Қазақ хандығындағы дәстүрлі құқықтағы би таңдау жолы
Курс валют в Актау
на 24/06/2021
 
425
428.52
 
506.67
511.34
 
5.77
5.94
Номер редакции: +7 777 259 44 50
Номер журналиста: +7 707 900 67 10
Рекламный отдел: +7 775 350 54 52
reklama@tumba.kz, site@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
24 Июня, 19:51
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Қазақ хандығындағы дәстүрлі құқықтағы би таңдау жолы

9 Ноября 2018 (11:29) | 2696 | Автор: Нурганым Имашева

Замана – қызыл түлкі, құбылды мың,

Болмысын парасатпен ұғынды кім?!

Бұйырған Тәуелсіздік бүгінгі күн,

Ашайық ақиқаттың шымылдығын.

(Әбіш Кекілбайұлы)

 

 

Ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік «Дала заңының» билігі, ал оның қорының сақтаушысы, реформаторы және жүзеге асырушысы күші – билер болғаны бәрімізге мәлім.

 

Би - дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демо-кратиялық биліктің иесі, зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен ХIY-XY ғасырларда ежелгі түркі тілінде-гі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік реңкінен ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған.

 

Қазақ құқығы өз бастауын ХІІІ ғасырда өмір сүрген, көне үйсін руынан шыққан, Шыңғыс ханның «Орда биі» атанған Майқы биден алады. Сондықтан да Қазақ халқында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», - деген даналы сөз қалған, және қазақ құқығының қайнар көздері болып «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты ережелер жинағы болып есептеледі.

 

Қазақтың құқықтық жүйесін құрайтын дағдылы ережелер алғашқы адамзат қоғамының қалыптасуымен қатар жүріп, қоғамдық қатынастардың күрделенуі әдеттегі нормалардың  құқықтық негізде  сипат алуына әсер етті, содан қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы.

 

 

Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген, сол себепті қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан да. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық, яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.

 

Ш.Уәлиханов өзінің зерттеулерінде бидің кім екенін нақты көрсетіп: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген.

 

Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да, бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала берді».

 

Қазақтарда билер, атқаратын жұмысына, лауазымына, беделіне, адами қасиеттеріне орай, ата би, төбе би, қатар би, жеке би, төтен би, бала би болып бөлінген.

 

Ұлы билер Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген.

 

 

Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.

 

Жалпы танылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:

1) қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.

2) билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.

3) Сонымен қатар, билер сотының шешімі әрқашан да әділеттікке негізделіп, олардың кескен үкімдері мен шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған. Сол арқылы жаңадан туындаған дау-жанжалды, нақты бір қиын істі шешкен ереже, қағида, нақыл сөздер норма, сот прецеденті ретінде ел арасына тарап, келешекте орын алған ұқсас сот істерінде, дау-жанжалдар туындағанда қолданылған.

4) Егер бидің шешіміне тек бір тарап қана разы болса, онда істің әділетсіз шешілгені, мұндай келеңсіз жағдай бидің беделін түсірген. Болашақта мұндай сыңаржақ шешімді билерге дауласқан адамдар іс қарауға өтініш бермеген. Соның нәтижесінде билердің әділ шешім шығаруға деген жауапкершілігі мен кәсіби мүдделігі артқан, оған қоса мұндай жағдайда жарыспалылық ұстанымы бойынша кәсіби тұрғыдағы әділ бәсекелестіктің орнайтыны да сөзсіз.

5) қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы көпшілікке ашық, жария түрде өткен. Соның арқасында әділ сот ісінің барлық оқиғалары: дауласушы тараптардың пікірталасы, тартқан куәгерлері мен келтірген дәлелдеулері істі талқылауға қатысушы барша халыққа құпия болмаған, яғни, кез-келген даулы істі құпия қарауға тыйым салынған. Қазіргі кезде қол жеткізуге талпынып жүрген транспраренттілік, яғни, ашықтық, мөлдірлік деген қасиеттер билер сотына тән болған. Мұның бәрі далалық демократияның, жариялылықтың, тең құқықтық пен сөз бостандығының да көрінісі.

6) қазақ билері дауласушы тараптардың қалауларына сай, өзара келісім бойынша сайланған. Ал егер де істі қараушы би тек бір ғана тараптың қалауымен таңдалса, оның шығарған билігі әділ деп саналмаған. Мұндай жағдайда іс қайта қаралатын болған. Өзара консенсус арқылы таңдалған би «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстанымға берік болып, сол арқылы  сотта ұтылғандардың өзі шығарылған үкімнің әділдігіне ешбір күмәнсіз болған, себебі билік айтушы биді өзі қалап, оған билік айтуға құқық береді.

7) билер сотында апелляциялық құқық та сақталған, мысалы, дауласушы тараптар бидің айтқан билігіне риза болмаса, шағым беруге құқылы. Сонымен қатар, билер сотында ант беру рәсімі жүргізіліп, барлық қаралған істер бойынша қорғаушылар қатысқан.

 

 

Қазақтың әдет-ғұрып нормаларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған.

 

Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға - қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. «Жеті Жарғыға» сай қазақ билері құқық бұзушыларға жаза белгілеуді жасаған қылмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы деп белгілеген.

 

Дәстүрлі қазақ қоғамы туралы зерттеуінде А.И.Левшин «Жеті Жарғыға» сілтеме жасай отырып, «жанға - жан, қанға - қан» ұстанымы бойынша өлген адамның туыстары кісі өлтірушіні өлтіруге құқылы, ал қолын, аяғын, құлағын кескендердің сондай дене мүшелерін шауып тастауына құқығы бар екендігін көрсетеді.

 

Сонымен қатар, мұндай қанды жазалар айыптаушылардың келісімі бойынша бидің шешімімен жұмсартылып, айыпты жасаған қылмысы үшін белгіленген құн төлеу арқылы жазасын өтейді.  Құн төлеу арқылы кісі өлтіруші өзінің  өмірін сақтап қалады, яғни, ер адам үшін 1000 қой, әйел үшін 500 қой төлеуі тиіс.

 

Басқа біреуге дене жарақатын салғаны үшін немесе қандай-да бір дене мүшесін шауып тастағаны үшін белгілі бір мал санын төлеуі тиіс. Мысалы, бас бармақ 100 қой тұрса, кішкене саусақ 20 қой тұрады.

 

Қазақ қоғамының идеологиясын құруда, оның рухани салауаттығын арттыруда да билер жоғарыда аталған ұлттық этикалық және этнопсихологиялық түсініктерді ұлттық сана-сезім мен саяси мәдениет дәрежесіне жеткізуді мұрат еткен. Осылайша этикалық мәселелерді мемлекетке қызмет еткізуге талпыныс жасалған. Сол үшін де Қазақстандағы биліктің сипатын жақсы ұғыну үшін әуелі қазақтардың дәстүрлі саяси мәдениетін, құндылықтар сатысын, саяси дәстүрлерді және олардың қазіргі замандағы Қазақстан өміріндегі рөлін зерделеуіміз қажет.

 

Қазақ қоғамындағы билік иерархияларында алмағайып заман тұсында ру басына, ұлыс ұлықтығына текті әулеттен шыққаны бойынша емес, ерлігімен сын сағаттарда көзге түсіп, жанқиярлық көрсеткен батырларды қою билердің қолдауынсыз болмады.

 

Сондай-ақ хандықта атқару кеңесі болған. Хандық өзінің атқару кеңесінде – билермен, қолбасы батырлармен, уәзірлер тобымен ақылдасып кезектегі істерді қалай атқаруды талқылаған. Бұл – қазіргі заманымызда жалпы қолданысқа ие болып отырған билік бөлінісінің, тепе-теңдік пен тежемелік принциптерінің, қоғамдық бақылаудың тағы бір көрінісі.

 

 

Билер іргесін қалаған осы бірлік пен татулықты ұстанған саясат қазіргі күнде Қазақстан Республикасының ішкі саясатында үрдіс тауып та отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, оның сәтті жұмыстар атқаруы, ТМД елдерінің ішіндегі тұрақтылық қаймағы бұзылмай, ішкі дүрдараздықтан дін-аман алып келе жатқан бірден-бір мемлекет болуы Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың бір кезде билер салған ел бірлігін сақтау саясатының сабақтастығы деуге негіз бар.

 

Еліміздің дәстүрі мен қоғамдық өмірінде біте қайнасып келген билер институты өз ерекшелігімен  маңызды орын алады. Билер елдің дәстүрлі ұстанымдары мен халық тәрбиесіне үлкен назар аударып, ұлттық дүниетанымды негіздеуге атсалысты.

 

Қазақ халқына тән билер институтының ерекшелігі, оның  қоғам омірінің саяси, әлеметтік және рухани салаларына  ғасырлар бойы  сіңірген еңбектерінде.

Осындай ел қажеттіліктерін сабақтастырып, ұштастыра білген билер институтына орасан зор үлесін қосқан, өз заманының ұлылары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер болды.  Олардың  азаматтық қайсарлығы, сөз тияр өнері, ел үшін жасаған әділ билігі тарихта жазулы. Қазақ халқының дәстүрлі құқығындағы алтын діңгек - Ұлы үш би болатын болса, олардың Ұлылығы өзара Бірлігінде еді.

 

Ақтау қалалық сотының төрағасы заң ғылымдарының кандидаты М.Кенжәлиев 

 

Суреттер ikaz.kz сайтынан алынды

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 747 353 00 03
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему