Жаңа нәрсені үйренуге құмармын
Курс валют в Актау
на 24/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Среда,
24 Апреля, 18:04
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Жаңа нәрсені үйренуге құмармын

15 Сентября 2017 (15:04) | 3247 | Автор: Нурганым Имашева

Қазақтың алғашқы педагогы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деген екен. Расымен де, баланың бағын ашып, оның есейіп, тұлға болып қалыптасуына атсалысатын, бар білгенін үйрететін ұстаз десек, ол мектептің жүрегі екені сөзсіз.

 

 

Бірақ, ғылым мен технология сағат емес минут сайын ілгерілеп, дамыған заманында білікті әрі білімді, білгеніңді дұрыс жеткізе алатын сауатты ұстаз болу үшін не істемек керек?

 

Қалай еңбектенсек, жақсы ұстаз бола аламыз? Бұл үнемі өзгеріске ұшырап, жауабы күн сайын күрделене түсетін сұрақ. Десек те, қиын сауалдың жауабын үнсіз ғана тауып, балаларымызға жаңа заман талаптарына сай білім беріп, еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеп жүрген абзал жандар көп.

 

Біз бүгін өзі біліп қана қоймай, білгенімен бөлісе отырып, жан-жағына шуағын шашып жүретін жандардың бірі, төрт тілді еркін меңгерген үлгілі ұстаз, екі баланың анасы Тойбибі Шадкам туралы айтпақпыз.

 

Тойбибі Рысбайқызы Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үшінші жыл қатарынан химия пәнінен сабақ беріп келеді. Жалпы мұғалімдік еңбек өтілі 22 жыл. Маңғыстаудағы үздік мектепте еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз өз елінің нағыз патриоты.

 

Ол 1966 жылы Иран Ислам мемлекетінде дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, Иранның солтүстігіндегі ең мықты саналатын Гилан университетіне оқуға түседі. Химия пәнін ерекше сүйіп оқыған ол, педагогика бағытын таңдайды.

 

-Маған балалармен жұмыс істеген, олармен білгеніммен бөліскен ұнайды. Жас кезімде жаңалықтарға құмар болдым.

 Химия пәні ашылуларға толы сала. Соның барлығын зерттеп, тәжірибе өткізу, өзім үшін жаңалық ашу ұнайтын. Әлі күнге дейін солай.

 Жаңа нәрсені үйренуге құмартып жүремін. Бұл қызығушылықтан гөрі қазір заман талабы деген дұрыс шығар.

Болып жатқан өзгерістерден белгілі бір нәтиже шығарып, тұжырым айту үшін, жол көрсету үшін барлық өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болу керек,-дейді ол ізденіс жайында.

 

1990 жылы оқуды тәмәмдаған соң Тойбибі Шадкам сол жердегі мектептердің бірінде химия пәні мұғалімі ретінде еңбек етеді.

 

-Иранда туғаннан кейін парсыша оқыдым. Университеттегі материалдар парсы және ағылшын тілінде ғана болды.

 Ол жақта басқа тілдегі ресурс мүлдем жоқ. Сол себепті ағылшын тілі екінші тіліміз сияқты болып кетті. Парсы тілін өте жақсы білгендіктен ол жақта сабақ беру мүлдем қиындық тудырмады.

1995 жылы Иранға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Ол кісінің сапарынан соң Қазақстанға оралуға мүмкіндік жасалатындығы туралы хабар жетті.

 Бұл хабарды естігеннен кейін отбасымызбен туған жерге оралуға шешім қабылдадық. Сөйтіп, Ираннан атажұртқа алғаш оралған біздер болдық,-дейді Тойбибі Рысбайқызы.

 

Тойбибі ханымның сөзінше, Қазақстанға үйренісу онша қатты қиындық келтіре қоймапты. Өйткені кейіпкеріміздің ата-анасы туған жерде жүрмесе де ол туралы айтудан шаршамаған.

 

-Елге оралған соң тіл тұрғысынан аса қатты қинала қоймадық. Өйткені, әкеміз бізге кириллицадағы қазақ тілін үйреткен болатын.

Үйде жүргенде біз парсыша емес қазақ тілінде сөйлейтінбіз. Әкеміздің орнатқан ережесі еді.

Үйге «Біздің Отан», «Шалқар» сынды журналдар жиі келіп тұратын. Соларды оқып өстік. «Қайда жүрсең де өз тіліңді ұмытпа! Қазақстан сендердің Отандарың! дейтін,-деді кейіпкеріміз.

 

Қазақстанға оралғаннан кейін Тойбибі Рысбайқызы екінші баласын өмірге әкелді. Соған күтім жасап біраз уақыт еңбек демалысында отырады. Ал, 2002 жылы Ақтау қаласындағы №6 орта мектепке химия пәні мұғалімі болып орналасады. Осылайша, Отанындағы алғашқы педагогтық жолын бастайды.

 

-Алғашында қобалжып жүрдім. Оқушылар түсінбей қалады ма деп терминдерді. Бірақ ондай болмады. Маған келген оқушылар химия пәнін қызығушылықпен оқып, тез тіл табысып кеттік.

2004 жылы облыстық пәндер олимпиадасында химия пәні секциясы бойынша қатысып 3-ші орынды иелендім. Бұл ең алғашқы жетістігім еді,-дейді ол өткен күндерді еске алып.

 

Кейіпкеріміздің жаңа жұмыс орны оған тағы бір мүмкіндікті, яғни тағы бір жаңалықты әкелді. Қазақстандағы химия бойынша оқулықтардың дені орыс тілінде болғандықтан орыс тілін де меңгеруге тура келген. Қазір ол парсы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Тіпті қазір қытай тілін де меңгергісі келетіндігін айтып өтті.

 

-Қазіргі таңда Қытай өнім өндіру тұрғысында бірінші орында. Оның барлығы химиялық процесстердің нәтижесі екендігі белгілі. Егер қытай тілін білсем, балаларға берер білімім өте пайдалы болар еді. Себебі, кез келген өндіріс орнында химиялық процесстерсіз өтпейді. Жастарға да бұл бағытқа назар аударуды ұсынар едім,-дейді педагог.

 

2006 жылы жұмыс орнын №22 мектепке ауыстырады. Осында сабақ беріп жүргенінде Ақтауда Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылғалы жатқаны туралы хабар жетеді.

 

-Менің ойымша, дарынды балаларды кім дайындаса да олар жетістікке жете алады. Себебі бойдағы дарын түбі бір жарып шығады.

Ал дарыны ашылмаған, қарапайым ортада оқып жүрген баланың мықты жақтарын дамытуға күш салып, дарындыға айналдыру үшін кім жұмыс істейді?

Сол себепті, балалардың қызығушылығын, қабілеттерін оятуды дұрыс көретінмін. 2015 жылы №22 орта мектепте қызмет етіп жүргенімде маған әріптесім Бақытгүл Өмірханқызы хабарласып жолығуымызды өтінді. Әріптес болған соң ойымда ештеңе жоқ, бардым. Кейін ол зияткерлік мектепке ұстаздарды қабылдауға байқау жүріп жатқанын айтты.

 Мен әріптестерімді тастап кетуге қимадым, бірақ тест тапсырып кеттім. Ертеңінде зияткерлік мектептің қазіргі оқу ісі жөніндегі орынбасары Роман Байғазиев хабарласып «жоғары балл жинадыңыз, жұмысқа келіңіз» деп шақырды.

 Қыркүйекке дейін ойланып жүрдім де, ақыры бағымды сынап көрейін деп шештім. Зияткерлік мектепке жаңашылдыққа деген құмарлығым алып келді,-дейді ол.

 

Жаңа оқу орнында жаңартылған білім бағдарламасы бойынша білім беріп, критериалды бағалау жүйесінің өзгешеліктеріне үйренісіп, одан қалды, бала бойындағы дарынды арттырып, сыни ойлауға жетелеу Тойбибі Рысбайқызы үшін біршама жаңалық болды. Ол педагог ретінде бағдарламаның ерекшеліктері мен артықшылықтарын атап өтті.

 

-Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі химия пәнінің оқу бағдарламасы Кембридж университетінің бағдарламасымен бірлесе отырып жасалғандықтан күрделілеу.

Әр сабақта балалар тәжірибе, лабораториялық жұмыстар жасайды, зерттеулер жүргізеді. Ғылыми жобалар байқауына да қатысады.

Нәтижесінде, баланың пәнге қызығушылығы артады, өндірістегі және қарапайым химиялық процесстерді түсініп, оны емін-еркін жеткізе алады.

Пән қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өткендіктен әр түрлі ресурстарды пайдалана алады. Сондай-ақ, жетекші университеттерге оқуға түсу мүмкіндігі зор, - дейді ұстаз.

 

Тойбибі Рысбайқызы бүгінде ұлын-ұяға, қызын - қияға қондырды. Немере сүйіп, әже атанды. Әріптестерінің арасында сыйлы, жас педагогтарға білгенін айтып, үйренуден де, үйретуден де шаршамайды.

 

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші–білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – еңбекқор ұстаздардың қолында екендігін түсінетін ұстаз еңбектенуден шаршамайды.

 

Рысгүл РАМАЗАН,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хаштысы,

Ақтау қаласы.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему