған  кезде маған халқы да, салты да, табиғаты да, ескерткіштері де еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда өзіндік ерекшелігімен дараланатын киелі Маңғыстау өлкесінде болу бақыты бұйырды, - деп бастады сөзін дөңгелек үстел отырысында Астаналық туризм Ассоциациясының президенті Рысты Қалиқызы Қарабаева.

Модератор Форт-Шевченко қаласындағы 1915 жылы пайда болған австро-венгриялық әскери тұтқындардың бауырластар зиратындағы стеланы халықаралық қауымдастықта насихаттау ісін түркілер мәдениетінің халықаралық ұйымы «Түріксойдың» және Астаналық туризм Ассоциациясының қолдауымен, Маңғыстау облысының туризм басқармасы жүзеге асырып отырғанын атап өтті. Бұл аталған әскери тұтқындар Қазақстанда тұңғыш рет пайда болған радиостанцияның және орыс-қазақ училищесінің құрылысын салуға қатысқан..

МАҢҒЫСТАУ ТАРИХЫНЫҢ ЖАҢА ПАРАҚТАРЫ

Елорда тарапынан Маңғыстауға қолдау көрсетілуінің бір көрінісі ретінде атап өтер жайт – аталмыш шараға Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының Төрағасы Якупбаева Юлия Константинқызының қатысуы еді. Юлия Константинқызы маңғыстаулықтардың барлық салаларда белсенділік танытуларына тәнті екенін жеткізіп, әсіресе туризм саласын дамытуға деген талпыныстарына оң баға берді. «Атамекен» ҰКП тарапынан да аймақтың қолдауға ие екенін атап өтті. Маңғыстау облысының PR-компанииясына белсене атсалысуға уәде етті. «Үлкен істерді бастар алдында батасын алу үшін киелі орындарға барып, олардың жағымды энергетикасын сезінуді мақсат етушілер үшін әсем табиғатымен таңқалдыратын ғажайып өлкенің өр бейнесін насихаттау ісі кемшіндеу» екенін тілге тиек етті.

Қазақстанның даму және инвестиция министрлігінің туризм индустриясы Департаментінің директоры Марат Несіпқалиұлы Игалиев  бұл пікірге қосылатынын айтып сендірді. Маңғаз Маңғыстаудың әркез өзінің тылсым тарихымен кез-келген жанды баурап ап, қарт Каспийдің аңызға бергісіз ғажайыптарының сырларына қанықтыра түсетінін атап өтті.

ТІКЕ РЕЙСТЕР – ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ КЕПІЛІ

Аталмыш щара, өте жоғары деңгейде өтіп, маңызы зор басқосу болды. Себебі Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Гүлжан Маңғыстауқызы Байжауынова таныстырған «Маңғыстау облысының туристік әлеуеті - 2016 жыл» жобасына өзінің идесын қосқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Кетебайұлы Қиынов болатын. Басқосуға зор ықыласпен қатысқан сенатор өзінің оған алдын ала дайындалғанын айтты.

- Аймақ басшысы болған кезімде өлке тарихына көбірек үңілуге тура келді. Осыдан кейін қызығушылығым арта түсті. Маңғыстау – аңызға толы аймақ, әр аңыздың тарихи негізі бар. Бұлар – Баутин кентінде балық шаруашылығын дөңгелеткен кәсіпкер Захар Дубский, туған өлкенің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлер  Досан Тажиев пен Иса Тлендиев, тағдыр соқпағы Форт-Александровский арқылы өткен Әліби Жангелдин, ҰОС кезінде жау бомбасы түскен, көмірімен аты шыққан Таушық кенті туралы аңыздар, - деді Ләззат Кетебайұлы. Сенатор кейбіреулердің қазақтар бұрын білімсіз болған дегеніне қарсы пікір ретінде, Маңғыстау түбегінде сақталған, ешбір цементсіз, саз балшықсыз салынған жерасты мешіттерін мысалға келтірді. Өз қолымен салған сол мешіттердің суреттерін көрсетті. Маңғыстаудың өзіндік қайталанбас ерекшелігін сөз еткен Л.Қиынов өзінің австро-венгрия стеласынан жүз шақырым жерде орналасқан Таушықта туып-өскені жайлы айта келіп, шетелдің елшілеріне қарап: «Киелі Маңғыстау жері өзінің ғасырлар бойғы тылсым сырымен, ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі, көркем табиғатымен Еуропалық туристер үшін қызығушылықтарын туғызуы мүмкін», - дей келе, өзінің Вена қаласына жиі ұшып баратынын, алайда Астана-Вена әуе рейсі қысқартылған соң Австрия еліне саяхат азайып, Венгрия мемлекетіне сапарға шығушылар қатары өскенін айта келе, мемлекеттер арасындағы тіке әуе рейстері – туристік сапарлардың көбеюінің, яғни туризм дамуының кепілі екенін атап өтті.

ЕУРОПА МЕН АЗИЯНЫ ЖАЛҒАҒАН КӨПІР

Австрияның Қазақстандағы Консулдығының 2 хатшысы Зиглинде Шпанланг, Маңғыстауға келген сапарында І Дүниежүзілік соғыстың естелігін көрді. Кезінде ол өз елінің Әзірбайжандағы елшілігінің өкілі болған. Сол кезде өзі ұйымдастырған саяси және шығармашылық жобалары арқылы Әзірбайжан мен Австрияның арасын жалғады. Бакудегі Вена балының белсенді қатысушысы болды. Дәл қазір Каспий теңізінің қарама-қарсы жағалауында жүріп, Маңғыстау арқылы жалғасатын Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын дипломатиялық көпірді орнатуға себепші болып жүргеніне қуанышты екенін білдірді.

-Маңғыстау облысындағы І Дүниежүзілік соғыстың естелігі – халықаралық қатынастарды нығайтудың тамаша  мүмкіндігі болып табылады. Австриялықтар өз халқының тарихын өте қатты қастерлейді және халқының тарихын сақтауға ұмтылған елге де құрметпен қарайды. Қазірдің өзінде осы жобаға біздің тарихшыларымыз, ғалымдарымыз зор қызығушылық танытуда. Зерттеу жұмыстарын жүргізуге құлшыныс білдіруде, - деп мәлімдеді Зиглинде.

Бұл жобаға Астанадағы австриялық кәсіпкерлер мен Маңғыстаудағы австриялық бизнес өкілдері де қызығушылық танытқан. Олар Др.Херри Гангл, Арпад Хуберт Керестеш. Аталмыш шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқандардың қатарында Қазақстандағы Австрия елшілігінің өкілі Катарина Шарфеттер де бар.

Тағы бір айта кететіні, келер жылы Қазақстан мен Австрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауына 25 жыл толуына орай Қазақстанның Австриядағы елшісі Қайрат Сарыбай мерейлі жылдың жобаларын даярлау үстінде. Солардың қатарында Маңғыстау мен Австрияның бір батыс облыстарының арасында туыстық қарым-қатынас орнату жобасы да бар. 

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫН БАЯНДАҒАН КІТАПТАР

Басқосуға қатысқан Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Эйнаддин оглы Маммадов өзінің елшілік қызметінің бастауы болған Маңғыстау еліне деген құрметін білдірді. Қазақстанның Батысында болған кезіндегі оның қызметінің нәтижесі ретінде көптеген келісімдер, шарттар, жобалар, ең бастысы екі ел халқының ортақ тағдыры, достығы, ынтымағы туралы жазылған кітаптар жарық көрген болатын. Рашад Эйнаддин оглы Маммадов Наталья Задерецкаяның Жазушы цехынан шыққан «Қос халық – бір тағдыр» және «Өмір – мәңгілік жол» кітаптарын осы еңбектерде аты аталған азаматтар Ләззат Қиынов, Ахмед Мурадов және Михаил Бортникке сыйға тартты.

ДУНАЙДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНАН КЕЛГЕН ҚОЛДАУ

Келесі спикер, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андраш Барани туристік жобаны кеңейтіп, «австро-венгрлік» деп атауды ұсынды:

- Форт-Шевченкодағы бауырластар зиратында жерленген әскери тұтқындар австро-венгрия армиясының өкілдері болатын. Сондықтан жерленгендер арасында венгрлер де болуы мүмкін. Форт-Шевченкодағы жүз жылдық ескерткіш мыңдаған ғасырлардан жалғасып келе жатқан қазақ және венгр халықтарының арасындағы түркі халықтарының туыстығын нығайта түсуге деген талпыныстың бір көрінісі болуы тиіс, - деді Андраш Барани. Елші Маңғыстау жеріне Венгрия елінен туристердің келуіне ықпал етуге уәде берді.

І Дүниежүзілік соғыстан қалған естеліктің сырын ашу үшін тарихшы-мамандардың қатысуымен өтетін үшжақты форум-конференцияны ұйымдастыруды ұсынды. Елдер мен халықтарды бірі-біріне жақындастыра түсетін Венгрия мен Маңғыстаудың екі мұнайшылар қаласын бауырлас қалалар ретінде тануға ұсыныс жасады.   

ТҮРІК-СЛАВЯН ДОСТЫҒЫ

Аталмыш этнотуржоба «Түріксой» халықаралық ұйымының қолдауымен жүзеге асты. «TURKISLAV» Түркі-Славян Академиясының президенті Нур-Ахмет Досмухаметтің атынан Тоғжан Бауыржанқызы Қасенова құттықтау хатты оқып, Анкарадан жіберілген сыйды Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауыноваға табыс етті.

КИЕЛІ ОРЫНДАР – МАҢҒЫСТАУ БРЕНДІ

ҚР Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты Ахмед Мурадов: «Адамдар жылтыр жайлылықтан жалыққан, керісінше, табиғатқа жақын болуға ұмтылуда. Мұндайда ең жақсы жерлердің бірі бұл – Маңғыстау. Өзім де мұнда келіп демалуды сүйемін. Киелі орындар – Маңғыстаудың бренді, түрлі халықтың бағалы құндылықтары», - деп атап өтті.

Украин халқының ұрпағы, қазақ жерінің тумасы, халық қалаулысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Михаил Бортник қысқа да нұсқа: «Маңғыстау - деген өлкенің сырына қанығу үшін сол жерге барып, қайталанбас ғажайыптарын көріп, сұлу табиғатын тамашалап, тылсым тарихының сырын ұғу керек, онда тұрып жатқан орыс, украин, қазақ, түрікмен, енді міне Австрия мен Венгрия халқының ортақ тағдырына куә болу қажет»,- деп кесіп айтты.

ТУРИЗМ – ШЕКАРАЛАРДЫ АШУДЫҢ ТЕТІГІ

Қазақстанның даму және инвестиция министрлігінің туризм индустриясы Департаментініңөкілі Жалғас Балғожин:

- «Қазақстанда туризмді дамытуға сұранып тұрған жерлер көп. Шын мәнінде, туризм – кез-келген мемлекеттер арасындағы шекараның ашылуына себепші болады.

Ең бастысы - заң тұрғысынан туристік қызмет көрсетуші құрылымдарды жұмыс істеуге міндеттеу қажет. Германия кәсіпкерлері Кендірліде туризмнің дамуына қаржы құюға ынталылық танытуда. Бүгінгі дөңгелек үстел отырысының жаңа жоба бойынша қорытыныдысымен Қазақстан және Австрия, Венгрия» арасында туризмді дамытуға мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімдерді жасаудың бастамасын көтеру қажет, - атап өтті.

«Форт-Шевченко қаласындағы туристік нысан Австрия стеласын насихаттау» тақырыбындағы Халықаралық дөңгелек үстел отырысына арнайы қолдау көрсету үшін ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының техникалық ақпараттық орталығының басшысы Данияр Салауатұлы Тоқтарбаев келді. Ол Шығыс Қазақстанның көрікті жерлері туралы әңгіме өрбітті. І Дүниежүзілік соғыстың австриялық әскери тұтқындары салған жолды таныстырды.

Уақыт Австрия елінің әскери тұтқындары салған көпірлердің сақталуына ырық бермеген. Алайда, көнекөз қариялар ол туралы естеліктерді жадынан шығармаған. Маңғыстаудағы австро-венгриялық армияның әскери тұтқындары жерленген бауырластар зиратында әрқашан гүл шоқтары жатады.

 Фото автора

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему