«Ренессанс» қонақ үйінде «өрт» шықты
Курс валют в Актау
на 19/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
19 Апреля, 20:36
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

«Ренессанс» қонақ үйінде «өрт» шықты

27 Декабря 2014 (05:21) | 3673 | Автор: Нурганым Имашева

«Ренессанс» қонақ үйінде «өрт» шықты

Аптаның ортасында кешкі 18-00-де облыс орталығындағы қонақ үйлердің бірі «Ренессанс» меймандары абыр-сабыр күйге еніп, абыржып қалды. Оған себеп-аталмыш ғимараттың 7 қабатында орналасқан ауданы 20 м2 болатын қойма бөлмесінен «өрт» шығып, «тілсіз жау» тез арада қою қара түтінімен айналасын тұмшалап алған еді. «Өрттің» пайда болуы туралы суыт хабарды естісімен қонақ үйдің жауапты маманы тез арада 101-телефонына хабарласып, көмек сұрады.

                  Өрт сөндіру қызметінің күштер мен құралдарды жұмылдыру орталығының диспетчері хабарды қабылдап, шығу кестесіне сай № 2 шақырту бойынша бөлімшелерді және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерін жібереді.

                  Қоймада жану жалғасып жатты. «Өрт» көршілес бөлмелерге тарала бастады. 7-ші қабатта адамдар көмек сұрады.

Арада 7 минут уақыт өткенде шақыртылған жерге № 1 МӨСБ-нің 1, 2 бөлімшелері, АС-32, АКП-35, № 8 ӨСБ-нің 2 бөлімше, № 2 МӨСБ-нің 2-бөлімдері және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері келді. Ғимараттың 1 қабатында орналасқан электр қалқанынан ток көзі ажыратылды. Ғимарат сыртқы газ желісінен толық газдан ажыратылды.

                  Адамдарға қауіп төну қаупі пайда болды. АС-32 (негізгі шығыс алдына) және АКП-35 (ғимараттың шығыс жағына) арнайы техникаларын жоғарғы қабаттарға қондырды.

№ 1 МӨСБ-нің 1-бөлімшесі АС-32 арқылы 7-ші қабатқа адамдарды құтқаруға және № 1 (негізігі кіріс жағынан), (ғимараттың шығыс жағынан) 2 МӨСБ-нің 2-бөлімшелері ғимараттың ішінен газ-түтіннен қорғау қызметі (ГТҚҚ) буындарымен адамдарды құтқаруға, барлауға жіберіп сонымен қатар жақын арадағы өрт гидранттары (ӨГ) техникаларын қондырды. № 8 ӨСБ 2-бөлімшесі ғимарат артындағы ӨГ қондырып ғимараттың артындағы қосалқы есіктен ГТҚҚ буындарымен адамдарды құтқаруға, барлауға жіберді.

Ғимараттан адамдар қауіпсіз жерге шығарыла бастады, 7-қабаттан 2 адам және ғимарат ішінен 2 адам құтқарылды. Күзетшінің мәліметі бойынша ғимарат ішінде 1 адам қалған. 6,7-қабаттар дәлізде, бөлмелерді, саты алаңдарын қалың түтін басқан.

18:09-«өрт» көршілес бөлмелерге тарауда. Өрт сөндіру жетекшісі (ӨСЖ) басшылықты өз қолына алды. ӨСЖ жағдайды бағалап, 1-ӨСЖ-н толық мәліметтері алып орталыққа хабарлады. Адамдарды құтқару және көшіру жұмыстарын ұйымдастырды. Ғимараттан көшірілген адамдарды түгендеу басталды.

Ғимараттың сумен жабдықталуы қанағаттанарлық екені анықталды.

18:10-Жану жалғасуда. Қонақ үй басшылығы қатысуымен «өрт» басында шұғыл штаб құрылды. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдар саны тізіммен анықталуда, құтқарылған адамдарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілуде. Қалалық қызметтермен бірігіп жұмыстар атқарылуда.

ӨСЖ штаб бастығына өртті сөндіруге күштер мен құралдардың есебін жүргізу мен үздіксіз су беруді және ТОЖҚҚ резервін құруды тапсырды.

18:13-Жану жалғасуда. Шақыртылған жерге МӨСБ-1 АКП-54, АТО (УАЗ), МӨСБ-2 АСА, АСО, Вахтовка автокөліктері келді. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдар суықта тоңып тұрудан құтқарылып, Вахтовка автокөлігіне орналастырылды. Іші плацкарт вагонына ұқсайтын бұл көлікте адамдардың жылынып отыруына бар жағдай жасалған.

ӨСЖ ғимараттың артқы жағынан АКП-54 арқылы ғимараттың шатырын лафет оқпанымен қорғауға бұйрық берді.

Жауынгерлік учаске бастығы (ЖУБ)-1 баяндады: өрт ошағы анықталды шамамен 33 ш/м. 2 «Б» оқпан сөндіруге, 1 «Б» оқпан көрші бөлмелерді қорғауға берілді.

ӨСЖ АСО және АСА техникаларына өрт сөндіру аумағын жарықпен қамтамасыз етуге бұйрық берді. «Өртті» оқшаулау іс-қимылдары басталды.

7 қабатта қалып қойған зардап шегушіні құтқарушылар тысқа алып шығып, «Апатты медицина орталығы» дәрігерлерінің қолына тапсырды. Жедел жәрдем көрсеткен дәрігерлік қызмет өкілдері зардап шеккен адамды арнайы медициналық көлікпен ауруханаға алып кетті.

Осыдан соң «өрт» толық сөндірілді. Өртсөндірушілердің жедел қимылдауының және тиісті қызметтердің өзара тығыз байланыста болуының арқасында «тілсіз жау» тез ауыздықталып, адам шығынына да жол берілмеді.

Ақтау қаласының 9 шағынауданында орналасқан 120 адамды орналастыруға арналған «Ренессанс» қонақ үйінде «өрт» шыққан кезде 36 қонақ және 35 қызметкер болған. Олардың барлығы да «оқыс оқиғадан» кейін дін аман, өздерінің бөлмелері мен жұмыс орындарына қайтып оралды.

Өрт сөндіру бөлімшесінің аға инженері өртке қарсы қызметінің аға лейтенанты Толыбек Тойлыбайұлы Нуров:

-Бұл жүргізілген өрт-тактикалық жаттығуымыздың негізгі мақсаты-адам көп шоғырланатын және мерекелік шаралар жиі өткізілетін, әрі көп қабатты нысандарда өрттердің алдын алу және бұларда адамдар қалып қойған жағдайда оларды құтқару, дереу әрі жедел көмек көрсету.

Мұндай жаттығуларды біз арнайы кесте бойынша айына 2-3 рет өткіземіз. Арнайы техникаларды қолданамыз, мысалы АСА-20 және АСА-бұлар авариялық-құтқару жұмыстарын атқаратын негізгі техникамыздың бірі болып табылады, жолда кездескен кедергілер кезінде төтенше жағдайда адамдарды құтқаратын арнайы құтқару жабдықтары.

Бүгінгі жаттығулар кезінде 11 арнайы техника қолданылды. Оның ішінде –төртеуі-арнайы, яғни, өртсөндіретін негізгі техника болса, 3-уі автосаты, 2 көмекші автокөлік қолданылды.

Жеке құрамнан 30 сарбаз қатысты. Олар-негізгі автокөлікте -7 адамнан болса, көмекші автокөлікте 2-3 адамнан болады. Олардың басты мақсаты-ең бірінші адамдарды құтқару, содан кейін өртті сөндіру. Өртті уақытында әрі тез сөндіру үшін жауынгерлік іс-қимылдар жасайды.

Соңғы бір айдың шамасында қаламызда жоғары қабатты үйлерде 2 өрт оқиғасы орын алды. Осындай қауіпті жағдайлардың алдын-алу үшін, қарауыл жеке құрамының машықтануларын жетілдіру, өрттегі жағдайды бағалай білуі үшін бүгінгідей өрт-тактикалық жаттығуларын ұйымдастырудамыз,-деп мәлімдеді.

«Сақтықта-қорлық жоқ» дегендей, өрт айтып келмейтінін ескерсек, осы сынды сақтандыру шараларының нәтижесінде әркім өзінің кемшін тұстарын саралап, оқыс оқиғаға тас түйін дайын болуын тағы бір рет пысықтауға ұмтылса, одан тек ұтары анық.          

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему