Жақсының аты өлмейді...
Курс валют в Актау
на 28/03/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
28 Марта, 19:51
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Жақсының аты өлмейді...

28 Марта 2017 (19:24) | 3220 | Автор: Нурганым Имашева

 

 

Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған азамат осыдан төрт жылдай уақыт бұрын өмірден өткен. Алайда сол бір адамгершілігі зор, мінезі жайсаң жанды қызметтестері әлі күнге ұмытпай, оның қысқа ғұмырында, көзі тірісіндегі істеген ізгілікті істерін, адами қасиеттерін, өз қызметіне, Отанына, халқына берген жауынгерлік сертіне адалдығы жайлы әлі күнге жыр қылып айтып отырады.

ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙТҚА ОРАЛУ

«Жақсының – аты өлмейді, ғалымның - хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Осы сөздердің дәл айтылғандығына бүгінгі мақаламыздың кейіпкері туралы естеліктерді тыңдай отырып, көзіміз жеткендей болды. «Тумба» газетінің 2013 жылғы 17 қазанындағы №42 санында жарық көрген мақалам «Жігіттің жампозы еді...» деп аталған болатын. Кейіпкерім - Теңге кентінің №12 өртсөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қонысбай Қуанұлы Ашырқатов туралы өткен шақта жазуға тура келген еді. Өйткені асыл ер небары 38 жасында 2013 жылдың 18 тамызы күні жарық дүниемен қош айтысқан болатын.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында елінің, халқының амандығын қорғау жолында аянбай қызмет етіп, адами асыл қасиеттерімен туған-туыс, дос-жаран, қызметтес-әріптестерінің жүрегінде жарқын бейнесі сақталып қалған азамат жайлы оның ұжымдастары әңгімелеп берген еді. Кез-келгеннің басына түскен қиын жағдайды өз проблемасындай көріп, шешуге ұмтылатын Қонысбайды қызметтестерінің, туған-туыстары, бауырларының қиыншылықтары да бей-жай қалдырмайтын. Өз отбасы баспанасыз болса да, бауырларының жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсаған ол тағдыр тәлкегімен мойнына артылған ауыр жүкті нардай көтеруге тырысатын. Сондай қиыншылықтар жүрегі жұмсақ азаматтың денсаулығына нұқсан келтірген болар, асыл ер бір күні түнгі ұйқысынан оянбай қалған.

Елін, халқын «тілсіз жаудан» қорғау жолында өзін де аямай, жоғары жауапкершілік пен қызметіне деген адалдығын жоғары қойған ержүрек сарбаздың артында аңыраған жары Кәмшат пен шиеттей жас бес баласы қалған-ды. Ең кенже ұлы Бексұлтанның өмірге келгеніне де сонда 1 ай ғана болса керек. Арқа сүйер азаматынан айырылып, зар еңіреген жары мен қапыда әкесінен көз жазып қалып, бота көздері жәудіреген сәбилеріне қайтсек қол ұшын беріп, көмек бола аламыз деген қызметтестері бұл отбасына сол кезде үлкен қолдау танытты.

Қонысбайдың өзі қызмет еткен Теңге кентінің №12 өртсөндіру бөлімінің сол кездегі басшысы Ташмұқанов Ыбырай Боздыбайұлы бас болып, марқұмның жары мен балаларына қолдарынан келгенінше көмектерін аямады. Пәтер жалдап жүрген Қонысбайдың отбасына өзі қызмет еткен мекеме атынан көмек ретінде, пәтерақысын төлеуге көмек беруге, қызметтестері мерекелер кезінде сыйақы алса, балалары қуанышқа бөленсін деп, сыйлықтарын жеткізіп, бұл жанұяның елеусіз қалмауына бар күштерін салды. Пәтер мәселесінің де шешілуіне атсалысып, Қонысбай өзі көзі тірісінде пәтер кезегінде тұрғанын ескеріп, қорғансыз қалған оның отбасына қамқор болуды қызметтестері өздерінің тікелей парызы санаған. Жаңаөзен қаласы ТЖ қызметінің сол кездегі басшысы Әлжанов Нұрқожаға барып, Қонысбай Қуанұлының жанұясының жағдайы туралы айтып, қала әкімінің қабылдауына кіріп, марқұмның жанұясының пәтер кезегінен шығып қалмауын, мұқтаж отбасылар қатарында пәтер алуын қадағалап, бар қолдарынан келген көмектерін аямады. Әлі күнге дейін қызметтес жолдасының отбасына қолдау көрсетіп келе жатқан жаңаөзендік өртсөндірушілердің көмек қолын созуының нәтижесінде Қонысбайдың жанұясына 2016 жылдың қыркүйек айында Жаңөзенде жаңадан салынған 6 шағынауданнан 3 бөлмелі пәтер беріліп, көптен күткен армандары орындалды.

ҚУАНЫШ ТОЙЫ

Жақында Жаңаөзен қаласына сапар шегіп, Қонысбай Ашырқатовтың шаңырағында болған жаңа пәтерге алуы мен кіші үш ұлының сүндеттелуіне арналған қуаныш тойларының куәсі болып қайттық. «Орнында бар - оңалар» дегендей, перзенттеріне

әкелерінің жоқтығын сездірмей, аялап өсіріп, өнегелі тәрбие беруге тырысып келе жатқан Қонысбайдың жары Кәмшат ағайын-туыс, дос-жарандарын, жұбайының қызметтес жолдастарының басын қосып, отбасындағы қуаныш тойын тойлады. Жанұяның су жаңа пәтерін, мұнтаздай таза киінген, үйлеріне келген қонақты ізетпен қарсы алып, қуанған, шетінен өнерлі балаларын, олардың бал-бұл жанған жүзіндегі қуаныш сезімін көріп, Ақтаудан арнайы барған біз қуанып қалдық. Біз деп отырғаным – Маңғыстау облыстық ТЖ Департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Рукья Сычева, аталған мекеменің психологы азаматтық қорғау майоры Дариға Жолдыбаева және осы мақаланың авторы.

Қонысбайдың жары Кәмшат Оразбаеваға бірнеше сауал қойып, жағдайын білуге тырыстық. Балаларын әкесіз өсірудің қиын екендігін сезініп жүрсе де, тағдырдың басына салған сынына қайсарлықпен жауап қатып, талай қиыншылықтарға төзіп келе жатқан 35 жастағы жап-жас келіншек 5 ұлын аялап, аналық махаббатына бөлеп, өсіріп, оқытып, жақсы тәрбие беруде, олардың тәртіпті, саналы болып ержетуіне бар күшін салуда. Әкелерінің берген тәрбиесін жалғай түсуде екенін байқадық.

- Әрине, әкесіз 5 баланы өсіру оңай емес, дегенмен, бірде –қатал, бірде – жұмсақ болып, мейіріммен бар тәрбиемді беріп жатырмын балаларыма. Шүкір, Аллаға, бәрі жақсы бізде. Өзім балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етемін, ай сайын жалақымызды аламыз, балаларыма мемлекет тарапынан ай сайын қаржылай төлемақы беріліп тұрады.

Өзімнің әке-шешем, туған бауырларым алыста Өзбекстан елінде тұрады, мында тек ең кіші сіңлім отбасымен тұрады. Өзімнің тумаластарым –жетеу, жанұяда 6 қыз және бір інім өстік. Шүкір, алыс-жақыннан ағайын-туыстар қуанышыммен құттықтап келіп жатыр, бәріне рахметімді айтам. Жолдасымның да туыстарымен жақсы араласып тұрамыз. Өте жақсы қарым-қатынастамыз. Қайын аға, абысындарыммен жақында 15 наурызда жолдасымның туған күнінде бейіт басына барып, аруағына құран бағыштап, еске алдық. Жыл сайын солай істейміз.

Жолдасымның қызметтестері жанұямызға үнемі қолдау көрсетіп отырады, көмегін аямайды. Жақында 8 наурызда да құттықтады, ешбір мерекеден қалыс қалдырып көрген емес. Оларға алғысым шексіз. Осы тойымызға дайындық басталғалы бері №13 МӨСБ-нің Дәмежан есімді қызметкері көмегін аямай жүгіріп жүр. Жолдасымның қызметтес болған ұжымын шаңырағымыздағы шаттықты тойлауға шақырдым. Көптен күткен жаңа пәтерге қол жеткізуге олардың қолдау көрсетіп, көмектерін аямағаны үшін шексіз ризамын, - деп алғысын білдірді Қонысбай марқұмның жары Кәмшат. Ұлдарының әке жолын қууына қалай қарайтыны туралы сұрағыма жауап берген анасы: «Үлкен ұлымыз - Әсет биыл колледжді теміржолшы мамандығын алумен бітіреді, екінші ұлымыз Магелан – 8 сыныпта оқиды. Әділет есімді ұлымыз спортпен шұғылданады, ән салғанды ұнатады, 5 жастағы ұлым – Рауан жаңажылдық костюм таңдағанда мен ойлағам, ертегі кейіпкерінің костюмін таңдар деп, ал ол болса полиция қызметкерінің киімін таңдады. Ертеңгі күні өскенде ұлым әкесінің жолын қуып, өрсөндіруші-құтқарушы болам деп жатса, мен ұлымды қолдаймын, оның таңдауына қарсы болмас едім. Ал кенжем – Бексұлтан балабақшада. Маусым айында 4 жасқа толады, әкесі қайтыс болғанда небары 1 айға ғана толған сәби еді. Ұлдарыма кіштай кездерінде әкесінің беріп кеткен өнегелі тәрбиесін беруді жалғастырудамын», - деді.

ҚЫЗМЕТТЕСТЕРІНІҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

-Қонысбаймен 2007 жылы Қызыл сай ауылында өртсөндіру бөлімінде танысқанбыз. Ол сонда бөлімше командирі, ал мен - қарауыл басшысы болған едім. Бір-бірімізге қызмет бабымен көмектесіп тұрушы едік.

Содан 1 жылдан кейін басшылар мені Теңгедегі №12 өрт сөндіру бөліміне басшы етіп тағайындады. Теңге кентінде халық санының өсуіне байланысты, ондағы өрттер саны да жиілеп кеткен кез болатын, сол бір 2007 жылдары. Жергілікті облыстық, қалалық әкімшіліктердің басшылары шешім қабылдап, бізге Теңгеден бөлімше ашып

берді, ғимарат ескі, жөндеуді қажет ететін жай болатын. Өз күшімізбен соны жөндеуден өткіздік. Сонда Қонысбай өз тарапынан хабарласып, белсенділік, азаматтық танытып, ауылымызға тигізген бір пайдамыз болсыншы деп, жөндеу жұмыстарына үлкен үлес қосып еді.

Жалпы, Қонысбай өте өнерлі жігіт еді. Домбырамен ән салып, өлең де шығаратын қабілеті бар еді. Республикалық, облыстық байқауларға қатысып, аймақтың ТЖ саласының намысын қорғайтын, жүлделі орындар алатын, өте сауатты, басшы болуға лайық азамат болатын. Керемет жақсы жігіт еді Қонысбай, менің құдам осы адам болса екен дегендей азамат еді. Басында баспанасы болмаған соң, материалдық жағынан қиыншылықтар көріп, көбіне мұңды күйде, ойланып жүретін. Сөйтіп, кенеттен қайтыс болды. Бүкіл ұжымымызбен өзіміздің - өртсөндірушілердің дәстүрімен ақтық сапарға шығарып салдық. Ұжымда абыройлы, сыйлы азамат болғандықтан қызметтес қыз-жігіттер болып, қолымыздан келгенінше отбасына қолдау көрсетуге тырыстық.

Былтырғы күзде отбасы жаңа 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Қонысбайдың өзі көре алмаған қызығын балалары көріп жатқанына шүкіршілік етеміз. Оның аруағы разы болып жатқан шығар, - деді Қонысбай Ашырқатов туралы естелігімен бөліскен Теңге кентінің №12 өртсөндіру бөлімінің сол кездегі басшысы Ыбырай Ташмұқанов.

Қ.Ашырқатовтың шаңырағында жақында өткен қуаныш тойына қызметтестері атынан қатысқан басшысы азаматтық қорғау подполковнигі Ташмұқанов Ыбырай Боздыбайұлы, Жаңаөзен қаласындағы №13 МӨСБ радиотелефонисі азаматтық қорғау кіші сержанты Дәмежан Жексенқызы Тоғызбаева және азаматтық қорғау сержанты Шайханов Мұрат та жауынгер досының отбасылық қуанышына ортақтасып, той дастарханында Қонысбай туралы естеліктерімен бөлісіп, жанұясына ақ тілектерін арнады.

-Біз Қонысбай екеуіміз 2005 жылы Қызылсай кентіндегі №10 өртсөндіру бөлімінде қызметтес болдық. Содан 2011 жылы Теңге ауылындағы ӨСБ –не ауыстық.

Қонысбай – адамгершілігі мол, жақсы азамат еді, өзгені де сыйлай білетін, өзін де сыйлата алды. Кез-келген адаммен араласып та, татуласып та білетін, араздасқандарды татуластыруға шебер болатын, мінезі кішіпейіл, үлкенге – құрмет, кішіге –ізет көрсете білетін, ерекше жан болатын. Бөлімде өтетін барлық шараларға белсене қатысатын, Қызылсайда өткен Наурыз тойында Әсет деген ұлын да мерекеге қатыстырып, халыққа ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге көп үлесін қосып еді.

Сөйтіп, тек өзі ғана қатысып қоймай, өсіп келе жатқан ұлдарын да өнерге баулып, өнегесін көрсетуші еді. Барлық жағынан да Қонысбай Ашырқатов өте жақсы азамат болатын, - деп есіне алды қызметтесі болған, 12 жылдан бері ТЖ саласында қызмет етіп жүрген, Жаңаөзен қаласындағы №13 МӨСБ радиотелефонисі Дәмежан Жексенқызы Тоғызбаева.

Иә, бес күндік жалғанда ізгіліктің нұрын төгіп, қайырымдылық жасауға ұмтылғанға не жетсін! Қызметтері қауіпке толы өртсөндіруші-құтқарушылар қауымы осы қағиданы берік ұстанатынына талай рет куә болып жүрміз. Себебі олар – өмір құндылықтарын өзгелерге қарағанда тереңірек ұғынатын сияқты.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему