Кәсіподақ ұйымының төл мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті
Курс валют в Актау
на 19/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
19 Апреля, 12:22
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Кәсіподақ ұйымының төл мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті

9 Июня 2017 (13:14) | 12640 | Автор: Нурганым Имашева

 

10 маусым - елімізде кәсіподақ ұйымдарының төл мерекесі болып бекітілген. Осы айтулы датаға орай, Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында 7 маусым күні салтанатты кеш өтті.

 

Мерекелік шараға аймақтағы барлық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ саласындағы қызметке еңбегі сіңген ардагерлер, әлеуметтік әріптестер шақырылды. Сондай-ақ жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов бастаған жергілікті билік өкілдері қатысты.

 

Сонымен қатар Астана қаласынан арнайы ат басын бұрған Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мақсатқызы Мұқашева салтанатты кештің мейманы болды.

 

 

Шара басталар алдында сұхбаттасу кезінде мерекелік жиынды ұйымдастырудың мақсаты туралы сауалға жауап берген Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Құттыбайұлы Жанабеков:

 

-Бүгінгі күні Маңғыстау облысы кәсіподақтары атынан салтанатты кешті өткізудегі мақсатымыз - 10 маусым - кәсіподақтар күні мерекесін ұлықтау. Аймақтың кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсету, кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет еткен азаматтарды кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін марапаттау, мадақтау. Сонымен қатар, кәсіподақтар күнін атап өту арқылы осы қозғалысты қоғамда кеңінен насихаттау көзделіп отыр.

 

Кеше ғана облыстық кәсіподақтар орталығында үш жақты комиссияның отырысын өткізген болатынбыз. Осы ретте облыстық әкімшілікке әлеуметтік-әріптестік бағытында көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіреміз.

 

Біздің кәсіподақтардың басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі бұл - еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындау болып табылады.

 

 

Алда қойған мақсаттарымыз зор. Осы мақсаттарымызға қол жеткізу үшін біздің тарапымыздан өскелең ұрпақты алға жетелеу үшін «Келешек» жастар қанаты құрылған болатын. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған концерттік бағдарлама осы «Келешек» жастар қанаты құрамымен дайындалды.

 

Жалпы, Маңғыстау облысы кәсіподағы орталығының қатарында бүгінде 80 мыңдай мүшеміз бар, 640 бастауыш ұйымымыз, 8 салалық кәсіподақтар ұйымымыз бар. Осылардың бәрінің басын біріктіріп отырған облыстағы үлкен қоғамдық бірлестікпіз.

 

Азаматтық қоғамның тірегі болғандықтан, мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту барысында, Елбасымыздың ұстанған сарабдал саясатымен өз тарапымыздан алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыру үрдісін жалғастырудамыз, - деп мәлімдеді.

 

Мерекелік кеш қонақтарының назарына Қазақстан кәсіподақтарының құрылу тарихына қатысты мәліметтер, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан өндіріс орындары, олардағы жұмысшылар санының өсуі, облыстағы кәсіподақ орталығының еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтап, еңбеккерлердің әлеуметтік жағынан, еңбек заңдылықтарының сақталуы бойынша қорғалуын қамтамасыз ету бағытындағы мақсат-мүдделері, өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысшылардың құқықтарын қорғау жолында атқарып жатқан жұмыстары туралы бейнефильм ұсынылды.

 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевқа сөз кезегі ұсынылғанда, ол жиынға қатысушыларды алдағы келе жатқан кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтай отырып, кәсіптік одақтардың еліміздің дамуындағы маңызды роль атқаратынын атап өтті.

 

-Бүгінде Маңғыстау облысында әртүрлі саладағы кәсіпорындардың 80 мыңнан астам қызметкерлері бар кәсіподақ ұйымдары қызмет етеді.

 

 

Кәсіподақтармен еңбекшілердің әлеуметтік экономикалық және құқықтық жағдайын, әлеуметтік кепілдіктер, жұмыспен қамту, еңбекақыны, зейнетақыны, әлеуметтік жәрдемақыны индекстеу және көтеру мәселелерін реттейтін ондаған заң жобалары ұсынылды.

 

Облыстағы кәсіподақ ұйымдарының өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қосқан үлестері зор,- деп мәлімдеді Сүйіндік Тасеменұлы.

 

Аймақтың дамуы жолында аянбай тер төккен бір топ азамат Маңғыстау облысының әкімі атынан Алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ-нің төрайымы Тарбия Баймбетова, «ОСС» ЖШС жедел өндірістік бөлімнің көлік бойынша жетекші инженері Арыстан Жамаев, «Өзенмұнайсервис» ЖШС «Қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Дулат Кошджанов, ФК "Бузачи Оперейтинг Лтд" кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Галина Мұратбаева, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы кәсіподағының төрағасы Тарғын Нысамбаев және т.б. азаматтар бар.

 

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов та салтанатты шараға жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтап, облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен бірнеше кәсіподақ белсенділерін марапаттады.

 

Қазақстандағы тұңғыш кәсіподақ ұйымы 1905 жылы Қарағандыдағы Успенск мыс кенішінде құрылған. Ал өңірдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы облыстың құрылуымен қатар 1973 жылдың қазан айында құрылған болатын. Облыстың алғашқы кәсіподақ кеңесінің төрағасы Тоқтар Шүйінішәлиев болды.

 

Құрылғанына 43 жыл толған қазіргі Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының жұмысшылар өміріндегі маңызы зор. Кәсіподақ ұйымы қатарында өңірдегі «МаңғыстауМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз», «МАЭК-Казатомпром» сынды ірі кәсіпорындардың локалды кәсіподақ ұйымдары бар. Орталық кәсіпорын кәсіподақ ұйымдарынын жұмысын бір арнаға шоғырландырып, жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауды, еркіндіктері мен бостандықтарын қамтамасыз етуді өзіне міндет еткен. Яғни, жалақының уақытылы берілмеуі, жұмыс берушімен арадағы дауларды түсіністікпен шешу кәсіподақтарға жүктелген міндет.

 

 

Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жаңабеков мерекелік шараға жиналғандарға құттықтау сөздері мен ізгі тілектерін арнап, кәсіподақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін «Өзенмұнайгаз» АҚ технологиялық траспорт басқармасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Жанболат Кыдырғалиев және т.б. кәсіподақ белсенділері кеудесіне тақты.

 

Сонымен қатар Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Мейіржан Тұманов, «Oil Services Company» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Абай Бекбосынов және «Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қуаныш Сисенбаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет Грамотасымен марапатталды.

 

Сондай-ақ өңірлік кәсіподақ ұйымының бастау алған күнінен бері ұзақ жылдар бойы кәсіподаққа мінсіз қызмет еткен ардагерлерге облыс кәсіподақтары атынан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

75 жастағы ардагер-мұнайшы, Социалистік Еңбек Ері Масатов Санатбай ақсақал 1961 жылдың шілдесінде Жетібай кенорнында тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған шақта қарапайым жұмысшылар қатарында алғашқылардың сапында болған. 1973 жылы облыста бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған кезде Санатбай аға «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ мұнайшыларының кәсіподақ ұйымын басқарған. Сол қызметінде 35 жылға жуық еңбек етіп, 2015 жылы зейнеткерлікке шыққан.

 

Жиында сөз кезегі ұсынылғанда Санатбай Масатұлы:

 

-Халқымызда «Елемесе – ер жетім» деген қанатты сөз бар. Зейнеткерліктегі біздің еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан облыстық кәсіподақ орталығының басшыларына алғыс айтамын.

 

Бүгінгі мерекелерің құтты болсын. Бұл мереке – қарапайым еңбеккерлердің, жұмысшылардың мерекесі, өйткені қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағынан толық қамтылып, еңбек құқықтарының сақталуы - оның алаңсыз жұмысын істеуінің, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі. Жұмысшылардың осы игіліктерге ие болуына әрбір ұжымдағы кәсіподақ ұйымы мүдделі. Сондықтан кәсіподақ ұйымының жұмысы дұрыс бағалануы тиіс,-деген пікірін білдірді.

 

 

Салтанатты жиын барысында «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының және Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы орталық кеңесінің және, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасы» және Алғыс хаттарымен біраз кәсіподақ белсенділері марапатталды.

 

Бұдан соң шара кәсіподақ ұйымы мүшелерінің кеш меймандарына арнап, өз өнерлерін ортаға салған мерекелік концертіне ұласты. Әуезді ән мен мың бұралған биді тамашалаған жиын қонақтарының мерекелік көңіл күйі шалқи түсті. Салтанатты шара аяқталған соң құрметті меймандар арнайы жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему