Атақты айлакер қылмыскерлер
Курс валют в Актау
на 28/03/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
28 Марта, 18:04
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Атақты айлакер қылмыскерлер

5 Апреля 2017 (15:05) | 2887 | Автор: Мира Ботабекова

 

Талайларды тақырға отырғызып, сан соқтырып кететін алаяқтар жайлы әңгімелесек. «Жұмыртқадан жүн қырқатын» қулар қай елде болсын кездеседі. Капиталистік ортаны айтпағанда, тіпті адамгершілік ұстанымдарды ұлықтаған кеңестік қоғамда да алаяқтар аз кездеспеген екен. Біздің еліміздің құқық қорғаушылары да алаяқтықтың небір түрін әшкерелеп жүр. Бірақ оның тамырына балта шауып, түбірімен жоқ қылу мүмкін еместігі де рас.

Әлемдік тарихта алаяқтығымен атын шығарған адамдар өте көп. Солардың ішінде Виктор Люстигтің (1890 - 1947) есімі ерекше аталады. Қазіргі Чехия жерінде дүниеге келген ол алаяқтардың ішіндегі ең айлакері саналады. Оның бір ғана Эйфель мұнарасын сатып жіберуінің өзі сөзімізге дәлел бола алады. Люстиг өмір бойы алаяқтықпен айналысып өт­кен. Бес бірдей тілде еркін сөйлеген оның 45-тен астам бүркеншік аты болыпты. Басқа елдерді есептемегенде, АҚШ-тың өзінде тәртіп сақшыла­ры Люстигтің қолына 50 рет кісен салған. Бірақ заң орындары атақты алаяқтың кінәсін мойнына қоя алмай, үнемі бостандыққа шығаруға мәжбүр болған. Ал енді оның Эйфель мұнарасын қалай сатқанына кел­сек, Францияның бойтұмары іспеттес әйгілі мұнараны ол 1925 жылдың мамыр айында сатып жіберіпті. Бірде Люстиг француз газеттерінің бірінен Эйфель мұнарасының жөндеуді қажет етіп тұрғанын оқып қалады. Ол дереу осы сәтті пайдаланып қалмақ болып, жоспар құрады. Айласы басынан асатын алаяқ жалған сенім қағазын әзірлеп, өзін Почта және телеграф министрінің орынбасары етіп көрсетеді. Одан соң қара темір қабылдайтын бірнеше алпауыт бизнесменге ресми хат жолдайды. Күтпеген ұсынысқа аң-таң болған кәсіпкерлерді Люстиг аса қымбат қонақүйде қабылдап, мұнараны жөндеу мемлекет үшін өте қымбатқа түсетінін, сол себепті үкімет оны бұзып, жұрттың наразылығын тудырмас үшін жабық түрдегі аукцион арқылы темірге өткізбек екенін хабарлайды. Ол бизнес өкілдерін операцияны құпия ұстауға көндіреді. Біраз уақыттан кейін Люстиг чемодан толы ақшамен Венаға тайып тұрады. Айлакер Люс­тиг мұнараны бұзу құқығын Андре Пуассон деген кәсіпкерге сатып кетеді. Әрине, сан соғып қалған Пуассон ақымақтығын жасырып қалмақ болып, полицияға шағым түсірмейді. Алайда дәндеп қалған Люстиг арада біршама уақыт өткенде мұнараны тағы бір рет сатып көрмекке бел буады. Бірақ ол туралы ақпарат Пуассонға жетіп, кәсіпкер заң қызметкерлеріне шағым түсіреді. Қауіп төнгенін түсіне қойған Люстиг дереу АҚШ-қа қашып үлгереді. Ол жақта да тыныш жүрмеген алаяқ жалған доллар жасап, банктер мен жеке тұлғаларды тақырға отырғызды. Ақыры 1935 жылдың желтоқсан айында ол тұтқындалып, 15 жылға сотталады. Сәл кейінірек түрмеден қашпақ болып, жаза мерзіміне тағы бес жыл қосылады. Эйфель мұнарасын сатқан алаяқ 1947 жылы Сан-Франциско маңындағы атақты Алькатрас түрмесінде өкпе қабынуынан қайтыс болады.

Фрэнк Абегнейл (1948 жылы дүниеге келген) деген америкалық алаяқ та тапқырлығымен дараланғандардың бірі. Ол небәрі 17 жасында өте ірі көлемде банк тонайды. Жалған банк чектері арқылы Абегнейл бес миллион долларға жуық ақша жымқырады. Сондай-ақ ол жалған құжат жа­сап, әлем бойынша сансыз көп әуесаяхат жасаған екен. Ал кейінірек Абегнейл алаяқтықпен Джорджиядағы ауруханалардың бірінде педиатр болып қызмет етеді және Гарвард университетінің дипломын қолдан жасап, Луизиана штатындағы бас прокурордың кеңсесіне қызметке тұрады. Бес жылдың көлемінде ол 8-ге жуық мамандық ауыстырады. Осы аралықта жалған чектер жасауын да тоқтатқан емес. Соның кесірінен 26 елдегі көптеген банктер шығынға батқан екен. Ал «әдемі» өмір сүргенді қалайтын Абегнейл жеңіл жолмен келген ақшаны қымбат мейрамханалар мен сәнді киімдерге, қыз-қырқынмен көңіл көтеруге жұмсап келген. Оның өмірі атақты режиссер Стивен Спилбергтің «Қолыңнан келсе, мені ұстап көр» фильміне арқау болады. Бұл шығармадағы басты рөлді Леонардо Ди Каприо сомдайды. Абегнейл 1969 жылы Францияда қолға түседі. АҚШ-қа экстрадиция жасалғаннан кейін ол 12 жылға бас бостандығынан айырылады. Алайда көп ұзамай, айналымда жүрген жалған чектер мен ақшаны ажырату мен әзірлеуге байланысты көмек беруге көнгесін ол еркіндікке шығарылады. Қазіргі уақытта ол ФБР-дің академиясында дәріс оқып, түрлі корпорациялар мен әртүрлі мемлекеттердің ресми мекемелеріне кеңес берумен де айналысады.

2001 жылы Канаданың тәртіп сақшылары ұлты француз Кристофер Роканкурт деген алаяқты кісендеді. 1967 жылы дүниеге келген бұл азамат атақты адамдардың атын жамылып, талайларды қапы қалдырған. Бірінші кезекте өзін Билл Клинтонның досы және әйгілі миллиардерлер отбасы Рокфеллердің ұрпағы ретінде таныстыратын Роканкурт байлардың 40 миллионға жуық долларын айламен қалтаға басқанын мойындайды. Адам­дардың сеніміне оңай кіре алатын ол, сән әлемінің өкілі Мария Пиа Райеспен некеге тұрып, жұбайымен бірге де ауқатты адамдарды қақпанға түсіріп отырған. Алаяқ, тіпті басылым беттеріне де ұдайы шығып, өзін Кристофер Рокфеллер деп таныстырып жүрген. Шындығында, оның ше­шесі жезөкше, әкесі маскүнем болған, өзі бес жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Роканкурт жүрген жерінде адамдарды біресе халықаралық деңгейдегі автошабандозбын, біресе бокс шеберімін, атақты кинопродюсермін деп алдағанды ұнатқан. 

Сол сияқты Фердинанд Демара (1921 - 1982) деген алаяқ та түрлі адамдардың кейпіне еніп, әртүрлі кәсіп иесін сомдағанға әуес болған екен. Бірде монах, бірде хирург, енді бірде түрме бастығымын деп адам­дарды алдаған ол, бір қызығы - материалдық тұрғыда ешқашан пайда көздемеген. 1941 жылы Демара АҚШ әскерінің қатарына алынады. Әпенді-алаяқ сол кезде досының атын жамылып, отан қорғайды. Кино саласының мамандары Демара туралы да қызықты фильм түсіріп, әжеп­тәуір пайда тапты. Ол жайлы кітап жазғандар да болды.

Өткен ғасырдың 90-жылдары немістің Милли Ванилли эстрадалық жұбы атақты «Грэмми» жүлдесін жеңіп алады. Бірақ кейінірек мәлім болға­нындай, әншілер өздерінің емес, бөтен адамдардың дауысын пайдаланып ән жазған екен. Дау-дамайдан кейін Милли Ванилли жұбы мәртебелі жүлдені байқауды ұйымдастырушыларға қайтарып беруге мәжбүр болды. Ал осыдан соң қос әншінің де өмірде жолдары оңғарылмады. Роб Пилатус 1998 жылы есірткі мен ішімдіктің кесірінен көз жұмды, ал Фабрис Морван музыкалық ғұмырын жалғастыруға тырыс­қанымен еш нәтиже шығара алмады.

Әрине, бұлардың бәрі де «Ғасыр алаяқтығы» деп айдар тағылған қаржылық пирамиданың қасында түкке тұрғысыз. Адамдардың тағдырын ойыншыққа айналдырған қаржылық пирамиданың басты «қаһарманы» - Бернард Медофф. Ол 25 жыл бойы ірі компанияларды сазға отырғызып, ауадан ақша жасауға негізделген қаржылық жүйені өмірге әкелді. Бұған дейін адамзат баласының ойына келмеген жүйе осылайша пайда болды және әлі күнге дейін түрлі сипатта көрініс беріп отыр. Медоффтың алаяқтығынан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адамдар да жеткілікті еді. Бейсбол спортының майталманы, «Нью-Йорк Метс» командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер - Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар, т.б әйгілі жұлдыздар Медоффтың құрбандығына айналды. Францияның, Голландияның, Жапонияның ірі банктері де Медофф құрған торға шырмалып қалды. Сотта оның құрбандықтарының ұзын-саны 160-қа жеткен екен! Медоффтың инвесторлары барлығы 65 миллиард АҚШ доллары көлемінде зардап шегіпті. Жазасын жеңілдету мақсатында өзіне тағылған барлық айыпты мойнына алғанымен Медоффты заң орындаушылар аяған жоқ. Ол айыптаушы жақ талап еткендей, 150 жылға сотталды. АҚШ соты Денни Чин осы процесс барысында Медоффтың алдауына түсіп қалған жүзден астам адамнан хат-хабарлама алғанын мәлімдеді. Онда адамдар өздерінің қандай азапты күндерді бастан өткер­гендерін зар илеп жеткізген екен. Олар Медоффты «Айуан», «Оңбаған», «Құбыжық», «Жан алғыш», т.б деп атаған. Сондай құрбандардың бірі, Медоффқа 1,4 миллиард долларын сеніп берген француз инвестқорының иесі Рене-Тьерри Магон де Ла Вильяше алданғанын білген сәтте өз кеңсесінде тамырын кесіп, бақиға аттанған екен.

Иә, адамдардың көз жасы жібермейді деген рас. Ауадан ақша жасап, әлемді жалпағынан баспақ болған Медофф та лайықты жазасын алды. Де­генмен әлі күнге дейін заңның құрығына ілінбей жүрген алаяқтар қаншама...

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему