12 жасында майданға барды
Курс валют в Актау
на 03/05/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
3 Мая, 10:16
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

12 жасында майданға барды

9 Мая 2020 (08:43) | 2544 | Автор: Редакция

Ұлы Жеңіске 75 жыл толуы қарсаңында киелі өлке Маңғыстау тарихына қатысты жазылған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аллаберген Қонарбаевтың осынау тағылымды мақаласын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

 

1943 жылы жылдың көктемі. «Тұщықұдық – Шебір» өңірі құлпырып тұр. Терістік беттегі құмды өңірлерде құмаршық сияқты азықтық өсімдік түрлері де көрініп жатты. Ауызы аққа тиген малшы ауылдар да бір жасап қалды. Жазғытұрымғы ақ жаңбыр да әлсін – әлсін төгіп жерді де, елді де қуанышқа бөледі.

 

Бірақ ауыл адамдарының жүзінде күлкі үйірілмейтін. Өйткені батыста қанды қырғын толастамай тұрды. Жауыз әлі кекті. Ел іші жылау – сықтау, жиі жиі келіп жататын «қара қағаз» қайғы мұңды арқалап, көз жасын көлдетті. Осы жылы майданға тек адамды ғана емес, Адай жылқысын алу үрдісі басталды. Себебі бұл жылқылар ұзақ жүріске те, мініске де төзімді болатын. Маңғыстау ауданына «Консоюз» мекемесі арқылы 2000-ға жуық жылқы, оның алғашқы легі яғни 480 басы 1942 жылы майданға оқтын – оқтын жөнелтіле берді...

 

 

Осы тұста 2009 жылы жарық көрген жазушы ағамыз марқұм Сәбит Әбішевтің «Тағылым» атты көлемді кітабында: «Үйіріліп бағылып, жайылымда өскен және жабағы тай кезінен ұсталып, тұтылып шыңдалған, көндіккен аттар ауыр жұмыстың қай түріне, әскери мақсатқа да мейлінше жарамды болып шықты. Осы тұрғыда соғыс, қорғаныс бағытындағы ауыр жұмыста күй таңдамайтыны күш – көлік, мініске берік жылқы өсіру, оны асылдандыру жөнінде дерек келтірілген. Сөйтіп облыс, майдан басшыларының бұйрығына сәйкес «Тұщықұдықтағы» №14 ауылдан (Елтай колхозы) Орал майданына 150 жылқы алынатын болды. Әскерге жарамды жылқы дайындау үшін «Консоюз» деген мекеме арқылы екі – үш әскери өкіл келді. Мінгендері «полуторка» машинасы. Шаңды аспанға үйіріп дауысы тарылдап, жер дүниені қуырып барады. Көпшілік жан-жақтан жиналып қалды. Бір жағынан көп көріне бермейтін мынау ала құйын машина таңсық болса, бір жағынан жинақы әскери киінген орыстар да «қызық». Келген екі, үш орыстың басшысы жылқы тани білетін, бұрынғы шаруашылық маманы болып шықты. Ол ауыл – ауылдың жылқысын түгел жинақтап, бір жерге иірді. Әлгі орыс басшы жылқыларды іріктеп, ішіндегі тәуірлерін бөлектеді. Жылқының бойын, ұзындығын, тісін қарап жарамды дегендеріне номер байлады. Ауыл – ауылдан жылқыға арқан жиналды. Бұлары ешкінің түбітінен қолдан ескен мықты қыл арқаны. Сонымен ең таңдаулы деген 150 жылқы іріктелді. Әлгі бастық орыс: «Мынау Адай жылқылары Дон жылқыларынан артық болмаса кем емес» деп мақтауын да келістірді. Содан соң ол:

 

- Жылқыны Гуревке дейін (казіргі Атырау) шашау шығармай айдап бару үшін бізге екі-үш адам керек,- деді, деді.

 

Мұндай әрі бұйрық, әрі өтінішке ешкімнің «лә» демесі жоқ. Жұрттың бәрі де әскери тәртіптің қатал заңын түсінетін. Алыс жолға жылқы айдауға жарамды деген Темірбай деген қария мен он алты жастағы Аташев Сарыжан дегендер жүретін болды.

 

- Тағы да бір адам керек, - деді орыс бастық. Колхоз басшысы Жапақов Жұмағали тереңнен толғап сөйлейтін, барлығын да кесіп – пішіп, біліп айтатын аңғырампаз адам еді:

- Ес білгелі жылқымен көзін ашқан, жылқының құлағында ойнап өскен ең жас жылқышымыз мынау – Есмырза деген баламыз бар, өзі 12 жаста жиырмадағы жігіттей қажырлы. Ал басқалары ылғи қатын – қалаш,- дегенде, Есмырза екі көзінен от шашып, «мен дайынмын» дегендей жалт қарады.

 

- Тым жас емес пе?

 

- Бұл бала әбден сыналған жылқышы.

 

- Ал бала сен қалай қарайсың?

 

- Ағалардың айтқанына қарсы емеспін! – жұлып алғандай тақ еткізді.

 

Орыс бастық баланың пысықтығына, батылдығына қатты риза болып, алып жүретін болды. Есмырза анасымен де, өзгелермен де қоштасып атқа мінді.

 

Сол күні түс қайта бұлар жолға шығып, қалың жылқыны Үстіртке шығар «Өрмелі» асуына қарай бағыттады. Машинадығылар еріп келе жатты. Азық – түлік жеткілікті, жылқышылар «ет консерві» дегенді бірінші рет көрді. Сонымен жылқы айдағандар Бейнеу, Боранқұл, Құлсары, Ескене сияқты талай жерлерді басып өтіп, күндіз – түні жүріп, он екі күн дегенде Гурьевке де келіп жетті. Жылқылар алдын ала дайындалып қойылған вагондарға да тиелді. Әскери кісілер машиналарын Гурьевке тастап, өздері де жылқымен бірге вагонға мінді. Есмырзадан басқа екі жылқышыны елге қайтарып жіберді. Есмырзаны әскери жігіттер «Еско» деп көбіне, ыммен қимылмен түсіністі, Есмырза орысша білмейді. Жылқының жайы жасалды. Олар «Есконың» арқасынан қағып – қағып «Молодец, пацан!» деп қояды. Бұлар Сталинградтан (қазіргі Вологоград) көп бөгелмей майдан шебіне жақындаған сайын жағдай өзгеріп бастады. «Зоолегеш – Хомутово» сияқты шағын қалаларға келгенде немістің бомбалаушы ұшақтары көрінді.

 

Жетінші күн дегенде сәске түсте арада кідіріс жиілей түскен Есмырзаның жанындағылар «Воздух, воздух!» деп сасқалақтады. Әлгі неміс ұшақтары аспаннан «құмалақтап» оқтын – оқтын көріне берді. Сол «құмалақтаған» жерлері апандай ор болып, топырақ аспанға үйірілді. Есмырза да үрейлене тысқа көз тастап отырды. Құдай сақтап, бомба жуық маңға тура түспеді. Әскерилер Есмырзаны көтеріп апарып, вагонның бір бұрышына отырғызып қойды. Жылқылар да қапелімде шыңғырып, кісінеп, аяқтарымен жер тарпып, тынышсызданды. Пойыз аман-есен тиісті жеріне келіп жетті-ау! Бұл Орел қаласы маңындағы «Моховое» деген станциясы екен.

 

Міне сол сапарда Есмырза жол-жөнекей соғыстың адам айтқысыз қанды ізін көрді. Әлсін әлі жадау-жүдеу адамдар, көмусіз қалған өлілер, қираған техника, өртенген үйлер, күркіреген шалғай шеттегі атыс ұялары, қойшы әйтеуір көңілсіз көріністер көз ұшында қалып отырды.

 

 

Жауынгерлер жылқыларды бөліп-бөліп алып, майдан шебіне кетіп жатты. Бұл жылқылар ауыр зеңбіректі тарту үшін, госпиталь арбаларына жаралыларды тасу үшін тағы да басқа күш көлігі ретінде пайдаланылады екен. Бірқатар жауынгерлерге Есмырза жылқыны ұстап тұтуды, қалай жуасытуды үйретті. Әскер басшылары қарғадай баланың батырлығы мен батылдығына бастарын шайқап, риза болды. Есмырзаға алғыс айтып, су жаңа киімдер беріп, киіндірді. Сонымен Есмырза екі-үш күн бойы «Полк баласы» атанды. Көп ұзамай оның қасына бір жауынгерді ертіп Гурьевке дейін жеткізді.Әскерилердің бастығы «Мынаны анаңа апарып бер» деп отыз сом ақша берді. Ол кезде бұл аз ақша емес-ті.

 

Ертіп келген жауынгер Есмырзаны Гурьев облыстық әскери комиссариятқа аманаттап тапсырып, қош айтысты. Дегенмен жолай біраз қиындық көріп «Тұщықұдық» маңындағы «Боқтысай» қыстауына жаяу-жалпы келіп жетті. Оны ауылдастары «Майданнан аман келген жауынгер» есебінде қарсы алғаны және бар.

 

Есмырзаның осындай көзсіз ерлігін бұл күндері біреу біліп, біреу білмейді. Былайша жап-жас баланың ерлік хикаясы соғыс кезіндегі өте сирек оқиға болар.

 

Саналы ғұмыр жолын халқымыздың құс қанатты жылқы түлігін өсірумен Есмырза ақсақал маңғыстаулықтардың жүлдегер жылқышысы атанды. Еңбегімен ер атанды. Қайда жүрсе де қақ төрден орын алды. Марапаттаулары өз алдына бір шежіре. Тәрбиелі, тағылымды ұл-қыз өсірді. Олардың бірі жықышы болса, көпшілігі ақ адал еңбек етіп, кәсіпкерлік тізгінін ұстағандар. Шебір, Шетпе, Ақтау тұрғындары. Ел көзіне түскен қайырымды мейірбан азаматтар.

 

Өткен жылы дүниеден өткен 64 жыл бойы жұбайы болған Жәнипа әжей « Батыр ана», «Алтын алқа» иегері еді. Туралап келген тәңір ажалына кімнің шарқы жетер...

 

Жүрегінде жыры шексіз, жанарында сөнбес нұры түпсіз Есмырза ақсақал сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол белдеуінен бес қақпаны кетпеген аңшы, құралайды көздеп атқан мерген. Атақты сейіс кәзірде де оқта-текте жеңіл авто машинасын «желіге» байлап қойған жүргізуші-шофер.

 

 

Есмырза ақсақал «Атымтай жомарт» адам. Бұл ретте ата-баба дәстүрін қалт жібермеген. «Жылқылы бай» атанған ол қол қайырымын көптен аяған емес. Ел іші болған соң жұртшылықтың жағдайы бірдей емес. Сондықтан да ондайлар жақын туыстары болмаса да қуанышы мен ренішіне үнемі қол қайырымын жасап ортақтасып отырады.

 

Маңғыстау өңірінде түрлі мерекелік атаулы күндер игі шаралар болып жатады. Бекет атаның 250 және 260 жылдығына, Тұщыбектегі «Адай ата-Отпан тау» кесенесі үшін сондай ақ Тобықтыдағы Бекет ата мешітінің қайтадан қалыпты жаңғыртылуына, Құлбарақ ата, Бекбаулы ата, Шақпақ атадағы Ержан хазірет мешітінің құрылысына тағы да басқа іс-шараларға белсене қатысып, малдай және жүз мыңдаған ақша қаражатын құйды.

 

Есмырза ақсақал өнер десе қалыс қалмайды. Өзі де ескілікті өлең- жырлардың біразын жатқа біледі. 2010 жылы «Адай ата- Отпан тауда» Бекет атаның 260 жылдығы мерекеленіп, аталып өтті. Сол күні Маңғыстау өнерпаздарының үлкен концертінде есімі елге мәлім, бұлбұл көмей әнші Тамара Асар да қатысып, құйқылжыта ән шырқады. Ол әнді аяқтай бере Есмырза ақсақал саханаға жүгіре шығып, Тамараны әкелік мейіріммен сүйіп, оған ат мінгізді, бағалы сыйлықтарын тарту етті. Қолшапалақтау тасқыны көпке дейін басылмағаны бар. «Айналайын қызым, Бекет ата әруағы жар болсын!» деп ақ батасын берді.

 

Таяуда біз барып Есмырза ақсақалға сәлем бердік. Аяғы сәл қоюланып қалғаны болмаса, қимылы ширақ, шалқыма сөзі ақтарылып отыр. Өткен кеткенді әңгімеледі:

 

-Ел тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымыз мәңгілік болсын,- деп елдік әңгімесін сабақтай түсті.

 

«Біз де ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз!»- деп ақ батасын қабыл алдық.

 

Суреттер автордыкі

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему