Күй дүлдүліне арналған кеш
Курс валют в Актау
на 26/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
26 Апреля, 21:37
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Күй дүлдүліне арналған кеш

4 Апреля 2016 (09:47) | 4362 | Автор: Нурганым Имашева

 

Жуырда Маңғыстау облыстық филармониясының концерт залында композитор, ұстаз, дәулескер домбырашы, қалың елін күйге бөлегенсаңлақ Қаршыға Ахмедьяровтың 70 жылдығына арналған өнер кеші өтті. Мәңгілікпен сырласқан күй-ғұмыр - Қаршығаның әруағына бағышталған «Түбек толғауы» атты әуезді кешке өнерсүйер қауым көп жиналды.

 

Арамызда жүрсе, наурыз айының 25 жұлдызында асқарлы 70 жасқа толатын асқан дарын иесі, қазақ күй өнерінің биік тұлғасы, талантты күйші композитор Қаршыға Ахмедьяров бір өзі 100-ге жуық күй шығарған, көкірегі күміс күмбірлі құдіретті күйге толы ерекше қабілетке ие жан болатын.

 

 

Ол жеті атасынан бері өнер қонған әулеттің ұрпағы еді. Қаршығамен қазақтың қара домбырасының бәсі озып, бағы жанды. Дүлдүл домбырашы Атырау-Жайықты арындатып, Сарыарқада сағымдай ойнақтап, Қаратаудың қатпарынан шыққан бұлақтай сылдырап, Алатаудың көкірегінен төгіліп, Аралда өз-өзінен мұңайып, Маңғыстауда ақжармалатып айдындана түсетін қазақ күйлерін бір көкіректен қайнатып шығарып, бір шанақтан төгілдірді.

 

 

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Таңатарұлы Базарбаев:

- Осы өнер кешін Қаршыға ағамыздың рухына арнап, оның шығармаларынан құралған жаңа бағдарлама ретінде республикада бірінші болып, көрермендер назарына ұсынып отырмыз.

 

Қаршыға ағамыз – ұлы домбырашы. Осы концертке қатысып отырған оркестрдегі домбырашылардың, өнер колледжінде ұстаздық ететін өнерпаздардың, яғни баршамыздың да - ұстазымыз. Ол кісі өзі өмірден өткенімен, оның өнері ешқашан өшпейді, біз оны әрдайым жадымызда сақтап, осындай еске алу кештерін ұйымдастыру арқылы ұрпақтан – ұрпаққа өнерін жалғастыра береміз деп ойлаймын.

 

 

Әуезді кеш А.Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Өскінбай Қалманбетұлының «Бұл бұл ақжелең» күйімен ашылды. Тыңдағанда ұлттық рухты жандырып, қаныңды ойнататын Қаршығаның асқақ күйлері мен жүрек қылын шертетін әсем сырлы әндерін тыңдаған көрермен қауым ерекше әсерге бөленді. Ұлы тұлғаны сағынған халық оның қайталанбас өнер туындыларын тыңдай отырып, керемет шабыттанды, әрбір орындалған шығармадан соң дүркірете қол соғып, өнерпаздардың өнеріне ризашылық білдірумен болды.

 

Өнер кеші Маңғыстаудың дәулескер күйші Қаршығаға деген ыстық ілтипаты, сүйіспеншілігінің көрінісі болды.

 

 

Шешердей дүниенің сан сұрағын,

Тыңдайсың таусылғандай жан шыдамың.

Теңіз боп тебіренесің төгілгенде,

Күйлері құйын саусақ Қаршығаның,- дегендей, БоздақРзаханов атындағы ІІ - «Сиқырлы таяқша» республикалық дирижерлар байқауының лауреаты дирижер Әлібек Мұратов пен аталмыш конкурстың бас жүлдегері Бауыржан Кубенгалиев жетекшілік еткен Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Қ.Ахмедьяровтың «Күй-Ұран», «Алтын-ұя», «Қосбасар», ҚР-еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның құрметті профессоры Роза Айдарбаева орындаған «Махамбет толғауы», Берік Төлембетов шерткен «Нұрғиса» күйі мен Ғани Қолғанатов орындаған «Ел-басы» және Данияр Сағынғалидың шебер орындауындағы «Хамаң толғау» күйлері кеш көркін аша түсті.

 

 

Күмбірлеген күй әуенін ұлы композиторды өзге қырынан танытқан бірнеше әсем әндері жалғады. Қаршығаның «Ауылым» әнін әуелеткен Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» атты сайысының жүлдегері Асанәлі Көшеров, «Шабыт» әнін шырқаған    Күріш Тасболатов атындағы Республикалық әншілер байқауының бас жүлдегері Сәбит Шектібаев, «Әнші дауысы» шығармасын шырқаған дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова және «Қуанамын» әнін орындаған Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Шахаризада Сапаровалар көрерменнің зор ықыласына бөленді.

 

Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова:

- Қаршыға ағамыз – өнердің әулиесі ғой. Кезінде ол кісі өнер жолын таңдағанда күйшіліктен бұрын әншілік өнерді қалап барған екен консерваторияға, бірақ күйші болып кетті.

 

Бұл өнер саңлағының әндерінің өзі де ерекше бір дүние өз алдына. Әншілердің репертуарынан ойып тұрып орын алатын шығармалар деуге болады. Менің де қызығушылығымды туғызып отыр.

 

Өнер колледжінде оқыған кезімде «Алтын ұя», «Қуаныш», «Атырау» күйлерін орындайтынмын. Әлі күнге дейін кейде жүрегімді сағыныш сезімі билеген кезде «Алтын ұя» күйін шертемін, оңашада отырып, өзге де шығармаларын орындауды ұнатамын, - ой-пікірімен бөлісті.

 

 

Өнер кешінде асқан шеберлікпен, шынайы сүйіспеншілікпен орындалған қай шығарманы айтсақ та, тыңдаған сайын жүректі шымырлатып, жаныңды нұрға бөлеп, кеудеңе ерекше бір рух бітіріп, қанаттандыра түсері сөзсіз. Әлемде ешбір елде кездеспейтін, тек біздің қазақ халқының еншісіне ғана бұйырған асыл қазынамыз – қасиетті күй өнерінің құдыреті де, бәлкім, осы шығар, «құлақтан кіріп, бойды алатыны»?!

 

Бертінде Қаршығаның өзі де күй құдіреттерінің орнын басты. Өнердің өз алдына жеке бір мектебіне айналды. Қазіргі қазақ күйінің көшін бастады. Өнердің өзгеге ұқсамайтын салтанатын құрды. Қаршығаша күй шалу жаппай сәнге айналды. Осылайша оның күйшілік өнері халқының сыр сандығына, алтын қазынасына айналды. Артында өлмейтін өнеге, өшпейтін асыл мұра қалдырды.

 

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» демекші, қара домбыра тұрғанда Қаршыға да тірі. Қазақ тұрғанда қара домбыра да дүлдүл. Мәңгілікпен сырласқан саңлақ-ғұмыр жалғаса бермекші.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему