Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы медициналық қызметтің сапасына қатысты мәселеге арналған шара ұйымдастырды
14 Января 2016 (11:56) | 5937 | Автор: Нурганым Имашева
Бүгінгі таңда халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасының сын көтермейтін жайттары көп кездесетіні жайлы БАҚ – да жиі айтылып та жазылып та жүргені белгілі. Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы сейсенбі күні қоғамдағы осы өзекті мәселені талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды.
Жиынға аталмыш Басқарма мамандары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік-кадр бөлімінің басшысы Измуратова Ақмарал Қалдыбайқызы, Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының президенті Рафикова Никар Маликовна, №2 Ақтау қалалық емханасы директорының орынбасары Нурлина Айжан Ниятовна және білім беру саласының (мектептер, балабақша, колледждердің) өкілдері мен зейнеткерлер қатысты.
Отырыс басында сөз ұсынылған кезде облыстық денсаулық басқармасынан келген Ақмарал Қалдыбайқызы қазіргі кезде медицина саласында енгізіліп жатқан жаңа реформалар, таратып айтар болсақ, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер учаскесінің құрылуы мен бүгінде медициналық ЖОО-да педиатр мамандарының дайындалуы тоқталуына байланысты аймақтың балалар дәрігерлерімен қамтылу жайына тоқталып өтті.
№2 Ақтау қалалық емханасы директорының орынбасары Нурлина Айжан Ниятовна жиналғандарға аталмыш емдеу мекемесінің осы бағыттағы қызметінің ұйымдастырылуы жөнінде түсіндірді.
Шараға қатысушылар бірден медицина қызметінің сапасына байланысты өздерін толғандыратын мәселелерге ойысып, дәрігерлерге сұрақтарын жаудырып, шағымдарын айтуға көшті.
Маңғыстау энергетикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құлбаев Айбол учаскелік балалар дәрігерінің бөбектерді үйге келіп қарауы дұрыс жолға қойылмағанын, емханаға барғанда кезектің көптігінен балалар да ата-ана да қиналатынын айтып шағымданды.
Бұдан кейін сөз алған өзге педагог та облыстық инфекциялық балалар ауруханасында сырқаттанған сәбиіне дер кезінде көмек көрсетілмей, кезекші дәрігер тарапынан салғырттық танытылғаны, тек Астанадағы тиісті орынға шағымданатынын айтқан кезде ғана сапалы медициналық көмекке қол жеткізгені жөнінде баяндады.
Басқосуға келген ақтаулық зейнеткер Попова Елена Григорьевна өзінің көзі көрмеуіне байланысты қалалық №2 емханада ұзақ уақыт ем қабылдап жүргенімен көру қабілеті нашарлағанын, осыған байланысты квотамен Астана қаласына барып көздеріне ота жасату үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан өзі жолдаған арызына мардымсыз жауап алғанын айтып шағымданды. Зейнеткер тұтынушы ретінде өз құқығын қорғауын өтініп, Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының президенті Рафикова Никар Маликовнаға жүгінген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан зейнеткерге жолданған хаттың жіберілген күні мен жауаптың келген күнін есептегенде арада 20 күн өткенін айтқан Рафикова ханым бұл жерде басқарма тарапынан олқылыққа жол берілгенін атап өтіп, зейнеткердің медициналық қызметті толыққанды ала алмау себептеріне тоқталды.
№2 Ақтау қалалық емханасы директорының орынбасары Нурлина Айжан Ниятовна зейнеткердің денсаулығына байланысты мәселенің оң шешілуіне күш салатынын айтып уәде етті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкіліне Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының президенті Рафикова Никар Маликовнаның тарапынан медициналық қызмет сапасы жөніндегі шағымдарға басқарма тарапынан мониторинг жүргізілуі, былтырғы жылғы шағымдардың статистикасы туралы бірнеше сауалдар қойылғанымен жауаптар нақты, толыққанды болмауы байқалды. Себебі мұндай мәселеге қатысты сауалдарға жауапты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы немесе аталған мәселелерментікелей айналысатын оның орынбасарларының бірі беруге тиіс еді.
Сондықтан бұл жерде осы шараға өздерінің орнына кадрлар бөлімінің басшысын жіберуді дұрыс санаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының әрекеті медициналық қызмет сапасы жөніндегі өзекті мәселеге салғырт қарағандығы ма деген заңды сауал туындады.
Басқарма өкілі медициналық қызмет сапасына қатысты айтылған сыни пікірлерге, тіке қойылған сауалдарға мәселенің туындауына Ақтау қаласында дәрігерлердің жетіспеуі, оларға әрбір учаскеде жүктеменің көп болуы және олардың жалақысының мардымсыз болуы себеп болуда деген жауаптарды алға тартқанмен, мұнымен салада орын алып отырған олқылықтар, қордаланған мәселелер өздігінен түзетілмейтіні айдан анық.
Кездесуде сонымен қатар, қабылдау кезінде кейбір дәрігерлердің сырқатпен дұрыс қарым-қатынас этикасын сақтамауы да жиі орын алатыны атап өтіліп, осы тұрғыдағы дәрігерлермен жүргізілетін жұмыстар туралы Басқарма өкілдеріне Никар Маликовна тіке сұрақ қойды.
Қоғамдағы өзекті мәселеге арналып Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы тарапынан мұндай басқосудың ұйымдастырылуы құптарлық, әрине. Осындай шараның тұтынушы болып табылатын кез-келген сырқатқа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға септігі тиер деген үміт туғызатыны анық. Сондықтан жиын соңында оған қатысушылар бірауыздан өзекті мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерді жинақтап, тиісті сала басшыларына жолдау туралы шешімге келді.
Ұсыныстар емдеу мекемелеріндегі электрондық сервисті дамыту, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтындағы тұтынушыларға арналған анықтамалық ақпараттардың уақытылы толықтырылып, жаңартылып отыруы және тағы сол сияқты мәселелерді қамтыды.
Дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему
отмена