Иммундау апталығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті
24 Апреля 2014 (15:34) | 5559 | Автор: Редакция
Ақтау қалалық балалар емханасында 22-26 сәуір аралығында өтіп жатқан иммундау апталығына орай дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысының аумағында 2014 жылғы сәуірдің 22-нен бастап 26-на дейінгі кезеңде «Өмірің үшін – вакцинация ал» ұранымен иммундау аптасы жүргізіледі. Халықаралық деңгейде жүргізіліп отырған – бұл иммундау аптасының аясында тұрғындар арасында жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарының маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қалалық балаларды емдеу-сауықтыру мекемесі мерекеге орай әсем безендіріліп, ертегі кейіпкерлерінің киімдерін киген медицина қызметкерлері бөбектерін емханаға әкелген ата-аналарға әдемілеп дайындалған түрлі-түсті ҚР-ның Ұлттық екпе күнтізбесі мен иммунизация мәселелері бойынша қызу желінің телефоны көрсетілген ақпараттық материалдарды таратып берді.
Аталмыш шараға Ақтау қалалық балалар емханасының бас дәрігері Тұманбаева Галина Кемелқызы, бас дәрігердің орынбасары Шаңытбаева Жанна Көпенқызы, Маңғыстау облысының бас педиатр дәрігері Мұхамбетиярова Нұрсұлу Аманбекқызы және қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова, аталмыш бөлімнің бас маманы Кемазанова Алмагүл Чермқанқызы, Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Джайлханова Амангүл Әбдіғалиқызы мен қалалық мешіттің имамы, сонымен бірге ата-аналар қауымы қатысты.
Дөңгелек үстелге арнайы шақыртылған медицина қызметкерлері ата-аналарға екпе жүргізуге қатысты түсіндіру жасап, балаларға жасалатын вакциналардың денсаулықты қалыпты жағдайда ұстаудағы, аса қауіпті жұқпалы аурулардан сақтандырудағы маңызы жайлы әңгімеледі.
«Ата-аналарға балаларға салынатын екпелердің қауіпсіздігін айтып түсіндірудеміз. Егуден бас тартқан ата-аналарды жинап, мамандармен кездестіріп, олардың кеңестерін тыңдауына мүмкіндік жасап отырмыз. 2012 жылы бізде 79 ата-ана егуден нотариалды түрде бас тартқан болса, 2013 жылы-68 бас тарту болды, ал бүгінгі таңда-53 нотариалды бас тартудан-13-і екпе алып, балаларға вакцина жасатудың зияны жоқ екенін айтып түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр»,-деді Ақтау қалалық балалар емханасы бас дәрігерінің орынбасары Шаңытбаева Жанна Көпенқызы.
Маңғыстау облысының бас педиатр дәрігері Мұхамбетиярова Нұрсұлу Аманбекқызы: «Біздің аймақ әртүрлі мемлекеттермен шектесіп жатқандықтан облысқа жан-жақтан келетіндер саны көп. Өздеріңізге белгілі көптеген жұқпалы аурулар ауа арқылы таралады. Сондықтан да мұндай шараға біз қатты көңіл бөлеміз.
Осыдан 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырар болсақ, ол кезде вирустық гепатиттің көптігінен сырқаттар ауруханаларға сыймағандықтан, үйде жатып емделуге мәжбүр болатын, ал қазір осы уақыт аралығында жыл сайын белгілі бекітілген кестеге сай жүргізілетін екпелердің арқасында қауіпті жұқпалы аурулардың саны азайды. Қазіргі әртүрлі әлеуметтік желілердегі немесе БАҚ-тағы екпелер туралы кереғар пікірлерге құлақ асудың қажеті жоқ. АҚШ-та балаларға 34 аурудан сақтайтын вакцина жасалса, Германияда екпеден бас тартқан ата-аналар айыппұл төлейді.
Біз баршамыз заң аясында әрекет етеміз. Елде екпе жүргізу-мемлекеттің саясаты. Балалардың дені сау болып, түрлі сырқатқа шалдықпауына ең алдымен ата-анасы жауапты екенін есте ұстауымыз абзал. Егер бала кез-келген жұқпалы сырқатқа шалдығар болса, алдымен ата-ана моральдық және материалдық шығынға ұшырайды. Екпе алу ең алдымен баланың денсаулығы мықты болуы үшін қажет, ал балалар-біздің мемлекетіміздің болашағы»,-деген пікірін білдірді.
Шарада ата-аналарға иммундау саясатының маңызы жайлы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары да кеңінен түсіндірді. Ата-аналар дәрігерлерге екпеге қатысты өздерін толғандырған түрлі сауалдарын қойып, оларға тұшымды жауап алды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему