Асқақ абырой иесі
Курс валют в Актау
на 02/05/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
2 Мая, 15:27
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Асқақ абырой иесі

7 Ноября 2017 (10:08) | 2737 | Автор: Нурганым Имашева

Халқымызда «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген нақыл сөз бар. Дәл осы сөз аймақта спорт саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан білікті бапкер, шәкірттері талай дүбірлі додаларда еліміздің абыройын асқақтатып, биік шыңдарды бағындырып жүрген облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекеновке тікелей арналғандай.

 

 

Кейіпкеріміздің өзі таңдаған өмірлік ісінде табысқа жетуі, асқақ абырой иесі атануының сырына қанығу үшін оның шыққан тегіне үңіліп көрелік.

 

Отбасының отағасы, Манарбектің әкесі - Жұбатқан Бисекенов Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан қазақ күресімен айналысып, талай додаларда облыс намысын абыроймен қорғаған. Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынған кезде де спортпен айналысып, чемпион атанған. Кейін Алматы қаласына жоғары оқу орнына құжат тапсырып, білім алыпты. Оқу орнында белсенділігімен көзге түсіп, қатарластарының алды болып, талай жарыста қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанады. Шаңырақ көтеріп, отбасылы болған соң спорттан алыстап, ел қатарлы еңбекке араласады. Ұзақ жылдар ауылда көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді.

 

 

Жұбатқанның әкесі Төрекен Мамайұлы да өз ортасына сыйлы азамат болған. Ауыл, аудан, республика көлемінде өткен талай тойларда күресіп, қарсылас шыдатпай, үнемі жеңіске жеткен. Төрекеңнің арғы тегі өз заманында Бекет атадан бата алған Байсал бабасы да мықты күрескен. Текті әулеттің ізін жалғап Өтеу, Саламат, Мамай, Қаралда, Қартқожық есімді палуандар шыққан. Сондықтан да болар, Жұбатқан аға да ұлының ата-баба жолын қуып, спорттық династияны  жалғастыратын­дығына кәміл сенеді. Әке үмітін ақтаған ұлы Манарбек те бүгінгі таңда тек қана түбекке емес, республика көлеміне танымал спорт саңлағы атанды. Ол бүгінгі таңда самбодан облыстың бас бапкері, облыстың дзюдодан жасөспірімдер арасындағы аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып қана қоймай, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы қызметінде.

 

Бүгінде Манарбектей білікті бапкердің шекпенінен шыққан балуандар талай дүбірлі додаларда топ жарып, аймақтың абыройын асырып жүр. Биыл ғана  шәкірті Рамазан Мамаев самбодан Әлем чемпионы атанса, Хорватияда жастар арасындағы дзюдодан Әлем чемпионатында шәкірті Бауыржан Нарбаев топ жарып, қола медальға қол жеткізді. Қос балуанды жеңістерімен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы спорт залға келіп құттықтаса, облыс әкімі Ералы Тоғжанов бір топ балуандарды жеке қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Одан бөлек 23 жасқа дейінгі ерлер арасында тағы бір шәкірті  Әмірбек Жеңісов Маңғыстау спорт тарихында алғаш рет дзюдодан ересектер арасында Ел чемпионы атанды. Мұның барлығы әрине қаншама жылғы аянбай төккен тердің, нәтижелі еңбектің жемісі.

 

Ол жеңіске оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Қаншама тер төкті, тынымсыз еңбек етті. Алдымен өз туған жері Шетпеде жұмыс істеп, болашақ палуандарды дайындады. Ерте тұрып, шәкірттерінің барлығын мектептің стадионында жинап, арнайы жаттығу жасатып, жүгіртетін. Жан жылуын, бойын­дағы бар асыл қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіріп, ел намысын қорғайтын мықты спортшы дайындау үшін аянбай еңбектенді. Соның нәтижесінде шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде ауыл намысын өз деңгейінде қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрінді. Кейін облыс орталығына ауысып, көп ұзамай Ақтау қаласындағы «Жастар» спорт кешенінің (қазіргі - облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі) басшысы қызметіне тағайындалады. Қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші атанды. Сондай-ақ ҚР-дың «Дзюдо тарланы» деген орденін иеленіп, ҚР-дың Спорт министрлігінен «Спортты дамытуға қосқаны үшін» төс­белгісімен марапатталды.

 

– Балтабай атты ұстазым болды, сол кісі мені қазақ күресіне көп баулыды. Кейін әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Елге келгеннен кейін еңбекке араласып, бапкерлікті қолға алып, өзімнің үйренгендерімді шәкірттердің бойына дарытуды мақсат еттім. Спортта жүргеніме 20 жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар аралығында 200-ге жуық спорт шеберіне үміткер палуандарды дайындап шығардым. Соның ішінде самбодан Әлем чемпионын, Әлем чемпионатының күміс жүлдегерін, әлем кубогының қола жүлдегерін, Азия чем­пионатының жүлдегерін және екі Азия чемпионы, бірнеше ҚР-ның чемпионы мен жүлдегерлерін дайындадым. Тәубе, соның жемісін бүгінде көріп отырмын.

 

Еңбегім бағаланып, бірнеше рет облыстық спорт басқармасы тарапынан мара­патталдым. Ата-бабалары күрескен адам болмаса, одан мықты спортшы шығарамын деген бос әурешілік. Күрес те тұқым қуалайды. Соны жонып, дайындап алған жөн,– дейді Манарбек Бисекенов.

 

Манарбектің қос ұлы Сұңғат пен Нұрсұлтан да күреседі. Тоғыз жасынан спортты жанына серік еткен ұлдың үлкені Сұңғат бірнеше жарыстарға қатысып, тек қана облыстың емес, бүкіл қазақ елінің намысын Халықаралық байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған. Сөйтіп, ол самбо күресінен Азия чемпионы, жастар арасында дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, қазақ күресінен ел чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа кубогының қола жүлдегері атанған. Осылайша, самбо күресінен ҚР-ның спорт шебері атағын иеленді.

 

Үлкен ағасының артынан ілесіп, самбо мен дзюдо күресіне Нұрсұлтан да келіп қосылды. Жастығына қарамастан, ере­сектерден қалыспай, спортзалға үнемі келіп жаттығатын. Бүгінде 12 жасар Нұрсұлтан Манарбекұлының спортпен айналысқанына үш жыл. Аз уақыт аралығында ол самбо мен дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер атанып үлгерді. Күрестің екі түрінен өткен облыс чемпионы және жасөспірімдер арасында рес­пуб­ликалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы.

 

 

«Бисекеновтардың табысының құпиясы неде?» Бұл сұраққа Сұңғат:

-Мұнда барлығы генетикалық бейімділікке бай­ланысты деп ойлаймын. Сонымен қатар әрине, біз бір-бірімізді қолдап, үнемі демеп отырамыз. Ата-баба, ата-ана үмітін ақтап, үнемі жеңіс тұғырынан көріну үшін барымызды саламыз,-деп жауап берді.

 

Осылайша, бір отбасынан бірнеше палуан шықты. Олардың спорт саласында қол жеткізген табыстары Маңғыстау спорт шежіресіне алтын әріптермен жазылды.

 

«Өткенсіз - бүгін, бүгінсіз - болашақ жоқ». Сондықтан да тарихта болған батыр­ларымыз, жауынгерлеріміз жайында мә­ліметті жастардың үнемі санасына құйып отыру Манарбектің тағы бір жақсы қыры. Оның пікірінше, «Бапкер психолог болып қана қоймай, тарихи жағынан да өте сауатты болуы керек».

 

– Бапкерлікпен дене шынықтыру институтын бітіріп келген немесе кезінде күрескен адам алып кететін қабілеті болмаса, жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмайды.

 

Бапкер - психологиялық тұрғыда мықты, шапшаң шешім қабылдайтын, төзімді адам болуы керек. Әсіресе, жауапкершілік тұрғысынан алғанда, арқалайтын жүгіміз ауыр. Бүкіл елдің бет-бейнесі болатын жауынгер жігіттерді тәрбиелеу, жарысқа баптап қосу, сенім үдесінен шығу да оңай шаруа емес.

 

 

Алайда, сүйікті кәсібім, тіпті өмірімнің бір бөлшегі болған соң, бапкерлік қызметімді де үлкен ынтамен атқарамын. Бапкерлік жұмысымда біраз нәрсені көрдім, көңілге түйдім. Десе де әлі де үйренетін тұстарым бар екенін жасырмаймын. Шәкірттеріммен қатысқан әрбір халықаралық турнир, Азия, Әлем чемпионаттары – маған үлкен сабақ, тәжірибе.

 

Ең бастысы, жас палуанның жүрегiне жетер асыл сөзiң, балаға деген әкелiк қамқорлығың болуы қажет. Оған қоса педагог, психолог, физиолог, диетолог медик болғанда ғана толық бапкер боласыз. Есеп-қисап, күрес методикасы, тiптi өнер саласынан, тағы да басқа қасиеттері болып жатса, ешқашан артықтық етпейді деп есептеймін,– дейді Манарбек Бисекенов.

 

Арманы асқақ талай жастың бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтып, дүбірлі додаларда топ жарып, жеңімпаз атануына қолдау көрсетіп жүрген Манарбек Бисекеновтың тағы бір ауыз толтырып айтарлық игі істерінің бірі – ол биылғы жылы аймақтың шалғай жатқан ауылдарында самбо мен дзюдодан балаларды жаттықтыратын секциялардың ашылуына, сөйтіп, жасөспірімдердің кішкентайынан спортты жандарына серік етіп, шымыр боп өсуіне жағдай жасалуына мұрындық болуы. Ел болашағы – жас ұрпақтың өнегелі тәлім-тәрбие алып, дені сау, жігері мықты болып ер жетуіне зор үлес қосып жүрген Манарбек Жұбатқанұлындай азаматтар барда келешегіміздің кемел боларына сенімің арта түсері сөзсіз!

 

7 қараша күні туған күнін атап өтетін Манарбек Бисекеновке редакциямыздың және газет оқырмандарының атынан отбасына – бақ-береке, деніне – саулық, әрбір ісіне – сәттілік, қызметіне – асқақ абырой мен биік бедел, өрлеу тілейміз, додаға қосқан шәкірттеріңіз Олимпиада шыңын бағындырып, асыл армандарыңыз орындалсын демекпіз!

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему