Қазақстанда жаназа шығарудың ортақ пәтуасы болу қажет
Курс валют в Актау
на 19/05/2022
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 777 259 44 50
Номер журналиста: +7 707 900 67 10
Рекламный отдел: +7 775 350 54 52
reklama@tumba.kz, site@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
19 Мая, 01:39
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Қазақстанда жаназа шығарудың ортақ пәтуасы болу қажет

16 Июня 2017 (11:10) | 4459 | Автор: Мира Ботабекова

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйтқы болуымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Ақпараттық оқулықты Маңғыстау облысының бас имамы Смайыл Сейтбеков «Жаназа пәтуасын шығару» мәселесі талқыланған дөңгелек үстелде көпшілікке таныстырды. Кітап сатылымға шықты, Ақтаудағы орталық мешіт жанындағы дүкеннен сатып алуға болады.

 

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазір еліміздің әр аймағы жаназа мен жерлеу рәсімдерін әртүрлі өткізеді. Кейбірі шариғатқа қайшы атқарып жатады. Сондықтан да діни басқарма Қазақстанда жаназа шығарудың ортақ пәтуасы болу қажет деп санайды. Осы мақсатта ел тұрғындарын ақпараттандыру үшін жаңа кітапты жарыққа шығарды. Кітапта жаназаны шариғатқа сай қалай шығарады, жерлеу рәсімдері қалай жасалуы керек, хәл үстінде жатқан адамға қандай әрекеттер жасалады, деген мыңдаған сауалға дұрыс әрі нақты жауап берілген.

 

Марқұмның артынан дұға ету – туыстарының ізгі міндеті

«Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап 7 тараудан тұрады. 1-ші тарау – «Өзекті жанға – бір өлім» деп аталады. Мұнда ажал, өлім туралы жазылған. Сондай-ақ, өсиет қалдыру мәселесі де баяндалады. Өсиет – әрбір мұсылманның өмірден өтерде артында қалғандарға айтатын, тапсыратын аманат сөзі. Құран Кәрімде баян етілгендей пайғамбарлар ұрпақтарына ізгі өсиет қалдырған. Олардың ең басты өсиеті – Алланың дінінен алыстамау болатын. «Жаназа, құдайы ас, қабір қаздыру, жерлеу істеріне алдын-ала қаражат тауып, дайындалу дұрыс па?»,-деген сұраққа кітапта былай жауап беріледі: Егер ажалы таяған кісінің жеткілікті мал-мүлкі бар болса, өзінің не туыстарының алдын-ала дайындық жасауына шариғат қарсы емес. Алайда бұл – шариғаттың басты талабы емес. Марқұмның алдындағы тірілердің ең басты міндеті – оны мұсылмандық шарттарға сай жаназа намазын оқып, лайықты түрде жерлеу. Сосын марқұмның артынан дұға ету, садақа беру – туыстарының ізгі міндеті.

 

Дәрігер өзін өлтіруді ұсынған науқастың талабын орындамауы керек

Екінші тарау «Хал үстінде жатқан кісінің ахуалы» деп аталады. Мұнда жан тапсырғалы жатқан адамды оң бүйіріне жатқызып, жүзін құбылаға бұру – сүннет делінген. Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Ләә иләһә иллалаһ» кәлимасын айтқызу үшін қасында шәһада кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру мұстахаб амалға жатады. Мұны шариғатта талқин деп атайды. Жан тапсыратын адам Алла Тағала туралы жақсы ойда болуы керек. Адам жан тапсырған соң, мәйіттің көзін жабу керек. Мәйіттің көзін жабушының «Бисмилләһи уә ъалә милләти расулләһ» деп айтуы – сүннет. Сосын іш дәрет алдырып, (үлкен және кіші дәретін тазалау), еденге жайма төсеп, салқын жерге мәйіттің оң жағы құбылаға келетіндей етіліп, жүзі құбылаға бұрылып жатқызылады. Бұл «оң жаққа жатқызу» немесе мейрам су» деп аталады. Содан соң жағын иек астынан жоғары қарай жалпақ шүберекпен байлап, қая-қолын дұрыстап, мәйіттің киімін шешіп, үстіне жамылғы жауып қою керек.

 

 

Қазалы үйге барған соң қуанышты үйге соғу дұрыс па?

Үшінші тарау «Жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар» деп аталады. Қаралы үй иелері көңіл айтушыларды қабылдау мақсатында үйінде 3 күн аза тұтуына болады. Көңіл айту кісінің жан тапсырған уақытынан басталады. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің шариғатта негізі бар. Қонақтар үшін арнайы дастархан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады, делінген кітапта. Жетісі, қырқы және жылы шариғатта нақты белгіленбегендіктен, оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Сондай-ақ, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал тағы басқа күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген жаңсақ түсініктердің ешбір негізі жоқ. Негізінде, үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін, жылын беру шарғаттың талабы емес. Алайда, Ханафи мәзһабының ғалымдары оны жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын жоралғылардың қатарына жатқызады. «Көңіл айта барғанда басқа жерге соқпау керек деген сөз дұрыс па?» деген сұраққа кітапта былай жауап берілген: Расында да, қаралы үйге барып, қуанышты үйге соғу ыңғайсыз. Дегенмен, шариғатта бұл жайтқа қатысты нақтылы тыйым жоқ. Қазалы үйге барған соң қуанышты үйге соқсам, ол үйге де қаза келеді деп ырым ету әрі соған сену – мұсылманның сенім қағидасына қарама-қайшы, теріс түсінік.

 

 

Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою бар ма?

Төртінші тарау «Мәйітті жуындыру мен кебіндеу» деп аталады. Мәйітті жуындыру – өлген кісіге қатысты жасалатын алғашқы іс. Мәйітті жуу – терілерге парыз кифая (мұсылмандардың бір тобы оны орындаса, қалған жамағат мойнынан жауапкершілігі түсетін амал). Яғни сүйекке бірнеше кісі кірсе, басқалардың мойнынан парыз түседі. Ал егер ешкім орындамаса, сол мекендегі барлық мұсылманға күнә болып жазылады. Марқұмға ғұсыл алдыру, яғни жуындыра білу үшін белгілі шарттар бар. Ол шарттар мыналар:

  1. Мәйіт мұсылман болуы ләзім;
  2. Өлі туған болмауы тиіс;
  3. Мәйіт денесінің жартысынан немесе басымен бірге жартысынан көбі яки басымен бірге жарты денесі болуы қажет (басы жоқ мәйіттің жаназасы шығарылмайды);
  4. Марқұмның шәһид болмауы.

Мәйітті жууға лайықты кісі – ең жақын туысы. Мәйітті жуатын адам әдепті де тақуа болуы – мұстахаб. Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес, 40 күн бойы шам немесе шырақ жағу деген әдет те шариғатта жоқ амал. Егер мәйіт қосжынысты болса оны еркектер де әйелдер де жумайды, жабылған күйі тәйәммүм алдырылады. Шариғат, жуындырып, кебіндеп болған соң, мәйітті үйден басымен яки аяғымен шығаруды міндеттемейді. Дегенмен, басымен шығарған жөн. Алайда жоғары қабаттан түсіргенде (аузы-мұрнынан қан т.б. нәжіс шығып кетпесі үшін) сақтық ретінде аяқ жағымен алып түскен дұрыс, делінген кітапта. Шариғатта мәйітті сүюге рұқсат етіледі.

 

 

Ата-анасын өлтіргендерге жаназа оқылмайды

Бесінші тарау «Жаназа намазы» деп аталады. Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң, жаназа намазға асыққан жөн. Себебі, шариғатта жаназа намазында уақыт күттірмеуді бұйырған.

 

Жаназа намазының шарттары:

  1. Мәйіт мұсылман болуы керек. Мұсылман емес кісіге жаназа оқылмайды.
  2. Намазға мәйіттің бар болуы шарт, жоқ мәйітке жаназа оқылмайды.
  3. Мәйіт жуылмайтын немесе су жоқ жағдайда тәйәммүм жасалады.
  4. Мәйіт жамағаттың алдына көлденең қойылуы тиіс.
  5. Жаназа намазын оқитын кезде мәйіт көлік үстінде, адамдардың қолдарында немесе иықтарында болмауы керек. Белгілі бір себептермен жаназа оқылмайтын кісілер болады. «Ал-Табиин» кітабында жаназа намазы оқылмайтын адамдар қатарына төмендегілер жатқызылады:
  6. Бүлікші, мұсылмандарға қарсы қару қолданып, соғыс ашқан кісілер;э
  7. Қарақшылық шабуыл кезінде өлген тонаушылар және сол сияқтылар;
  8. Ата-анасын өлтіргендер: оларға қорлық болу үшін жаназа оқылмайды;
  9. Мұсылман бола тұра өзге дінге өтсе, оның жаназа намазы оқылмайды және олар мұсылмандар зиратына жерленбейді. Жаназа намазы тыйым салынған үш уақытта, яғни күн шығып келе жатқанда, тал түсте, күн батып бара жатқанда оқылмайды. Ал өзге уақытта оқыла береді.

 

 

Құлпытасқа марқұмның бейнесін салуға рұқсат етілмейді

Алтыншы тарау «Мәйітті жерлеудің үкімі» деп аталады. Мұсылман мәйітті жерлеудің үкімі ижмағ бойынша – парыз кифая. Алайда мәйіт көмілмей қалса, сол аймақтың тұрғындарына күнә болады. Ал егер нақты бір топқа жерлеу міндеттеліп, олар да оны еш себепсіз, үзірсіз жүзеге асырмаса, әлгі топ түгелдей күнәһар әрі Алланың әміріне қарсы шыққан болады. Мәйітті жерлеуге көлікпен апаруға болады, алайда қабірстан жақын болса, жаяу апарған абзал. Мәйітке құрмет ретінде мәйіт алдына түсіп жүрмеген жөн. Мәйітті қабірстанға дауыс шығармай апару – сүннет.

 

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып немесе шашын жұлып, шариғатқа қайшы сөздер айтып жылауға болмайды.

 

Мәйітті жерлеуге мүмкіншілік болмаса, мысалы, бір кісі теңіз сапарында қайтыс болса, кемеде оны жуындырып, кебіндеп, жаназасы оқылады. Егер құрлық жақын болса, оған жеткенше күтеді. Құрлық алыс болып, оған жеткенше, денесі бұзылып кету қаупі болса, онда мәйітке ауыр бір нәрсе байлап немесе табытқа салынған бойы құбылаға қаратылып теңізге тасталады.

 

 

Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі. Құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қою, табыттың алдында өлген кісінің суретін алып жүру немесе кішкентай суреттерін жағасына қыстырып жүруге рұқсат етілмейді. Мұндай әрекеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Дінімізге кейіннен енген мұндай жат, кірме әдеттерден арылу қажет.

 

Қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа құрылыстар салу – мәкрүһ, жағымсыз іс. Өйткені марқұмға осы дүниеде істеген жақсы амалдары, ғибадат-құлшылықтары ғана пайда береді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Негізінде, мақтану, байлығын көрсету, бәсекелесу үшін кесене тұрғызу – харам іс. 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 747 353 00 03
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему